Биыл елімізде «Бизнес-омбудсмен» институтының құрылғанына 2 жыл толады. Оның қызметін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы үйлестіреді, ал өңірлерде арнайы өкілдіктері бар. Омбудсмендік қызмет өңірімізде қалай жүзеге асырылуда?
Бұл тұрғыда өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Сыдықов былай дейді: – Бұл – еліміздегі жаңа институт. Осынау мәртебелі һәм өзіндік өкілеттілікке ие құрылымның қызметі отандық бизнестің жүйелілігі мәселелерімен, шенеуніктердің өктемдігімен және кәсіпкерлікке қатысты заңнамалардың жетілдірілмеген тұстарымен тиімді күресуге мүмкіндік береді. Мұның алдында Қазақстанда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтің біздің өңірімізге келген сапарында облыс әкімімен кездесіп, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік нысандары басшылары қатысуымен кәсіпкерлердің көкейкесті мәселелері талқыланған жиын өткізгені де есте. Соның нәтижесінде ҰКП департаменті директорлары кәсіпкерлерді қабылдап, ой, ұсыныстарын тыңдап, кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырды. Иә, айтса айтқандай, бизнес-омбудсмен секторының аппараты көтерген мәселелер оң шешімін де тапты десе де болады. Мысалы, облысымыздағы «Ұмтыл» шаруа қожалығына мемлекеттік субсидия төленді, Амантай Досмұханбетұлы жеке кәсіпкерлігіне банктің кепіліндегі мүлікті босатуға көмек көрсетілді. Осы орайда, «Пико» ЖШС директоры Анатолий Пак кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен жеке кездесуі барысында құрылыс павильондарына арналған жер телімдерінің жалға берілуі мерзімін ұзарту жөніндегі ұсынысын жеткізген болатын. Мәселе 2015 жылдың шілде айында қала әкімдігінің жер қатынастары бөлімі мұндай жер телімін жалға беру мерзімін ұзартудан бас тартып, 30 күн ішінде павильондарды бұзу туралы хабарлама жолдаған болатын. Бірақ көп уақыт бұрын сауда орындары салынып қойды. Кәсіпкердің бұлай әрекет ету себебі, қолында жер комиссиясының қорытындысы бар. Алайда аталған ЖШС жетекшісі мен әкімдік арасында құқықтың мәртебесін белгілейтін құжаттардың рәсімделмеуі осындай шешім жасалуына себеп болған. Әр сатыларда кедергілер басталған соң, нәтижесінде іс насырға шауып, сотқа дейін жетті. Бұл іске бизнес-омбудсмен секторы араласып, серіктестіктің мүддесін қорғауды бастады. Жағдай сараптамалық сатыдан өтіп, мемлекеттік органдарға хаттар мен өтініштер әзірленді, талап-арыздардың жобасы дайындалды. Бірқатар сот үдерістерінен кейін облыстық мамандандырылған экономикалық сотының шешімімен 2017 жылдың наурыз айында «ПИКО» ЖШС-на қатысты жанжалды қаулы заңсыз деп танылды. Бүгінде серіктестік қалалық жер комиссиясының 6 жылға жалға беру мерзімін ұзарту туралы оң қорытындысына қол жеткізіп отыр. Қарымы мол, қауқары зор институт осылайша тараздық кәсіпкерге сын сәтінде көмекке келіп үлгерді. Айту кету керек, өткен жылы палата қызметкерлерінің араласуымен кәсіпкерлер тарапынан түскен осындай 54 өтініш оң шешімін тапты.
Ақбота БАТЫРБЕКОВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді