«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әулиеата агломерациясы қалай қалыптаспақ?

Әулиеата агломерациясы  қалай қалыптаспақ?
ашық дереккөз
Әулиеата агломерациясы қалай қалыптаспақ?

Агломерация – бір (моно-орталықты) немесе бірнеше (көпорталықты) орталық қалалардың айналасына жақын орналасқан, өзара тұрақты өндірістік, мәдени-тұрмыстық және өзге байланыстармен біріккен, сондай-ақ аумақтық бірігу үрдісі бар елді мекендердің урбанизациялық топталуы. Бұл – урбандалу үдерістерінің бірі және негізінен индустриялық аймақтарға ғана тән құбылыс. Агломерация өнеркәсіп өндірісі мен еңбек ресурсының аумақтық шоғырлануын сипаттайды, яғни мұнда өнеркәсіп, инфрақұрылым, ғылым және білім беру ісінің салалары қатар дамиды, соған байланысты халық тығыз қоныстанады. Агломерация өзінің төңірегіндегі аймақтың экономикалық және әлеуметтік жағынан өркендеуіне үлкен ықпалын тигізеді.

Ал енді осыны өңіріміздегі үлкен, кіші және моноқалалар маңындағы жағдайға қатысты саралап көрейікші. Не істеп, не қойдық? Агломерация урбанизацияны азайта ала ма? Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында санатталған, «екінші деңгейдегі» қалаларды (облыс орталықтарын, Семей және Түркістан қалаларын) дамыту қай бағытта жүзеге асуда? Оған біздің Тараз қаласы да кіреді ғой... Сауал көп-ақ, жауап тапшы. Рас, қазір елімізде агломерация орталықтарын дамыту пәрменді жүріп жатыр. Ғалымдардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай Қазақстан қалаларында ел тұрғындарының 70 пайыздан астамы өмір сүріп, жұмыс жасайтын болады. Кейбір үлкен мегаполистер халқының санын екі миллионға жеткізу межеленуде. Алдағы уақытта ірі агломерациялар Ақтауда, Қарағандыда және Өскеменде пайда болуы мүмкін екендігі болжамдалып отыр. Яғни Астанаға, Алматыға, Шымкент пен Ақтөбеге қатысты қолданылатын тәжірибелер осы аталған өңірлерде де пайдаланылады деп күтілуде. Ал Таразды бұл шоғырдан да көріп тұрған жоқпыз. Дей тұрғанмен, өңірлік даму министрлігі әзірлеп жатқан бірыңғай бағдарлама – агломерацияларды дамыту стратегиясын жасап шығаруды да көздейтіні дәтке қуат, әзірге. Осы шоғырдан қылаң беріп қалармыз... Жалпы өңіріміз индустрияландыру, қазба кен байлығын игеру ісінен, басқасынан болсын еліміздің ірі агломерациялары шоғырына енуге сұранып-ақ тұр емес пе?! Мұндай ұзақ мерзімді болжамның жүзеге асуына алғышарттар да жоқ емес. Ірі кәсіпорынды немесе бір саланы тірек еткен шағын қалалардың дамуы – өз алдына бөлек мәселе. Қалалар бір-бірімен білікті жұмыс күші мен әлеуетті инвесторлар үшін әлемдік бәсекелестікке түсіп кетті, өйткені қала қазіргі заманғы әлемде инновация аймағындағы өзіндік мүддесі бар біртұтас ағза болып отыр. Жергілікті тұрғындар үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған жаңа зауыттар мен ірі кәсіпорындарға ондап, жүздеп, мыңдап жұмысқа тартылып та жатыр. Айтпақшы, шулықтар мен мойынқұмдықтар ірі өндіріс орындары ашылуымен көшпей, қонбай, өз ауылдарында түтіндерін түзу өруіне мүмкіндік алды. Бірақ бұл үрдіс өте баяу жүруде. Химиялық кластер құрылуы дақпыртымен алысқа аты кеткен «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының біраз жылдардан бері қыруар инвестициялық қаржы құйылғанына қарамастан, «өлі нүктеден» жылжыр түрі жоқ. Жылдамдатылған экономикалық жаңартусыз үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасын мүлтік-сіз жүзеге асыру да мүмкін емес. Жалпы, болашақта Елбасы тапсыр-масына сай Шымкент агломерациясы құрылатынын ескерсек, бұл істі бізде де жандандырудың қала, дала халқы үшін де қажеттігі айқын аңғарылады. Аймақтардағы белгілі бір өндіріс түрлерін тірек еткен қалалар үшін де, орталықтағы шаңқан шаһарлар үшін де атауы әрқалай болғанмен, көтерер жүгі ортақ бір мәселе бар. Ол – агломерация бағыты мен урбандалу жайы. Уақытша тіркеу бойынша Қазақстандағы ішкі миграцияның есебі 700 мыңға жуық адамды құраған екен. Яғни осыншама адам туған ауылынан қоныс аударып, негізінен қала жағалауға мәжбүр болуда. Бұл – агломерация үдерісі урбандалудың шаңына көміліп жатыр деген сөз. Осы жағдай еңбек нарығындағы тепе-теңдіктің бұзылуына да әкеліп соғып отыр. Әсіресе, ауылдық жерлердегі белгілі бір кәсіпке машықтанған азаматтардың жұмысын тастап кетуінен шаруашылықтар зардап шегетіні белгілі. Қазір олар малшы, диқан, механизаторлардың өзіне ділгір. Осындай ілкімді істерді тындырудың орнына көп азаматтарымыз базарларда арба сүйрегенді артық көретіні де түсініксіздеу. Олардың қаладағы жағдайлары кісі қызығарлықтай болса, бір сәрі. Жалпы, қала мен ауылдың қанаттасып дамуының мысалымен біз күнбе-күн дерлік беттесудеміз. Агломерациялық ағзаның қантамыр бүлкілі сынды күрежолдарда күн-түн тынымсыз ағылған жолаушылар легінің өзі мұның айқын айғағындай. Шамамен әр ауылдан күн сайын 20-30 такси Таразға келіп қайтады. Сонда шамамен қалаға күнделікті сырттан бірнеше мыңдаған ауыл тұрғыны келеді. Олардың арасында кәсіпорындар мен базарлар көптеп шоғырланған шаһарға арба айдап, сауда-саттық жасап, нәпақа табу үшін, қатынап жұмыс жасау үшін, жоқ-жітігін түгендеу үшін келетіндер де бар. Әлбетте, әзірге екі аралықтағы қатынас жолының сапалы һәм жайлы болуының маңызы зор болып тұр. Агломерацияның мақсаты да осы алыс түкпірдегі ауыл тұрғындарының өнімсіз шығындарының орнын толтыру, оларды белгілі бір өндірісі дамыған аймақтарға, тірек қалалар маңына молынан шоғырландыру ғой! Бүгінде өңіріміздегі Жаңатас, Қаратау, Шу секілді моно және кіші қалалардың ішінара индустрияландырылуы есебінен бірқатар аудандардың өнеркәсіп өндірісінің көлемінің аздап та болса өсуі бар. Бүгінде Тараз қаласы халқының саны 356 812 адамға енді жеткенін ескерсек, жалпы көрсеткіш тоқсаныншы жылдардағы күйіне жетеқабылдау. Мұны статистика мамандары сол тұста орын алған сыртқы және ішкі көші-қон салдарынан ойсырай кеміген қала халқы санының қайта қалпына келе бастауымен түсіндіреді. Шын мәнінде одан бері бірнеше жаңа шағын аудандардың пайда болуының да тараздықтар қатарының еселеп көбеюіне әсерін тигізбеуі ойландырады. Оны айтасыз, тараздық тұрғындар санының өсу орнына кемуі құбылысы байқалуда екен. Шаһарда ғылыми сыйымдылығы мол салалар қалыптасып, технополистер құрылып, қалыптаспауынан да болар, сірә. Ал осы қаламен қанаттас даму үстіндегі Жамбыл, Қордай, Т.Рысқұлов сынды аудандар халқының күн көріс деңгейі тараздықтарға қарағанда біршама артуы нені көрсетеді? Облыс халқының саны бүгінде 1 миллион 117,1 мың адамды, оның ішінде қалалықтар 444,7 мың, ауылдықтар 672, 4 мың адамды құрап отырғанын, ауыл мен қала халқының тонның ішкі бауындай араласуы үшін көлік логистикалық жағдайдың бәрі де қарастырылғанын ескерсек, өңірде агломерациялық құрылымның қазір де реттелмеген айналымдық жүйесі қалыптасып үлгергендігін аңғару қиын емес. Яғни асыраушы сала ауыл мен өндірісті қаланың бірінсіз бірінің күні жоқ. Ал өндіріс өнеркәсібін, жоғарыда атап өткеніміздей, ауылдық елді мекендерде де қалыптастырып, дамытуға бізде зор мүмкіндіктер бар.

Ұқсас жаңалықтар