Облыс әкімі Асқар Мырзахметов және Қазақстан Республикасы Президенті аппараты Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов қатысқан есеп беру жиынында Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет негізінен қол жеткізген жетістіктерді жиып-теріп, жіпке тізгендей баяндап шықты. 2017 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алға қойған міндеттерімен бөліскен шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, жыл ішінде іске асырылған ілкімді істер аз емес.
Мәселен, өткен жылы қала кәсіпорындары 229,7 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Қаладағы 18 ірі кәсіпорынның шығарған өнімінің өзі жалпы 199,9 миллиард теңгені, яғни 87 пайызды құраған. Ал шағын және орта бизнес кәсіпорындары берген өнімнің құны 29,8 миллиард теңгеге жеткен. Атап айтқанда, «Alina Taraz Pro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3 миллиард 900 миллион теңгеге қуаттылығы жылына 140 мың тоннаны құрайтын құрғақ құрылыс қоспаларын және гипс өндіретін зауыттар кешенінің құрылысын жүргізіп, 65 адамды жұмыспен қамтыған. Сондай-ақ 23 адамға жұмыс тауып берген «Goodlook» кәсіпорны мал азығын өндіретін автоматтандырылған кешенін іске қосса, «Жаңабекова» кондитер фабрикасы құрылысының 1-кезеңін аяқтап, 70 тұрғынның табыс табуына жәрдемдескен. Былтыр «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдаудың және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жалпы құны 7,8 миллиард теңгенің 97 жобасы аймақтық үйлестіру кеңесінде мақұлданып, қаржыландыру жолдары қарастырылған екен. Биыл осы жобалар іске қосылса қосымша 453 жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде. Өткен жылы құрылыс жұмыстарына 38,4 миллиард теңге жұмсалып, 192,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Қысқасы жоспар 148,2 пайызға орындалыпты. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 62,6 мың шаршы метрге артық. Сонымен қатар өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 тұрғын үйдегі 955 пәтердің кілттері тапсырылған.
Жалпы Рүстем Рысбайұлының сөзіне сүйенсек, барлық салада ілгерілеу бар. Өткен жылы қалада 7473 қылмыстық іс тіркелсе, ашылуы 5,5 пайызға артқан. Дегенмен ұрлық өршімесе, азаймаған. Ол жалпы қылмыстың 63,8 пайызын құрайды. Әйтеуір кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылық 15,2 пайызға төмендепті. Жоспарлы шаралардың жүзеге асқаны жақсы-ақ, бірақ тұрғындарды алаңдатқан мәселелер өз шешімін таппай келеді. Мәселен былтыр жыл қорытындысы бойынша өткен есепті жиында 54 мәселе бақылауға алынса, бүгінде соның 26-ы ғана өз шешімін тапқан. Дегенмен қала басшысы тараздықтардың барлық өтініші алдағы уақытта шешімін табатынына сендірді. Алда тұрған міндеттерге де тоқталды. Рүстем Дәулеттің айтуынша, биыл жалпы өндірілген өнім көлемін 104 пайызға орындап, шағын орта бизнестің үлесін 16,2 пайызға дейін жеткізу жоспарланған көрінеді. Осы жылы қаланың жасыл белдеуін 80 гектарға ұлғайтып, 4025 қылқан жапырақты, 247 басқа да ағаш түрлерін отырғызу көзделуде. Сондай-ақ үстіміздегі жылы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақты, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын, Ы.Сүлейменов көшесінің бойындағы «Атшабар» және темір жол вокзалы алдындағы скверлерді қайта жаңғырту жұмыстары бірінші кезекте қолға алынбақшы. Есеп беру жиыны жарыссөзге келгенде қыза түсетіні белгілі. Кездесуде ардагер Алдаберді Мақашев Тектұрмас зираты маңындағы иттерді көметін орынды басқа жаққа ауыстыруды өтінсе, қала тұрғыны Оңласын Қаңлыбаев Тәуке хан көшесі бойындағы «24 сағат» дүкенінің жанынан аялдама, жаяу жүргіншілер жолы салынып, кәріз жүйесін жөнге келтірілсе деп ұсыныс айтты. Шаһар тұрғыны Ольга Михайловна өзі тұратын көп қабатты үйде ыстық су жоғын жеткізсе, Ақнұр Сәрсенбек қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесіне 8 айдан бері директор тағайындалмай отырғанының себебін сұрады. Қалалық мәслихат депутаты Серікбол Берікқожа Қ.Рысқұлбеков саябағын Жастар демалыс орны ретінде қайта жаңғыртуды әрі солай атауды ұсынып, орталықтан «Жастар сарайы» салынса деген тілегін білдірді. Ардагер Жақсылық Сыдықов «Шалғай Қарасу» алқабына жаңа мектеп пен балабақша қажет екенін еске салды.
Өткен жылы қалада 7473 қылмыстық іс тіркелсе, ашылуы 5,5 пайызға артқан. Дегенмен ұрлық өршімесе, азаймаған. Ол жалпы қылмыстың 63,8 пайызын құрайды. Әйтеуір кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылық 15,2 пайызға төмендепті.
Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов қорытындылап, есепті баяндамада айтылған жетістіктерге тоқталып, көпшілік назарын өзекті жайттарға аударды. – Қаладағы қордаланған мәселелерді екі бөліп қарастыру керек. Соның біріншісі – қала экономикасын дамытуға қатысты. Қазіргі таңда Таразда 41 өндірістік база бос тұр, 54 кәсіпорынның жұмысы мүлдем тоқтаған. Жұмыс істеп тұрғандарының қуаттылығы өте төмен. Қала бюджетінің 10,8 миллиард теңге екенін естідіңіздер. Экономиканы ілгерілету үшін ойланатын кез келді. Алдымен әр кәсіпорынның төлқұжатын жасауымыз қажет. Кім қандай міндетті жүзеге асырады? Соны нақтылап алған жөн. Екінші мәселе – жұмыссыздық. Тұрғындар көптеген жайтты қозғады, қордаланған мәселелердің аз емес екенін осыдан байқауға болады. Көпшіліктің айтқан ұсыныстары ойландырады, бірақ қаланың мүмкіндігіне де қарауымыз керек. Сондықтан қала әкімдігіне тиісті тапсырмалар беріп, меже қойып жатырмыз. Мәселен, «Жасыл ел» мекемесінде 350 адам жұмыс істегенімен, ондағы техникалар тозған. Қалың қарды тазалайтын техника жоқ. Олар «Жыл сайын қалың қар жаумайды» деген уәж айтады. Тым болмаса, қаладағы техникасы бар кәсіпорындармен келісімшартқа отырып, қыс жағдайына бульдозерлерді дайындауға мүмкіндік бар еді ғой. Сіздердің қоқыс тазалау, аялдама салу, жаяу жүргіншілер жолына қатысты көтерген мәселелеріңіз өте орынды. Мектеп пен балабақша керектігін де айтып жатырсыздар. Қазіргі таңда оларға өте қымбат баға қойылып тұр. Мәселен, 80 орындық мектепке 620 миллион теңге керек дейді. Бюджетті қайта қарау қажеттілігінің туындап отырғаны да осыдан. Ондай қаражатқа бір емес, 2-3 мектеп салуға болады ғой. Қазір қаржыны жеткізу, үнемдеу жағын ойластырып отырмыз. Бұдан бөлек бағдаршамдарды, жол белгілерін, жаяу жүргіншілер жолағын ретке келтіруге тиіспіз. Қалада 48 бағыт бойынша 468 автобус және шағын автобустар жолаушыларды тасымалдайды. Бізге солардың 15 пайызы ғана ескі деген мәлімет берілген. Бірақ көшеде екі автобустың бірі көк түтін будақтатып жүретінін бәріміз білеміз. Қаладағы жабайы базарларды ретке келтіруіміз қажет. Бұл сол жерде нәпақа тауып отырғандарды қуып жіберу керек деген сөз емес. Олар да нәпақасын табатындай, қаланың көркін бұзбайтындай жағдайды қарастырайық. «Жастар сарайы» салынса деген мәселе дұрыс көтерілді. Ал Қ.Рысқұлбеков саябағының атауын өзгерту маңызды емес, оның талапқа сай көркейтілгені жөн. Бұл жерге келгендер Қайрат Рысқұлбековтің кім болғанынан хабардар болуы тиіс. Облыс орталығындағы саябақтар мен скверлер биылдан қалдырмай ретке келтірілгені дұрыс. Мұны созуға болмайды. Саябақтардың көркеюі, жандануы қаланың ғана емес, облыстың да келбетін жақсартады. Апта сайын менің төрағалығыммен Тараз қалалық кеңесінің отырысы өтуде. Аталған мәселелерді сол кеңесте де қарайтын боламыз. Біздің тараптан барлық мүмкіндіктер жасалады. Қалалық қоғамдық кеңес, депутаттар, жастар ұйымдары өз жұмыстарына белсенді болса, шешілмейтін мәселе жоқ, – деді Асқар Исабекұлы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді