«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алма өсіруді Қытайдан емес, Қалманбетовтен үйрен

Алма өсіруді Қытайдан емес,  Қалманбетовтен үйрен
ашық дереккөз
Алма өсіруді Қытайдан емес, Қалманбетовтен үйрен

 width=Қазақстан – ұлан-байтақ жері бар аграрлы ел. Соған қарамастан, жемістің дені шет мемлекеттерден жеткізіледі. Деректерге сүйенсек, елімізге Қытайдан ғана жылына 300 мың тоннадан астам алма импортталады екен. Ал облысымыздың бір жылғы қажеттілігі – 14 600 тонна. Алайда жиналған өнім 10 мың тоннадан аспайды. Елбасы елімізді құнарлы тағаммен қамтамасыз ету үшін оңтүстік өңірлерде жеміс-көкөніс кластерін құруға тапсырма берген болатын. Президент үстіміздегі жылғы Жолдауында да агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру міндетін қойды. Кейінгі кезде бұл бағытта облысымызда бірқатар шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Жемісті жаңа технологиямен өсірушілер қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – аудандағы Меркі ауылының тұрғыны, «Совет» шаруа қожалығының жетекшісі Совет Қалманбетов. Ол ауылдық округ аумағындағы тау бөктеріндегі жайылымдықтан 20 гектар жер алып, оған алма өсіру үшін әуелі жерді тегістеп, органикалық және минералдық тыңайтқышпен құнарландырды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалынан жеңілдікпен 30 миллион теңге несие алды. Түркияның «Рубару групп» компаниясымен келісімшарт жасап, сол жақтан көшеттер әкеліп отырғызды. Олар қатаң агротехникалық талаптарға сай орналастырылған. Әр қатардағы бес көшеттен кейін бетон тіреу орнатылып, оларға арнайы жіп тартылды. Бұл өсімдіктерді қатты дауылдан және жемістері үлкейген кезде бұтақтарының сынып қалуынан қорғайды. 2015 жылы осы жұмыстар аяқталған соң баудың сырты қоршалды. Бау тамшылатып суару әдісімен ылғалдандырылады. Мұның өзі су үнемдеумен қатар олардың уақтылы әрі қанып ішуіне мүмкіндік беруде. Түркия мен оңтүстік өңірдің ауа райы ұқсас. Сондықтан да ол жақтан әкелінген «Голден Делишес», «Старкрымсон» және «Айдаред» сұрыптары жерсініп, жақсы өсіп жетілді. Қожалық жетекшісі бауда жұмыс істеуге бір агроном, үш механизатор және сегіз жұмысшы тартты. Олар ақпан айынан бастап өсімдіктерді бұтауға кіріседі. Бау көктемде бір, жазда екі рет зиянкес жәндіктерге қарсы химиялық өңдеуден өткізіледі. Көктемде түбі қопсытылып, әктеледі. Ылғалдан да кенде болмайды. Жаңа технологиямен жұмыс істеу өз нәтижесін беруде. Өткен жылы баудан 16 тонна өнім жиналған. – Экологиялық жағынан таза жемісті біз балабақшаларға, мектепке және ауруханаға өткереміз. Бірнеше мәрте жәрмеңкеге шығардық. Дәмі тіл үйіретін алма тез өтеді. Алманың жоғарыдағы сұрыптары агротехникалық шаралар қатаң сақталса, келешекте жиырма гектар бау жылына бір жарым мың тоннаға дейін жеміс бермек. Жеміс жинау қыркүйек айының соңында басталады. Оны сақтайтын қоймамыз жоқ болғандықтан, қысқа дейін сатып жібереміз. Қазір «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы тағы несие алып, оған 300 тонналық қойма салуға әрекет жасап жатырмыз. Бұрынғы алған несиемізден 8 миллион теңге қалды. Биыл өсімдік жақсы өнім берсе, одан толық құтылатынымызға сенімдіміз, – дейді Совет Қалманбетов. Өсімдіктердің бұл сұрыптары 25-30 жылға дейін жеміс береді. Олардың арасында семіп, қурап қалатындары да болады. Сондықтан да шаруасы шалқыған шаруа тұқымбақ ашуды көздеп отыр. Қураған ағаштардың орнына осы жерден алынған көшеттер егіледі. Табиғатқа сенім жоқ. Ертең үсік ұрып, жеміс болмай қалуы да мүмкін. Онда шаруа қожалығындағылар жұмыссыз қалады. Сондықтан да шаруашылықты көп салалы етіп құруға күш салынуда. Баудың қасынан жылыжай ашылмақ. Онда қияр, қызанақ, балдыр және лимон өсіріледі. «Істің басы – ниет» демекші, кәсіпкер осы шаруаны жолға қою үшін жар құлағы жастыққа тимей шапқылаумен жүр. Егер осы жобалар жүзеге асса, қожалықта елу адамға жұмыс орны ашылады.

Ақылжан МАМЫТ

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар