«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бас жоспар тәртіпке бастайды

Бас жоспар  тәртіпке бастайды
ашық дереккөз
Бас жоспар тәртіпке бастайды

Бүгінде қала, аудандардың бәрінің де бас жоспарлары бар. Өңірдің өркендеп дамуы солардың дәйектілікпен жүзеге асырылуына да байланысты екендігі белгілі. Біздің облысымыздағы 377 елді мекеннің 360-ы бас жоспар жобаларымен қамтылған. Оның ішінде тұрғындардың саны 5 мыңнан асатыны – 4 қала және 28 елді мекен, қалған 345-інде тұрғын­дар саны 5 мыңға жетпейді. Ал 15-інің халық саны 50-ге жуық болуына байланысты бас жоспар жобалары әзірленбейді.

Облыс бойынша жасақталған бас жоспар жобаларының 7-еуіне түзетулер мен толықтырулар енгізілгенін де атап өту жөн. Уақыт талабына сай мұндай жағдайлар да орын алатыны бар. Мысалы, біздің өңірімізде таулы аумақтарға жақын орналасқан Меркі, Б.Момышұлы, Аса, Құлан, Қордай, Сортөбе және Масаншы ауылдарының табиғи техногендік қатерлерге қолданатын шараларды жобада қарастыру қажеттілігі туындаса, Жаңатас қаласының бас жоспарында «ЕуроХим» компаниясы ұсынған шеберлік-жоспар қағидаларын ескеру, Тараз қаласының бас жоспар жобасына уақыт өтуіне және қаланың өсуіне байланысты өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығының бас жоспары негізінде әзірленген жалпы аумағы 462,2 гектарда 14 және 15-шағын аудандары мен қаланың орталық 201 гектар аумағының, сондай-ақ Абай, Жамбыл, Төле би даңғылдарына, Сүлейменов, Комратов, Пушкин көшелеріне және Талас өзенінің жағалауына демалыс орындарының егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, олардың эскиздік нұсқалары және Жаңатас қаласының бас жоспары ағымдағы жылдың желтоқсан айында облыс әкімдігінің қала құрылысы кеңесінде жаңа форматта қарастырылып, хаттама негізінде бірқатар ұсыныстар енгізілді. Келешекте аталған шағын аудандар мен негізгі көшелерде құрылыс нысандарын салу, осы жобалардың аясында жүйелі түрде жүргізіліп, қаланың сәулеттік келбетінің жақсаруына айтарлықтай мүмкіндік береді деп сенеміз. Дей тұрғанмен, алға бағдарланған жоспарларды жүзеге асыру барысында түйткілді мәселелер де туындауда. Мұның да өзіндік себептері бар. Қандай болмасын елді мекеннің дамуы сол жердегі халықтың демографиялық өсуіне тікелей байланысты екені белгілі. Осы орайда Үкіметтің 2013 жылғы 30 желтоқсандағы №1434 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасына сай облыс халқының саны 2020 жылы 1,162 миллион, 2030 жылы 1,248 миллион және 2050 жылы 1,5 миллион адамды құрайтыны жоспарланған. Аталған бас схема аясында облысымыз аумағын дамытудың қала құрылысы кешенді жобасын жасақтау қажеттілігі де көрсетілген. Яғни аталған жоба келешекте аудандар мен қалалар экономикаларының қай бағытта дамуына, қашан, қай жерде, қанша тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың, өндіріс, жол және инженерлік құрылымдардың құрылысын жүргізуіне, олардың бір-бірімен тығыз экономикалық байланыста болуына жауап беретін кешенді схема болып табылады. Кешеннің толық құны алдын ала бағалау негізінде 343,8 миллион теңгені құрайды. Облыс әкімінің қолдауымен биылға қала құрылысы кешенді жобасын жасақтауға 114,6 миллион теңге қаржы қарастырылып, бюджеттік жоспарға да енгізіліп отыр. Өкінішке қарай, жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстармен бірге, облыстағы елді мекендердің дамуында, бекітілген бас жоспарлардың нормаларынан ауытқу, қала құрылыс регламенттерін бұзу, қызыл сызық, су және санитарлық-қорғау аралықтарының талаптарын орындамау деректері де көптеп орын алуда. Мұндай түйткілді мәселелерді шешу және оған тұрақты мониторинг жүргізу мақсатында құрамында картографиялық, статистикалық және кешендердің параметрі мен жағдайы, инженерлік-техникалық деңгейі мен транспорттық қамтамасыз етілуіне, сонымен қатар климаттық шарттары мен экологиялық ахуалына байланысты аумақтарды пайдалану жағдайын анықтайтын басқа да көп мақсатты мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мәліметтер банкі жүйесін құру қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі кезде, ұсынылып отырған жүйе республиканың 5 өңірінде жұмыс атқаруда болса, тағы 4 өңірде жасақталуда. Мемлекеттік қала құрылыс кадастры Алматы, Ақтау, Атырау, Астана, Қызылорда қалаларында өңделіп жүргізіледі, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында мемлекеттік қала құрылыс кадастрын өңдеу жөніндегі жұмыстар басталды. Ал біздің облысымыздың мемлекеттік қала құрылыс кадастрының автоматтандырылған жүйесін құруды 3 жылға бөліп, кезең-кезеңімен іске асыру ұсынылуда. Бұлардан басқа, облыстағы сәулет-қала құрылысы саласында осы күнге дейін шешімін таппай келе жатқан екі мәселе бар, олар: сәулет кезекшілік жоспарының жүргізілмеуі және Тараз қаласынан басқа аудандарда сәулет және құрылыс саласы бір бөлімде болуы. Қаланың және аудан орталықтарының сәулеттік кезекшілік жоспарын жүргізу мәселесі, мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған жүйесін құрылуымен шешілсе, аудандық әкімдіктерде бүгінгі күнге дейін «сәулет, қала құрылысы және құрылыс» бөлімдері елді мекендерде бас жоспардың орындалуын қадағалай отырып, тапсырыс берушінің, құрылысы аяқталған нысандарды пайдалануға қабылдаушының функцияларын қатар атқарумен келеді. Бұл іс-әрекеттер «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» (ҚР 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242) Заңының 26-бабының талаптарын бұзу болып табылады. Осы олқылықтар жойылып, сәулет және қала құрылысы бөлімдері өз алдына жеке дара бөлінген жағдайда сәулетшілер өздеріне жүктелген заң талаптарын толық орындауға мүмкіншілік алар еді. Қазіргі таңда, сондай ақ аудандарда да бас жоспарлары бекітіліп, инфрақұрылым жүйелерінің жобалық-сметалық құжаттары мемсараптамадан өтуде, бірқатарында тұрғынжай алқаптарын дайындау шаруа қожалықтары жерлерін мемлекет меншігіне қайтару есебінен жүзеге асырылуда. Қорыта айтқанда, жалпы облыс бойынша бүгінгі таңда жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер теліміне Тараз қаласы мен аудандар әкімдіктерінде 102 825 азамат кезекке тіркелгені анықталып отыр. Тараз қаласы және аудан әкімдіктері тарапынан барлығы 25 тұрғын алаңға, 1930,93 гектарды құрайтын аумаққа инфрақұрылым жүйелерін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарын дайындау қарастырылуда. Аталған жұмыстар толықтай жүзеге асырылған жағдайда 10722 жер телімі кезекте тұрған азаматтар еншісіне тимек. Оның ішінде биыл 2801-і нақты иелерін табады деп күтілуде. Байқап отырғанымыздай, барлық жасақталған жоспарлау жобалары тек кезекте тұрған азаматтарды жер телімдерімен қамтамасыз ету үшін ғана жасалынған. Осылайша халық мекендеген ортаның сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған жоспарлау жобаларын жасақтау назардан тыс қалып қойып отыр. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін, біріншіден аудан орталықтарының негізгі көшелерінің жоспарлау жобаларын жасап, жүйелі түрде құрылыс жұмыстарын қала құрылыс қағидасымен жүзеге асыруға мүмкіндік беруіміз керек. Осылай жасау арқылы ғана қала мен аудандардың бас сәулетшілерінің құрылысқа рұқсат беру жосығын анағұрлым жеңілдетіп, жүйесіз құрылыс үрдісіне тегеурінді тосқауыл қоя аламыз. Бүгінгідей аудан орталықтарының келбет-айшығы жылдан-жылға жақсарып келе жатқан тұста қаланың қалыптасқан сәулеттік келбетіне нұқсан келтірмеу үшін жеке тұрғын үйлер тек бекітілген жоғары деңгейлі жобалар негізінде біркелкі салынып, сұраныс білдірген азаматтарға белгілі тәртіппен берілуге тиіс. Ең бастысы да осы ғой.

Асқар РЫСПАЕВ, облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы

Ұқсас жаңалықтар