Өңіріміздің асты-үсті толы байлық. Алтын, күміс кен орындарын, басқасын былай қояйық, қазіргі таңда айрықша әлеуметтік маңызға ие тұзды да, әкті де, отын-суды да, құрылыс материалдарын да жергілікті жерде молынан өндірудің мүмкіндігі бар. Мысалы, Боралдайда қоңыр көмірдің, Байзақта бектонит балшығының мол қоры бар екендігі жөніндегі деректер баспасөз беттерінен әредікте жылт етіп кездесіп қалып жатады. Бұлардың бірі отын, екіншісі айрықша берік құрылыс материалы екені белгілі. Олардың экспорттағы құны да қымбатқа бағаланып жүр. Тек соған аса мен бермейтініміз, кен-қазынамызды сәтімен игеруге құлшыныс білдірмейтініміз болмаса...
Әлемде сирек кездесетін сұңғыла (цистанхе) өсімдігінің де біздің жерімізде көптеп кездесетіні де кезінде ғылыми әлеуетті елең еткізгені есте. Бұл – адамның өмір жасын ұзартатын емдік қасиетке бай шөптесін өсімдік. Бүйрекке, жыныс жолдары ауруларына, бедеулікке, ми жүйесін, барлық ағзаны зиянды әсерлерден қорғауға да мың да бір ем. Сондай-ақ оның қан айналымын реттейтіні, терінің ісінуін, ауруды басатыны, қанның азаюы, іштің қатуы секілді ауруларға қарсы пайдаланылатыны белгілі болып отыр. Сексеуіл, жүзген тамырларынан нәр алып, көктем мезгілінде ғана өте қысқа уақыт аралығында көктеп өсіп, тамырын жаятын да осы – сұңғыла. Тамырын 1-1,5 метр тереңдікті қазу арқылы алуға болатын бұл өсімдік өніміне жыл өткен сайын сұраныс та арту үстінде. Әсіресе қытайлықтар тарапынан. Олар облысымыздың өзінен жыл сайын шамамен 100-150 тонна өнім алуды көздейді. Мойынқұмдық жеке кәсіпкер Серғазы Қылышбаев, міне, осы шөпті ешқандай химиялық қоспасыз, шетелдік шикізат көзіне тәуелді болмай, өзінің патенттелген жаңа технологиясы көмегімен өңдеп, одан өзі ашқан цехта жаңа биологиялық белсенді қоспа шығаруды қолға алып отыр. Айта кету керек, ол – Қытай мен оңтүстік-шығыс Азия елдерінде «құм женьшені» деген атауға ие дала өсімдігінен фитоөнім шығаратын еліміздегі алғашқы кәсіпорын. Секең алдағы уақытта сұңғыла шайы шикізатын – шөп тамырын еліміздің барлық өңірлерінен қабылдап, өңдеп, дайын өнім түрінде қымбат бағамен экспортқа шығарып, қытайлықтардың жолын кесуді де ойлайды. Бұған дейін де кәсіпкер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен осынау өндірістік жобасын жетілдіруге қаржылай көмек алса, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында цехты қайта жарақтандырудан өткізу мүмкіндігіне қол жеткізген. Бертінде сатып алу өндірістік кешенін салыпты. Бұған «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының тигізген септігі мол. Бүгінгі таңда кәсіпорында 100 және 2 граммдық №20 фильтр пакеттегі «Цистанхе» фито-шайы өндіріледі. Бұл үшін мұнда бір маусым ішінде орташа есеппен 4,5 – 5,5 тонна аралығында шикізат дайындалады екен. «Елдің қауіпсіздік жүйесінің бір бөлігі – адамдардың антибиотиктерге тәуелділігін жою. Жалпы аудан көлемінде сұңғыла тамырын жинағаннан бастап дайын өнім алғанға дейінгі жұмыстарды жүзеге асыратын кешенді жоба жүзеге асырылуы керек-ақ. Ол толықтай іске асырылса, еліміздің және шетелдердің азаматтары ауруларының алдын алу мен емдеуде жоғары сапалы сипаттамалары бар өсімдік шикізатын қайта өңдейтін өңірлік инновациялық кластер құруға мол мүмкіндік бермек. Бізге әуелі «Сұңғыла» шайымен өзіміздің ішкі нарықты толтырып, сол мақсатта жұмыс жасауымыз қажет. Мемлекет тарапынан 1-ден 5 тоннаға дейін қосымша салықсыз квота және мемлекеттен қаржылай қолдау көрсетілсе, Қазақстан нарығы артары анық. Әрі Қытаймен бәсекеге де қабілетті болар едік» дейді кәсіпкер. Оның айтуынша, соңғы жиырма жыл көлемінде аталған өсімдік тамыры «Аспан асты еліне» еш бақылаусыз өткерілумен келген. Сөйтіп олар өз бидайымызды өзімізге қуырып беріп отырған. Ендігі жерде мұндайға жол берілмеуге тиіс. Айтып отырса, «Сұңғыла» шайының шын мәнісінде де пайдасы мол. Мұны тұтынушылардың өздері растап отыр. Мысалы, Бахыт Карбоз есімді азамат осынау фитоөнімге «Ең бастысы, ол иммунитетті күшейтіп, іш-құрылысты тазалайды. Мен мұны күнделікті шай орнына ішемін», – дейді. Оның «қасқыр жем», «сұңғыла», «тамыр» деген атаулары да бар. Бұл өсімдіктің «қасқыр жем» деп аталуының себебі, оның тамырын қасқыр қазып жейді екен. Түз тағысының қайратты болуының сыры да осында жатқандай. Ал ресейлік Олег Фессель «Серғазы, сіздің алдыңғы жіберген өніміңізден әлі де бар ма? Сізді жиі мазаламай-ақ, өніміңізді Ресей аумағынан қай жерлерден сатып алуға болады?», деп сұраған. Жергілікті тұрғындар ғана емес, әлеуметтік желі арқылы шет мемлекеттерден де сұңғылаға сұқтанғандар көп. Өйткені аталған табиғи өнім, адамдардың өмір сүру сапасын жақсартумен қатар қартаю үдерісін де айтарлықтай бәсеңдетеді екен. Қысқасы, еліміздің сұңғыла өнімдерін экспортқа шығару нарығында әлемдік деңгейдегі көшбасшы болуына мүмкіндігі мол-ақ. Бұл іске жеке кәсіпкерлер де өз үлестерін қоса алады. Ұзақ жылдар бойы Алматы қаласында фармацевтік қызмет атқарған С. Қылышбековтің «Туған жерге туыңды тік!» деген қағидатты басшылыққа алып, туған ауылына оралудағы мақсаты да осы. Ол алдағы уақытта Мойынқұм даласында өсетін жантақ, мия, жалбыз, басқа да емдік шөптердің қоспаларымен байытылған шипалы шәйдің ондаған жаңа түрлерін өндіруге де ниетті.
Уалихан ЖАЙЛАУ
Мойынқұм ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді