«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кейбір кәсіпорындар қарызын қайтаруға құлықсыз

Кейбір кәсіпорындар қарызын қайтаруға құлықсыз
ашық дереккөз
Кейбір кәсіпорындар қарызын қайтаруға құлықсыз

«Адам – еңбегімен ардақты» дейміз. Сөйте тұра, мемлекетіміздің басты байлығы саналатын адамға және оның өміріне кейде немқұрайды қарайтындаймыз. Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес. Статистикалық мәліметтерге сүйеніп, сандарды «сөйлетер» болсақ, 2016 жылы облыс кәсіпорындары мен мекемелерде 60 жазатайым оқиға орын алып, соның салдарынан 9 жұмысшы қаза тапса, 65 адам зардап шеккен. Ал былтыр бақытсыздық оқиғалардың саны 67-ге, қайтыс болғандардың саны 16-ға жеткен. Мұнда жұмысшылар тарапынан жіберілген қателік те болуы мүмкін, алайда негізгі кінә көп жағдайда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған жұмыс беруші тараптар жағында екендігін жоққа шығара алмаймыз. Мұнымен қоса, қазіргі таңда 455 жұмысшы 40,8 миллион теңге көлемінде айлық жалақыларын ала алмай келеді екен. Былтыр бұл көрсеткіш тіпті 603,5 миллион теңгеге жетіп жығылыпты. Қызметкерлерінің қаржысын төлеуге құлық танытпай отырған кәсіпорындар қатарында «ACIG» АҚ, «Казпроммонтаж», «Мекен-жай Тараз», «Таразхиммонтаж» ЖШС-лары бар. Сондай-ақ 377 кәсіпорында 59710 жұмысшы зиянды және қауіпті жұмыс істеуге мәжбүр. Осы және өзге де заңсыздықтар мен келеңсіздіктер салдарынан өткен жылы облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасына 932 жеке және заңды тұлға арыз-шағыммен қайырылған. Еңбек инспекторлары 312 кәсіпорын мен мекемеге тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде ҚР еңбек заңнамасының талаптарын бұзғандарға 7,1 миллион теңге көлемінде 56 айыппұл салып, 28 ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР кодексінің 98-бабы бойынша уәкілетті органға бос жұмыс орындарының бар-жоғы жөнінде мүлдем немесе уақтылы мәліметтер бермеген мекемеге яки заңды тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал мұндай заң бұзушылықтар Меркі ауданындағы «Таза су», «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Мәдениет үйлері мен клубтарының орталықтандырылған жүйесі» МҚКК-да, Жуалыдағы №5 «Балдырған» балабақшасында, «Жуалы – Су» МКК-да, Жуалы аудандық орталық ауруханасында, Шу ауданының Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебі мен «Жібек жолы» мектеп-лицейінде, «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-да, «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ-да, «Good look» сауда үйі, «Т.Рысқұлов атындағы санаторий» ЖШС-ларында орын алып, оларға барлығы 476490 теңге көлемінде айыппұл салынған. Өткен аптада қалалық Мәдениет үйінде облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов өздерінде 2017 жылы атқарылған осы және басқа да жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы есеп берді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов ашып, жүргізіп отырды. Серғали Өмірзақұлының айтуынша, облыста тіркелген 11599 заңды тұлғаның 66,8 пайызы жұмыс істеп тұр. Орта кәсіпкерлік нысандарының 98, ірі кәсіпкерлік субъектілерінің 100 пайызы ұжымдық шартпен қамтылған. Жалпы, қазір облыс кәсіпорындарында 913 еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылып, онда 1152 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор, 926 еңбек дауларын қарайтын келісім комиссиялары жұмыс атқаруда екен. Басқарма басшысының есебі тыңдалған соң бірқатар мекеме өкілдері жарыссөзге шығып, бірнеше маман еңбек қатынастарын реттеудегі елеулі еңбектері үшін басқарманың Алғыс хатымен марапатталды. Кездесу барысында, сондай-ақ басқарма мен облыстың бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов: – Былтыр 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда жазатайым оқиға салдарынан көз жұмғандар саны 78 пайызға өсіпті. Бұл жақсы көрсеткіш емес. Ең бастысы – адам өмірі, оны біз сақтап қалуымыз керек. Осы бағытта жұмыс жасаған жөн. Облысымыз өзін-өзі жұмыспен қамту жөнінен республикада алдыңғы қатардағы орындардың бірінде. Оны Елбасы да өзінің облысқа жасаған жұмыс сапары барысында атап өткен болатын. Жалпы басқарма тарапынан ауқымды істер атқарылған, екі индикатордың екеуі де орындалған. Осы бағытта жұмысты ширата берген жөн, – деді.

Ұқсас жаңалықтар