Алтынбек Қоразбаев, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері
Туған жерін сағынбайтын, туған елін аңсамайтын азаматтар кемде-кем шығар! «Туған жерге туыңды тік» демекші, мен өз шығармаларымда, Аспара, Меркі, жетпіс үйлі Қызылсай ауылын бар әлемге жар салып, естіген жұрттың құлағына құя білдім. 1994 жылы қиын-қыстау кезеңдерде Қостоған, Мыңқазан (бұрынғы Ворошилов), Қызылсай ауылының ортасына кейінгі ұрпаққа өсиет, сабақ болсын деп, соғыс атына лағынет айтып, «Қара кемпір» ескерткішін өз есебімнен орнаттым. 2004 жылы ауылға мешіт тұрғыздым. Концерттерде кішкентай ғана Қызылсай ауылымды Парижге де, Мәскеуге де айырбастамаймын деп жария етемін. Сол айтпақшы, қазіргі Гранитогорск (мен сол жердің мектеп-интернатында 1959-1963 жылдары оқығанмын) 1928-1932 жылдары орыс басқыншылары менің Қоңырбай атамның үрім-бұтағын туған жерінен қуып шығып, Қоңырбай ата қыстағын Гранитогорск деп өздері иемденіп алған. Одан бері 70-75 жыл өтсе де, әлгі орысша атау еш өзгеріссіз қала беріп отыр. Менің ұсынысым, сол ауылдың атын Қоңыр ауылы деп атау керек. Қоңыр түс – қазаққа тән түс. Қоңыр деген Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында ауылдар бар, «Қоңыр» деген музыкалы трио бар, тіптен үш жылдан бері Елбасының туған ауылы Шамалғанды Үшқоңыр деп атап отыр. Сонымен қатар мына өлең шумақтарын назарларыңызға ұсынамын. Қаракерге жарасар өмілдірік, Ақ күміспен жарасар тебінділік. Аспарадан қоңыр жел самал соқса, Қара өлеңді жазасың төгілдіріп.
Арқалы ақын шың-құзға сыя алмайды, Туған өлке жусанын қия алмайды. Көктем, жазын, қыс кезін есіне алып, Қоңыр күзге жырларын жиі арнайды.
Жүректе от жанғанмен, жанымда азап, Ақын үшін жыр қымбат, өмір ғажап. Қыздай зият мінезі, қылдан нәзік, Қоңыр өлең жазатын қоңыр қазақ.
Аспараға әнімді жиі арнаймын, Туған өлке самалын қия алмаймын. Қоңыр атам қыстағын сағынды-ау деп, Жер жаннаты осы-ау деп қиялдаймын.
Алла қаласа, Қоңыр ауылында қоңыр самал желмен ілесіп келіп, қоңыр шайды іше отырып, қоңыражаймен жолығысайық.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді