Ретсіз құрылыс реніш тудырады

Ретсіз құрылыс  реніш тудырады
ашық дереккөз
Ретсіз құрылыс реніш тудырады

Өңірімізге әкім болып білікті басшы Асқар Мырзахметовтің тағайындалғандығын естігенде, облыстың тұрғыны ретінде қуанышымызды жасыра алмадық. Асқар Исабекұлының бұған дейін жауапты лауазымды орындарда басшылық қызметте болып, абыроймен атқарғандығын жақсы білеміз. Халық арасында есімі ілтипатпен аталатын жандардың бірі ретінде бәрімізге жақсы таныс. «Ақ жол» газетінің 20 қаңтар күнгі №8 санында «Жаңа әкімнің жұмысы неден басталды?» деген мақаланы оқып, Тараз қаласының тұрғыны ретінде ойға қалдым. Облыс орталығында жіпке тізіп жазатын болсақ, кемшілік жетеді. Осыны Тараз қаласы әкімі Р.Дәулетке құлаққағыс ретінде айтқым келеді. Атап айтатын болсақ, шағын аудандарда үйлердің нөмірі көрсетілмеген және қай шағын аудан қай жерде орналасқандығы түсініксіз. Әсіресе, шағын аудандардың ішінде үйлерге жапсарлас салынып жатқан құрылыс та көбейіп кеткен. Мұндай бейберекетсіздіктен сәулет, құрылыс бөлімінің жауапты тұлғалары хабардар ма? Хабардар болса, рұқсатты қалай берген, қандай шаралар қолдануда? Мені осы сауал мазалайды. Мәселен, 6-шағын ауданның 11-үйіне жапсарлас екі қабатты үй салынып, аталған үйдің тұрғындарына күн сәулесі түспей қалды. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің жағдайы сын көтермейді. Одан будақтаған көк түтін қоршаған ортаға да, адамдарға да зиянын тигізуде. Қаламызда «Неке сарайы», зообақ, уақыт көрсетіп тұратын үлкен сағат жоқ. Футбол алаңдарына да көңіл бөлген жөн. Көне шаһарды ауызсумен қамту, газдандыру мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Сөзімнің соңында, облыс әкімі Асқар Исабекұлына толағай табыс тілеп, өңіріміздің көркеюіне зор үлес қосады деп сенетінімізді жеткізгім келеді.

Барат Мыңбосынов

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар