Облыс әкімі А.Мырзахметовтің бастамасымен Тараз қаласының өзіндік кескін-келбеті мен сәулетін қалыптастырып, шаһарды мейлінше көркейту мақсатында қалалық кеңес құрылды. Кеңестің алғашқы отырысында оның мүшелері бекітіліп, алдағы жұмыс жоспары нақтыланды. Басқосудың күн тәртібіне облыс орталығындағы саябақтардың мәселесі де қойылып, оларды қайта жаңғырту жайы сөз болды. Бұл жолы да аймақ басшысы салалық басқарма басшылары мен жауапты тұлғалардан құр баяндаудан гөрі құрылысқа қажетті жобалардың эскизі мен құнын көрсетіп, қажеттілігін дәлелдеуді талап етті. Дегенмен қаланың кескін-келбетін жетілдіру ісіне жетекшілік ететіндердің көбі кеңестің алғашқы отырысына дайындықсыз келген сыңайлы. Мәселен, Тараз қаласы тұрғындары мен қонақтары жиі атбасын бұратын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті саябағын көркейту жайы айтылғанда, онда алдағы уақытта бой көтеретін нысандардың эскиздері дайын емес екендігі белгілі болды. Аймақ басшысы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта орналасқан ескерткіштің Халық қаһарманының болмыс-бітімін толық таныта алмай тұрғанын да сын тезіне алды. Жауапты тұлғаларға ескерткіштің жобасын қайта қарауды міндеттеп, саябақты жастар жиі бас қосатын, патриоттық тәлім-тәрбие беру орны ретінде қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударды. Мұнан бөлек, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы жұмыстың жүйесіздігі де сөз болды. 5 жыл бұрын саябақты меншігіне алған 2 кәсіпкер онда 185 миллион теңге инвестиция тартып, саябақты көпшіліктің бір мезгіл тыныстап, емін-еркін демалуына жағдай жасауды мойнына алған еді. Алайда межелі уақытта бұл іске небәрі 49 миллион теңге инвестиция салынған. Бұл орайда облыс әкімі шаһар басшылығына кеңестің келесі отырысына дейін саябақтың кәсіпкерлерге қандай талаппен берілгенін зерделеу туралы тапсырма берді. Сонымен бірге, А.Мырзахметов саябақтың Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы аталғанымен онда батырларымыздың ерлігін сипаттайтын нысандардың аз екендігін айтып, қажет болса, орталық алаңда тұрған Бауыржан Момышұлының ескерткішін, қаланың келесі бір бөлігінде орналасқан «Мәңгілік алауды» осында көшіру жұмыстарын ойластыру керек екенін тілге тиек етті. Осы жоба жүзеге асқан жағдайда қала тұрғындарының ұсыныс-тілектері толығымен ескерілетін болады. Жиын барысында облыс орталығын-дағы Тұрар Рысқұлов атындағы және «Мамыр», «Химик» саябақтарын реттеу бойынша ұсыныстарды әзірлеу жайы да сөз болды. Сондай-ақ қала құрылысының ажырамас бөлігі саналатын тұрғын үйлердің қасбеттерін ретке келтіріп, шаһар көшелерінде оңды-солды ілінген жарнама тақтайшаларын реттеудің ережесін әзірлеу жауапты басқармалар мен мекемелерге жүктелді. Аймақ басшысы қала көшелеріндегі бағдаршамдар мен жолаушылар өткелдерінің тым жиі орналасуы қозғалысты қиындатып отырғанын атап өтті. Қалалық кеңесте тарихи қала – Тараздың осы бір ерекшелігін сақтай отырып, түрлендіру жайы кеңінен сөз болды. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға көне қаланың орнындағы бұрынғы «Шахристан» базарының аумағын тарихи орталыққа айналдыру, Тараздың өз «Арбатын» жоспарлау ісіне уақыт оздырмай кірісуді тапсырды. Бір сөзбен айтқанда, Таразды түрленген қала етудің нақты қадамы жасалынып отыр. Салалық басқарма басшылары мен мекеме жетекшілері ендігі жерде сөзден іске көшіп, нақты, нәтижелі көрсеткішке жұмыс істеуі керек.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді