«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Саладағы өзгерістер түсіндірілді

Саладағы өзгерістер түсіндірілді
ашық дереккөз
Саладағы өзгерістер түсіндірілді

Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті облыс бойынша аумақтық департаменті облыстық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында тұтынушылардың электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу үрдістерін оңтайландыруға және электрмен жабдықтау сапасын арттыруға бағытталған реформаларды түсіндіру мақсатында дөңгелек үстел өткізді. Аталмыш аумақтық департаменттің басшысы Әлмұханбет Жұмабековтің айтуынша, негізінен мұндай түсіндіру жұмыстары, салаға қатысты сауалнамалар министрлік тарапынан ұдайы жүргізіліп келеді екен. Мәселен, тұтынушылардың электрмен жабдықтау сапасы туралы сауалнамада көрсетілетін қызмет сапасы 1 мен 7 балл аралығында бағаланса, өткен жылы 2500 респонденттен жауап алынып, сауалнаманың орташа балы 5,6-ны құраған. Ай сайын электрэнергетика саласындағы техникалық шарт беру, жобалық шешімнің келісілуі, электр жабдықтау келісімшарты, оның сапасы мен сенімділігі бойынша 51 энергия таратушы және 43 энергиямен жабдықтаушы компанияның жұмысына мониторинг жүргізіліп отырады. Жалпы, «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу» индикаторы бойынша Қазақстан бірнеше мемлекеттен оқ бойы озық тұр. Мәселен, бұл көрсеткіш бойынша Әзірбайжан – 105, Болгария – 104, Қытай – 97, Канада – 108, Украина 130-орында тұр. Ал Қазақстан қосылу бойынша – 70, сапасы жөнінен 82-орыннан көрінген. Салаға енгізілген өзгерістерге келер болсақ, департаменттің бөлім басшысы Төкен Жұманқұлдың айтуынша, биылдан бастап электр қондырғыларын қосар алдында сараптамадан өткізу алынып тасталған. Бұл норма кәсіпкерлерге қиындықтар туындатқандықтан күшін жойған. Мұнымен қоса, өткен жылдың 16 желтоқсанында «Электр энергиясын пайдалану» қағидасына өзгеріс енгізу, электрмен жабдықтау келісімшарты мен электр энергиясын есептеу құралдарын пломбалау жосығы біріктірілген. Дөңгелек үстел басындағы әңгіме барысында, сондай-ақ электрмен жабдықтау желілеріне қосылу тәртібі мен жабдықтауды жақсарту бағытындағы атқарылған жұмыстар, электр энергиясын тұтынушылармен келісімшарт жасау тәртібі сала мамандары тарапынан жан-жақты түсіндірілді.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Ұқсас жаңалықтар