Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларға сапалы қызмет ұсынуда
Бейнеттің түбі – зейнет. Сондықтан, зейнетақы жүйесі ұдайы жетілдіруді қажет етеді. Былтыр естеріңізде болса, нақтырақ айтқанда 21 маусымда «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» жаңа редакциялы заң қабылданды. Бұл заңнамалық құжатқа сәйкес, «МЖЗҚ» Жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның негізінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) құрылды. Оның құрылтайшысы мен акционері ҚР Үкіметі болса, зейнетақы активтерін басқаруды Ұлттық банк жүзеге асыруда. Ал, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының алдына міндетті зейнетақы жарналарын тарту, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарын есепке алу және зейнетақы жинақтарының есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру сынды ауқымды міндеттер жүктелді. Осы бағытта қордың тарапынан қандай кешенді шаралар жүзеге асырылды? Бұл жөнінде Ұлттық банктің облыстық филиалының мәжіліс залында өткен баспасөз мәжілісінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының өкілдері тарқатып айтты.
Жиынды Ұлттық банктің облыстық филиалының төрағасы А. Халимбетов ашып, жүргізіп отырды. Басқосу барысында «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры Ж. Төлегенова аталмыш қордың көрсеткіштеріне кеңінен тоқталды. Осы жылдың бірінші маусымындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы қорының зейнетақы шарттарының барлық түрлері бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны 9865876 бірлікті, зейнетақы жинақтарының сомасы 4,099 триллион теңгені құрады. Ал, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша 270000-нан астам шарт жасалды. Енді шамамен 7 мыңға жуығы жасалу үстінде. Жыл басынан бері міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жарналардың сомасы 6,2 миллиард теңгеден асты, – деді Жанар Қорғанбекқызы. Сонымен қатар, ол бүгінде аталмыш қордың қызмет сапасын арттыру мақсатында әрі заман талабына сай, «Аndroid» және «iSO» операциялық жүйелерінде жұмыс істейтін (iPhone және iPad) планшеттер мен смартфондарға арналған «ENPF» мобильді қосымшаларын әзірлегенін атап көрсетті. Енді қордың салымшылары онлайн режімінде зейнетақы шоттарынан үзінді көшірмелерді көре алады, ең жақын орналасқан филиалмен немесе «call»-орталықпен байланысып, қор туралы ақпарат алу мүмкіндігіне ие бола алады. Қордың еліміздің барлық аймағында филиалдары мен бөлімшелері, қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеуде. Бүгінде облыс бойынша қордың салымшыларының саны 400 мыңнан асты. Осы орайда «БЖЗҚ» АҚ облыс бойынша филиалының директоры А. Жұмағұлова: «Зейнетақы активтерін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-на аудару міндеттері толықтай аяқталды. Аудару барысында салымшылар үшін ешқандай қиындық туған жоқ. Олар бұрынғыдай шартқа отырған жоқ, алдыңғы зейнетақы қорындағы қаржылары бір тиынына дейін есептеліп, қордың қоржынына өткізілді. Әркім өздерінің шоттары туралы мәліметтерді біздің кеңселерімізден келіп алуына болады. Тіпті, ғаламтордың да көмегін пайдаланып, өздеріне қажетті ақпарат алуларына мүмкіндіктер қарастырылған. Облыстық филиалдың қазіргі таңда барлық аудандар мен Тараз қаласында бөлімшелері халыққа қызмет көрсетуде» деді.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді