«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

3D принтер ауылға таңсық емес

3D принтер ауылға таңсық емес
ашық дереккөз
3D принтер ауылға таңсық емес

Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында атап көрсетілгендей, қазір орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды. Ол 2021 жылы аяқталады. Елбасымыз айтқандай, бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және жаңа кадрлар.

Жолдауда мектептерді кең жолақты интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау туралы жан-жақты айтылған. 2017 жылы ауданның 9 мектебіне 9 EV – 3 маркалы лего робот конструкторлары алынған болатын. 2018 жылы 2 мектепке құрамында 20 робот кешені мен қосалқы бөлшектері және 3D принтері бар 2 робототехника кабинетін ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, 38 мектептің интернет жылдамдығын жоғарылатуға 19 миллион 500 мың теңге, интерактивті құрылғылармен жабдықтауға 34 миллион 205 мың теңге қаржы қарастырылып отыр. «Тілдердің үштұғырлығы» жобасы жастарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйренуге мүмкіндік береді. Үш тілде оқытуға көшу бойынша ауданда информатика, физика, биология, химия пәндерінің 57 мұғалімі тіл оқыту курстарынан өтіп, А1, А2 деңгейіндегі сертификаттарды иеленді. Қазір оның 7-еуі 8-сыныптарда информатика, физика, биология, химия пәндері бойынша элективті курстарды ағылшын тілінде жүргізеді. Тәуелсіздік алғаннан бастап білім саласын әлемдік стандартқа сәйкес реформалау жүргізілуде. Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім жүйесін қайта қарау керек екендігін дәлелдеп отыр. Біз «Мұғалімдер оқушыларды XXI ғасырда қалай дайындауы керек?» деген сұрақтың жауабын іздеуіміз керек. Әлем ілгері дамыған сайын халықаралық стандарт та өзгеріп отырады. Ал ол стандартқа жету үшін үйретуші педагог өз біліктілігін үздіксіз жетілдіруі қажет. Сондықтан әлемдік көшке ілесе алатын, өркениетті мемлекет болатын, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген инновациялық технологияны меңгерген тұлғаны тәрбиелейтін ұстазды дайындауға қазіргі мұғалімдердің біліктілігін арттыратын курстар ұйымдастырылуда. 2016-2017 оқу жылында білім беруді жаңарту бағдарламасымен ауданымыздың 631 педагогі оқып, сертификат алды. Бұл – қуантарлық жағдай. Мектепке дейінгі білім беру саласын дамыту – қазіргі кездегі ең өзекті мәселе. Жолдауда 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттары енгізілетіні айтылды. Мектеп жасына дейінгі балаларға саналы тәрбие беру, заман өлшеміне сай оқыту – ұлттық дамумен тығыз байланысты және мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Ал оны жүзеге асырушы – ұстаз. Сол себепті Елбасы мұғалім мәртебесін арттыру қажеттігін алға тартып отыр. Мемлекет басшысы Жолдауда осы мақсатта қосымша 67 миллиард теңге бөлу керектігін айтып, білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырылды. 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтық арттырылып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесі енгізіледі. Енді біліктілік санаты бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беріледі. Бұл педагогтерді өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандырып, нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30-дан 50 пайызға дейін өсетін болады. Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында қазақстандық білім саласы барынша өркендеп келеді, бұдан әрі дами бермек.

Раушан Қожамжарова, аудандық білім бөлімінің басшысы

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар