Алдыңғы күні облыстық білім басқармасының мәжіліс залында облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларының былтырғы жылдың қорытындылары туралы есептері бір мезгілде, бір жиын үстінде тыңдалды. Облыс әкімдігі басқармалары мен бөлімдерінің, мердігерлік, тасымалдаушы, жол-көлік және құрылыс мекемелерінің басшылары, Тараз қаласы мен аудандар әкімдерінің орынбасарларының қатысуымен өткен жиынды облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов ашып, жүргізіп отырды.
Алғашқы кезекте облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев есепті кезеңде өздерінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, құрылыс саласы бойынша мекемеге бюджет әкімшісі ретінде 35 миллиард теңге бөлініп, оның 99,9 пайызы игерілген. 123 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 68-і пайдалануға берілсе, 55-і биылғы жылға өткен. Тұрғын үй құрылысына инвестиция тарту көлемі артуда. Облыс бойынша бүгінгі таңда инженерлік жүйелермен қамтылған, тұрғындарға беруге дайын 2,8 мың жер телімі ғана бар екен. Осы ретте баяндамашы қала, аудан басшыларының жер телімдерін бөлуде қатаң бақылау жасап, құрылыс нысандарын саларда олардың инженерлік жүйелерін қоса дайындап ұсынуы керектігін еске салып өтті. Өйткені тұрғын үйлердің инфрақұрылымдары жасалуынан бұрын тапсырылу деректері кездесуде. Жер телімдерінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалғаннан кейін нақты иелері шығып жататыны да бар. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан аудандық маңызы бар жолдардың жөнделуіне толыққанды мән берілмейтіні де айтылды. Сарысу, Талас, Шу аудандарында биылға жолдарды ағымдық жөндеу жұмыстарына бір тиын да қаржы бөлінбеген. Әсіресе, Сарысу ауданында қыс кезінде жолдарды күтіп ұстау ісінің мардымсыздығы, Талас ауданының Ақкөл, Т. Рысқұлов ауданының Қорағаты ауылдарында көшелер әлі де қардан тазартылмай жатқаны, ауданаралық күре жолдарды ашу да кештеу қолға алынғаны сын тезіне алынды. Бұған жауап берген тиісті аудандардың басшылары «Жолдар мен көшелер тазалануда» деген уәжден аса алмады. Ғалымжан Райылұлы олардың жауаптарына қанағаттанбағандығын жеткізіп, ұйымдастыру жұмыстарының кемшіндігін атап көрсетті. Келесі кезекте есеп берген облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Асқар Рыспаев елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу бойынша облыста жалпы көрсеткіш 99,5 пайызды құрап, елімізде төртінші орынға тұрақтағанын атап өтті. Яғни өңірдегі 377 елді мекеннің 366-сы бас жоспар жобалармен қамтылған. Жалпы жобалау жұмыстары жергілікті бюджеттен қаржы бөлінуімен жүзеге асырылуда. Ал 2010-2016 жылдар аралығында бекітілген бас жоспар негізінде әзірленген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының саны 117 болса, оның 100-і аудандардың, қалғаны Тараз қаласының үлесінде екен. Облыс бойынша жасақталған 360 бас жоспар жобасының 7-еуі бекітілген. Бірқатар қала, аудандар бас жоспарлары жобаларына ағымдық жағдайларға байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде екен. Баяндамашы салада шешімін таппай келе жатқан мәселелер қатарында кезекшілік-сәулеттік жоспарларының жүргізілмеуі мен аудандарда жер телімдерінің картографиялық жүйесі жоқтығына назар аудартты. «Бұл іс қалада енді ғана қолға алынуда. Мұны жүзеге асырып, қала құрылысы кадастрын енгізсек, бәрі де бір жүйеге түспек. Басқа да коммуникациялық жұмыстарды жүйелі жүргізуге мүмкіндік туар еді», – деді ол. Сондай-ақ бүгінгі күні облыста 102 825 адам жеке тұрғын үй кезегінде тұрғанын, Тараз қаласында 25 гектар алқапта сметалық-жобалау құжаттарын дайындау жұмыстары жүзеге асырылып жатқанын, бұл жұмыстар толықтай жүзеге асқан жағдайда 10 727 жер телімін кезекте тұрған азаматтарға беруге болатынын атап өтті баяндамашы. Облыстың 4 ауданы аумағындағы 1128 (Байзақта – 345, Жамбылда – 213, Жуалыда – 110, Меркіде – 460) гектар тұрғын жай алабы бүгінде шаруа қожалықтары иелігіндегі жер үлесінде қалып қойып отырғаны да назардан тыс қалмады. Осы ретте Ғалымжан Райылұлы баяндамашыдан бас жоспардың бұзылуы, құрылыс нысандарының «қызыл сызық» үстіне салынуы деректері бар-жоқтығын нақтылап, ендігі жерде «нақты қадам ұлт жоспарында атап көрсетілгендей, құрылысты нормалаудың еуропалық жүйесін енгізуге байланысты дайындық жұмыстарын бастаудың қажеттігін, осыған байланысты көшпелі семинарлар, түсіндіру жұмыстарын өткізуді ұсынды. Асқар Мақшанұлы бұдан былай негізгі көшелерде сәулеттік талаптарға сай келетін жобалар бойынша құрылыс нысандарын салуда еурокод жүйесі енгізілуі мәселесі де қарастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ үлгілік жобалар ретінде Астананың 20 жылдық мерейтойына орай бас қалада салынатын «Велосипед» жолының облысқа міндеттелген бөлігінің, «Айша бибі» шипажайы ғимараты мен Дулат баба кесенесінің, Қордай ауданындағы Әлжан апа ауылы абаттандырылуының эскиз-жобалары да таныстырылды. Облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бекежан Мамажанов та жыл қорытындысына орай берген есебінде өздерінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ол басқарманың негізгі міндеті облыс аумағындағы салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасына мемлекеттік сәулеттік-құрылыс бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру болып табылатынын, былтырғы жылдың басынан бері 3375 хат қаралса, жеке және заңды тұлғалар, прокуратура, басқа да мемлекеттік мекемелер тарапынан 181 арыз-шағым түсіп, оның барлығына қолданыстағы заң талаптарына сәйкес дәлелді жауаптар қайтарылғанын атап өтті. Құрылысы салынып жатқан барлығы 558 нысанға тексеру жүргізілген. Есепті кезеңде 74 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, жауаптыларға барлығы 17 миллион 598 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Заңсыз құрылыс жұмыстарын жүргізгендер үстінен 22 іс қозғалған. Баяндамашының айтуынша, заңсыз құрылыс салу дерегі барлық жерде бар екен, бұған облыс аумағынан көптеп мысалдар келтіруге де болады. Мұның бәрі де қала, аудандардың тиісті тексеруші, қадағалаушы мекемелері тарапынан кеткен олқылық екені де түсінікті. Жиынға қатысушылар тарапынан да кейін адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіретіндіктен, елді мекендерде заңсыз құрылыс салуды дер мезгілінде тоқтату ұсынылды. Облыс әкімінің орынбасары Ғ.Әбдірайымовтың сапасы төмен, «қызыл сызықтың» шегінен асып кеткен нысандар туралы сұрағына орай баяндамашы өңірімізде ешқандай құжатсыз, жеке және заңды тұлғалардың өз еріктерімен, заңсыз салынған 12 нысан анықталғанын айтып, түрін түстеп те берді. Олар Таразда – 2, Байзақта – 1, Т. Рысқұловта – 3, Қордай, Шу, Жуалы аудандарында екі-екіден бар екен. «Қызыл сызықтан» асып кеткен құрылыс жапсырмаларын аялдамаға дейін созылта салғандар облыс орталығында да жетерліктей. Ғалымжан Райылұлы басқармалар басшыларының есептерін қорытындылай келе алда тұрған міндет те, жоспар да көп екенін атап өтіп, облыс әкімінің осыған байланысты тапсырмалары мен жиында айтылған ой-пікір, ұсыныстар негізінде қала, аудан әкімдері мен жылдық есептерін берген басқарма басшыларына тиісінше тапсырмалар жүктеді.
Баймаханбет Ахмет
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді