«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлеуетті өндіріс – бақуатты ел

Әлеуетті өндіріс – бақуатты ел
ашық дереккөз
Әлеуетті өндіріс – бақуатты ел

Аудан аумағында жерасты қазба кенінің мол қоры бар. Оны игеру елді байлыққа кенелтпек. Тәуелсіздік жылдары өңірімізде өңдеуші кәсіпорындардың көптеп ашылуы соның дәлеліндей. Олар қалыптасып, дамып, жаңа технологиялар енгізудің нәтижесінде заман талабына сай жаңғырып, жандану үстінде. Бұл экономикамызды дамыту аясында жүзеге асырылып жатқан Елбасы саясатының жемісі екені анық. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін айқындап беріп отыр.

Онда елімізде индустриялан-дыру бағдарламасы табысты іске асып жатқаны, «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданғаны және өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландыру жөніндегі қанатқақты жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керектігі қадап айтылды. Шын мәнісінде бүгінде цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып отыр. Бұл орайда қойнауы қазынаға толы өңіріміздің мемлекетке тигізер пайдасы, қосар үлесі мол. Айта кету керек, ауданда еліміздің индустриялық картасына енгізілген жалпы құны 51,9 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба қазірдің өзінде жемісті жұмыс істеп тұр. Оның бірі – «Мыңарал Компани» ЖШС, жалпы құны 34,9 миллиард теңгені құрайды. Жылдық қуаты 1,4 миллион тонна өнім өндіруге есептелінген. Еліміз бойынша ең сапалы цемент шығаратын зауытта 600-ге жуық адам жұмысқа жұмылдырылған. Компанияның өзінде 235 адам жұмыс істесе, оның 23 пайызы – жергілікті тұрғындар. Зауыт соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 1 323,0 миллион теңгені құрайды. Ал «Хантау» цемент зауыты жобасының бастамашысы – «АCIG» акцоинерлік қоғамы, жобаның жалпы құны 8,3 миллиард теңгені құрайды. Жылына 500 мың тонна цемент өндіру әлеуетіне ие. 2014 жылы іске қосылған аталмыш өндіріс орны 264 адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Олардың 131-і – мойынқұмдықтар. Қос зауыттың болашағы зор. Елбасы алға қойған міндеттер үдесінен шыға алатынына да бек сенімдіміз. Жылына 1,0 миллион тонна кен өңдейтін, жалпы құны 8,1 миллиард теңгені құрайтын «Ақбақай алтын алу фабрикасын қайта жаңарту» жобасы да өзінің оң жемісін беруде. Кәсіпорында 1024 адам тұрақты жұмыс істейді, оның 463-і – жергілікті тұрғындар. Былтыр негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 3 360,8 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар Мыңарал ауылында орналасқан Мыңарал балық зауытының жалпы құны 600 миллион теңгені құрайды. Жылына 1,5 тонна балық өңдейтін зауыт құрылысы 2014 жылдың желтоқсан айында аяқталып жүзеге асырылған болатын. Зауытта балық етінен филе, котлет, фарш жасалады және кептірілген балық өндіріледі. Қазіргі таңда зауытта 56 адам жұмыс істесе, оның 54-і – мойынқұмдықтар. Өндірілген өнім шет мемлекеттерге экспортталады. Былтыр қаңтар-желтоқсан айларында барлығы 235,3 миллион теңгені құрайтын 295,4 тонна өнім Ресей мемлекетіне экспортқа шығарылған болатын. Ауданда 2015-2019 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында және инвестиция тарту барысында ауқымды жұмыстар атқарылып отыр. Аталған бағдарлама бойынша аймақтық кәсіпкерлік картасына жалпы сомасы 3,1 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба жоспарланып, өңірдің индустриялық картасына енгізілді. Сондай-ақ бүгінде Мирный ауылдық округі ГРЭ-21 ауылында орналасқан «Оргстрой» ЖШС гранитті өндіру мақсатында жаңа инновациялық технологияларды пайдалану тәсілдерін қолдануды және гранит өңдеу цех құрылысын жүзеге асыру жобасын ұсынып, ілкімді істер атқаруда. Аталған кәсіпорын аудан көлемінде 17 жылдан бері жұмыс жасап келеді. 2015 жылға дейін гранитті өндіру жұмыстарымен айналысса, бүгінде гранитті өңдеумен айналысып, бордюр, тастақта сияқты құрылыс материалдарын шығаруда. Өндірістік базада 2 цехтың құрылысы аяқталып, жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталды. Кәсіпорын жұмысы гранит тасын өңдеу үшін үнемі су айналымы тоқтаусыз жұмыс жасап тұруын талап етеді. Сондықтан кәсіпорында бұл мәселе толық шешімін тауып отыр. Яғни Италия мемлекетінде жүзеге асырылатын тәсілді қолданып, сол мемлекеттен жаңа жабдықтар әкелініп орнатылған. Бүгінгі таңға аталған жобаның 4 цехының екеуі толықтай аяқталып, жұмысшыларды қабылдауға дайын тұр. Алдағы наурыз айында кәсіпорын 200-ге жуық жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлауда. «Алтыналмас» акционерлік компаниясы» АҚ-ында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Цифрлық кен орны» жобасын өндіріске енгізуді қолға алып отыр. Өңіріміздегі өндіріс ісі, міне, осылай жыл өткен сайын жаңарып, жаңғырып, заман талабына сай жаңа технологиялар енгізілуімен әлеуеті артып, даму үстінде. Аудан өндірісшілері Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің нақты іске асырылуына өздерінің қомақты үлестерін қосуда.

Қалима ИСАБАЕВА, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар