Егер жұмыс таппасаң мамандығыңды ауыстыруға болады
Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «...Стратегия – күннен-күнге, жылдан-жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы. Бірақ нарықтық жағдайда аспаннан нәпақа күтпей, тиімді еңбектену керектігін әркім-ақ түсінуі тиіс. Мемлекеттің міндеті-осыған барлық жағдай жасау. Мен әлемнің озық елдері арасындағы Отанымыздың лайықты болашағы қазақстандықтарды мәңгілікке біріктіретініне сенімдімін» деп атап көрсетті.
Елбасы айтқандай мемлекет тарапынан жұмыс істеймін дегендерге барынша жағдай жасалып жатыр. Мемлекеттік неше түрлі бағдарламалар аясында жұмыс тауып, шаруасын дөңгелетіп отырғандардың саны күннен-күнге еселеп артып келеді. Оны «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтылып жатқан азаматтардан да аңғарасың. Мәселен, биыл кәсіби даярлау және қайта даярлауға жергілікті бюджеттер есебінен 450 адам жіберу жоспарланып, осы мақсатқа 18,4 миллион теңге бөлінген. 1 маусымға дейін кәсіби оқытуға 349 адам жолданып, 3,4 миллион теңге игеріліпті. Кәсіби оқыту аспазшы, көлік жөндеу слесарі, электрогазбен дәнекерлеуші, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі тәрбиешінің көмекшісі, слесарь-жөндеуші, шаштараз, сатушы, тігінші және «В», «С» санаттағы жүргізуші мамандықтары бойынша жүргізілуде. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» аталатын үшінші бағытының бірінші құрамдас бөлігі – «оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бойынша өз бетінше жұмыспен қамтылғандарды оқыту, аз қамтылған және жұмыссыз жандарды өнімді еңбекке тарту қолға алынған. Жұмыссыздарды тұрғылықты жерлерінде кәсіптік даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өткізу арқылы тұрақты жұмыспен қамту да көзделген. – Кәсіптік даярлауға ешқандай кәсіптік мамандығы жоқ азаматтар, қайта даярлауға белгілі бір мамандығы бар, бірақ ол мамандығы бойынша бүгінгі еңбек нарығында жұмыс таба алмаған азаматтар жолданады. Сондай-ақ, кәсіптік біліктілігін арттыруға өзінің мамандығы бойынша бүгінгі жаңа технологияны меңгеру және индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске асырылатын жобалар үшін кәсіптік деңгейін көтеру қажеттігі туындаған азаматтар жіберіледі. Оқыту курстары мемлекет қаржысы есебінен ұйымдастырылады және оқуға қатысушыларға тамақтану, жол жүру және тұруына материалдық көмек қарастырылған», -дейді облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Айгерім Бостанова. Бағдарлама бойынша кәсіптік оқытуды қаржыландыруға 437,8 миллион теңге бөлініп, осы уақытқа дейін қаралған 209,4 миллион теңгенің 204 миллион теңгесі игерілген. Бұл-97,4 пайызды құрайды. Оқытумен жоспарланған 1678 адамның 1 маусымға 1288-і қамтылған. Оның ішінде 955 адам кәсіптік даярлау бойынша оқуын жалғастырып жатса, 232 адам қайта даярлауға, 101 адам біліктілігін арттыруға жолдама алған. Биылғы 1 қыркүйектен бастап 190 адам кәсіптік даярлауға және 200 ішінара жұмыспен қамтылған азамат қайта даярлау мен біліктілігін арттыруға жіберіледі. Олар Т.Рысқұлов ауданындағы №19 Құлан ауылшаруашылық колледжінде ветеринария, №1 және № 6 колледждерде пісіру ісі, газдандырылған қазандық қондырғыларының операторы, электрондық есептеу техникасы және бағдарламалық қамсыздандыру, шаштараз өнері және сәндік косметика-шаш үлгілерін жасаушы, тігін өндірісі және киімдерді модельдеу, автокөлікті жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету, өндірістегі электромеханикалық жабдықтар, тамақтандыруды ұйымдастыру,«Эльба» ЖШС-да аспазшы, кондитер, «Айша бибі» автомектебінде кәсіби жүргізуші мамандықтары бойынша кәсіптік білім алуда. Қазіргі кезге дейін оқуларын аяқтаған 168 адамның 104-і жұмысқа орналасса, оның 87-сі тұрақты жұмыспен қамтылыпты. 17-сі «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа жіберілген. Мамандық алып шыққандардың қалғандарын да жұмыспен қамту шаралары қолға алынған.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді