«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қоқысты да кәдеге жаратады

Қоқысты да кәдеге жаратады
ашық дереккөз
Қоқысты да кәдеге жаратады

Елбасы өзінің биылғы Жолдауында жүктеген «Ақылды қала», «Ақылды ұлт» деп аталатын 10-міндетте инвесторлардың жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайтындығы жайлы атап көрсетілген-ді. Шын мәнісінде біз өзіміздің мекен ететін жеріміздің тазалығы үшін жауапты емеспіз бе? Қазақ «Ауылына қарап азаматын таны» деп бекер айтпаса керек. Ал экология сөзінің мәні «үй ішіндегі тазалықта» жатыр. Таза емес ауылда өмір сүрсеңіз, денсаулығыңызда да кінәрат болмай ма? Иә, соңғы жылдары Үкіметіміз елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында түрлі бағдарламалар қабылдауда. Осыған байланысты «Жасыл белдеулер» құру жобасы қолға алынған. Қала және ауылдарды абаттандыру жұмысы қарқынды жүзеге асырылу үстінде. Алайда соған қарамастан, елді мекендердің көркеюі үшін барлығымыздың белсенділігіміз, іскерлігіміз, еңбекқорлығымыз жетіспей жатқандығы анық. Қазіргі таңда қаладағы немесе ауылдық елді мекендерге бара қалсаңыз, кір-қоқыс жинақтайтын контейнерлердің маңайы неше түрлі тұрмыстық заттардың қалдықтарына толы.

Егер сіз Қаратау қаласынан Тараз қаласына қарай жолға шықсаңыз, күрежол бойының целлофан, пакеттердің, полиэтилен қалбырлары мен пластикалық ыдыстардың неше алуан түрімен ластанғанына да көз жеткізер едіңіз. Аса ауылынан шыға берістегі темір жол бойы да қираған ағаш түбіртектері мен қалай болса солай төгілген тұрмыстық қалдықтардан көрінбейді. Бұлқына ағып жатқан Талас өзенінің Бурыл аймағындағы арнасының іші де, сырты да қоқысқа толы. Осылардың барлығы көзге қораш көрініп қана қоймай, жалпы жол бойына ие бар ма деген ойды санаңа құяды. Әлде ел басқарған шенеуніктер пойызға мінбей ме? Арғы жағын айтпай-ақ қояйық. Соңғы екі жылдағы мен көрген көше мен жолдардың өнебойы осылай ыбырсып жатқанына әркім-ақ куә. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында жуырда қаладағы орталық базар аумағынан «Kaz.eco.prom.servise» ЖШС-ның құрылғандығын естіп, оның жұмысымен танысуды жөн көрдім. Серіктестіктің директоры Мақсат Думанов әуелгі кезде «жұмысымызды әлі толық бастай қойған жоқпыз» деп қашқақтағанмен, біраз сауалдарымызға жауап берді. Мақсаттың айтуына қарағанда, қаланың экологиялық тазалығы көңілдегідей емес. Қай жаққа қарасаң да тал-талдың басына ілінген полиэтилен қапшықтар, баклашкалар, бөтелкелер аяққа оралып, маңайына зиянын тигізіп жатқаны. Бұл мәселеге ол бейжай қарай алмапты. Ғаламтордан «Ақылды қалалардың» тәжірибесін оқып, таныса келе өзінің жеке кәсібін ашуға тәуекел еткен. Серіктестікті «Kaz.eco.prom.servise» деп атағанды жөн көріпті. Тарқата айтар болсақ, бұл сөз Қазақстанның экологиясын сақтау өндірісі дегенге келеді. – Біз, – дейді ол, – далада жатқан полиэтилен бұйымдарының зияны жайлы біле бермейміз. Мәселен, қалбырлар немесе полиэтилен қапшықтар 300-400 жыл бойы жан-жағына уын шашып жататындығын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Жұқа қалташықтарды жеген малдың іш-құрылысы бұзылып, өлгенін де көріп жүрміз. Осыған байланысты биылдан бастап полиэтиленнен жасалынған қалташықтарды пайдаланудан мүлде алып тастау туралы Үкіметтің қаулысы шыққанынан да хабардармыз. Ал баклашканың қолданыстан шығатын түрі жоқ. Сондықтан пластиктен жасалған тұрмыстық заттарды жинап, оны қайта балқытып кәдеге жаратуды дамыған мемлекеттер баяғыда-ақ қолға алған. Осы мәселені жан-жақты зерттей келе өткен жылдан бері тұрмыстық заттарды жинап, жарамдысын қайта өңдеп немесе химиялық ерітінділер арқылы балқытып, тиісті зауыттарға өткізу ісін бастадық. Осы мақсат үшін «Эко-контейнер» алып, оны қаладағы қоқыс жәшіктерінің маңына қоятын боламыз. Жекелеген тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды серіктестіктің Ә.Молдағұлова көшесіндегі мекен-жайына әкеліп өткізуіне де болады. Біз осылай ету арқылы қаланы қоқыстан арылтып, немесе оларды қайта өңдеп шикізатқа айналдырамыз, пластикалық дүниелер жасайтын кәсіпорындарға өткіземіз. Сонымен бірге жарамсыз қағаз қалдықтарын, тіпті бөтелкелерді де қабылдаймыз. Осы арқылы қалдықсыз технология жобасын жүзеге асыруға үлесімізді қоспақпыз. Әзірге кәсібімізді өз қаражатымызбен жүргізуді жөн көрдік. Тараз қаласында мұндай іспен айналысатын кәсіпкерлік нысандары ондап саналады. Қаратаулық азаматтардың да батыл қадамы әбден құптарлықтай. Алайда жақсы бастамалар тұрғындар түсіністікпен қараған жағдайда ғана нақты іс жүзіне асатыны анық. Қаламызды, даламызды улы заттардан тазартуды жаппай жүзеге асыру ісінің «ақылды ұлт» мәртебесін иеленуге, 30 елдің қатарына нық еніп, дені сау, қоғамдық санасы жоғары ұлтқа айналуымызға іргенегіз қалайтыны хақ. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп кәдеге жаратуда АҚШ мемлекеті әлемде 1-ші орында тұр. Ол жақта қоқыстарды жинап кәдеге жарату 100 пайызға жеткен. Еуропа елдері де экологияның тазалығына қатты мән береді. Содан болар, ол елдің халқының денсаулығы мықты, өмір жастары ұзақ. Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, журналист

Қаратау қаласы, Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар