«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараз түрлене түседі

Тараз түрлене түседі
ашық дереккөз
Тараз түрлене түседі

Облыс әкімі қаладағы бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарды аралап, нақты тапсырмалар берді

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов екі күн қатарынан Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды аралап көріп, олардағы атқарылған жұмыстармен танысып, өзекті мәселелеріне де назар аударды. Өңір басшысы ең алдымен «Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» акционерлік қоғамына барды. Өнімдерін Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына өткеріп отырған ірі кәсіпорында 500-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өткен жылы кәсіпорынның дамуына 264 миллион теңге көлемінде инвестиция салынған. Бүгінде аталған нысанның тоқтаусыз жұмыс жасауына қажетті «көгілдір отынның» тапшылығы мен мазут бағасының шарықтап кетуіне байланысты қиындық туындап отыр екен. Асқар Исабекұлы бұл іске жауапты тұлғаларға бағаны ретке келтіріп, еңбек өнімділігін жақсартуды тапсырды. Облыс әкімі «Тараз Қант Зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болды. Өткен жылы зауытта 219 082 мың тонна қант өндіріліпті. Бүгінгі таңда серіктестікте 812 адам жұмыс істейді. Аймақ басшысы кәсіпорын жетекшілерінің назарын зауыттан өндірілген өнімнің ең алдымен облыстың нарығын қамтамасыз етуі керектігіне аударды. Облыс орталығындағы бюджеттік мекемелерді, әлеуметтік нысандар мен көп қабатты тұрғын үйлерді жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының тыныс-тіршілігі де өңір басшысының назарынан тыс қалмады. Былтыр мекемеде 224,4 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, тозығы жеткен ғимарат кәсіпорынның толық қуаттылығымен жұмыс жасауына кедергі болып отыр. Сондай-ақ «көгілдір отынның» тапшылығы да кәсіпорындағы өндірістік үдеріске кері әсерін тигізуде. Өңір басшысы салалық басқарма басшыларына қалыптасқан мәселелерді тез арада реттеп, мекеменің қуаттылығын арттыруды міндеттеді. Асқар Исабекұлы «Фабрика ПОШ-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жұмысымен танысты. Өнімін Ресей мен Қытайға экспорттайтын серіктестік бүгінде шикізат тапшылығын сезінуде. Өңір басшысы бұл мәселенің шешімін табуда фабрика жетекшілері мен облыс әкімдігі арасында жылдық жоспар түзілуі керектігін атап өтті. Осы орайда, Асқар Исабекұлы мал жүнін жинауда еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да көрсетіліп жатқан қолдауларды пайдаланудың жолдарын қарастыру керектігін алға тартты. Соған сай алдағы уақытта елді мекендерден фабрикаға қажетті мал жүнін жинаудың жүйесі әзірленбек. Мекемеде өңір басшысына «ТаразКожОбувь» ЖШС-да өндірілген былғары аяқ киім түрлерінің таныстырылымы ұйымдастырылды.

Келесі кезекте облыс әкімі бұрынғы «Шахристан» базарының орнында, «MART» сауда үйінің құрылыс алаңында және №4-ші өзбек орта мектебінің ғимаратында болып, ондағы жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Тараз қаласының бас жоспарына сәйкес, бұрынғы «Шахристан» базарының аумағындағы жер телімдері толығымен мемлекет меншігіне қайтарылған. Болашақта мұнда «Оқушылар сарайы» бой көтермек. Ал құрылысы осыдан 3 жыл бұрын басталған «MART» сауда үйі биылдан бастап қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетуді бастайды. №4 өзбек мектебінің ғимаратында облыс әкіміне облыстық ІТ лицейін ашу жөніндегі жоба ұсынылды. Оған бюджеттен 609 миллион теңге қаржы қарастырылады. Өзбек мектебін жауып оның базасында ІТ лицейін ашу бастамасының көтерілуіне оқу ордасындағы білім сапасының жыл санап төмендеп келе жатқандығы мен оқушылардың ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысудан жаппай бас тартуы да себеп болып отыр. Облыс әкімі А.Мырзахметов Тараз қаласын аралау сәтінде облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы мен Кәсіпкерлер үйінің де жұмысымен танысты. Бүгінде облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының қызметін 40 бала көріп отыр. Тағы 20 бала орталық қызметіне жүгінуге кезекте тұр. Әзірге облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын паналап отырған орталық өз алдына қажет етеді. Таяуда ғана пайдалануға берілген Кәсіпкерлер үйінде болған өңір басшысы жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтармен тілдесіп, олардың көкейкесті мәселелерін тыңдады. Асқар Исабекұлы мекеменің азаматтарға қызметті бір терезе қағидасы бойынша жедел әрі сапалы жүргізуі және қағазбастылықтан арылуы қажеттігіне баса назар аударды. Алдағы уақытта Кәсіпкерлер үйі облыстағы кәсіпкерлер мен инвесторларға қажетті толыққанды мәлімет ұсынатын деректер базасын құру мен қызметіне жүгінген бизнес өкілдерімен тұрақты байланыс орнатуды өз жұмысының негізгі бағыты етпек. Облыстық ауруханада болған Асқар Исабекұлы денсаулық сақтау мекемесіндегі инсульт бөлімінің талапқа сай еместігіне назар аударып, мәселенің шешімін табу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Тараз қаласында жаңадан бой түзейтін 14 және 15-шағын аудандардың құрылыс жоспарымен танысқан облыс әкімі онда салынатын көп қабатты тұрғын үйлердегі пәтер бағасын тұрғындарға қолжетімді ету үшін олардың бірінші қабатын коммерциялық мақсатта пайдалануды ұсынды. Сонымен қатар, өңір басшысы мүдделі мекемелердің басшыларына облыс орталығындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақты қайта жаңғырту жұмыстарын талапқа сай жүргізуді міндеттеді. Облыс әкімі Тараз қаласын аралаудағы екінші күнді «Жасыл Ел Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысудан басталды. Қалдықтарды өңдеу және қайта кәдеге жарату, жою қызметтерін ұсынатын мекемеде қазір 236 адам еңбек етеді. Қала көшелерінің тазалығын сақтауға серіктестіктің 80 бірлік техникасы сақадай сай тұр. Дегенмен, мекеменің техникалық әлеуеті толассыз жауған қарды тазалауға жетпей жатыр. Сондықтан да облыс әкімі серіктестік жетекшілеріне қыстың көзі қырауда қапы қалмас үшін өңірдегі барлық мекемелердің техникаларын тарту туралы келісімшарт жасауды тапсырды. Сонымен бірге, мекеменің жылдық жұмысының жоспары түзіліп, кіріс-шығыстары мен жұмысшылардың еңбекақысын төлеу де жүйелене түседі. Ал қала басшылығы серіктестіктің шаһар көшелерінің шырайын келтіретін сәнді гүлдер мен ағаштардың көшетін баптап өсіретін арнайы бақтың құрылысын қолға алатын болады. Бір сөзбен айтқанда қаланың тазалығы мен көгалдандыру ісі шаһар басшысы жұмысының негізгі көрсеткішіне айналмақ. «ТаразКоммуналкөлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде облыс әкіміне кәсіпорынның базасынан электробустарға қызмет көрсететін «Higer Quazar» компаниясының жұмысын бастау туралы мәліметтер ұсынылды. Бұған дейін электробустарды құрастыру мен оларға қызмет көрсету саласында әлемдегі жетекші компанияның қызметін тұтынған Қарағанды облысының тәжірибесі кәсіпорын жұмысының тиімділігіне көз жеткізді. Сондықтан да өңірде «Higer Quazar» компаниясының жұмысын жүйелеуге басымдық беріледі. Болашақта бұл кәсіпорын Тараз қаласынан жылына 20 электробус құрастыруға қабілетті зауыт ашуға ниет білдіріп отыр. Өңірдегі металлургия ісінің көшбасшысы саналатын «Тараз металлургия зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жұмысымен танысқан облыс әкімі салалық басқармалар басшыларының назарын мекемеге қажетті электр энергиясы мен темір жол көлігімен жүк тасымалдау қызметінде бағаның өсуі мен маман тапшылығы мәселесінің орын алып отырғанына аударды. Сондай-ақ облыстағы индустриалды аймақтарды облыс әкімдігінің меншігіне алу қажеттігі айтылды. Сол арқылы жергілікті билік инвесторларға тиімді инвестициялық климат қалыптастырып, олардан әлеуметтік жауапкершілікті талап ететін болады. Өңір басшысы жерасты суларын өндіру арқылы қала тұрғындары мен кәсіпорындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін «Тараз су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының да жұмысымен танысты. Бүгінде кәсіпорын өзінің 2017-2022 жылдарға арналған ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламасына сай жұмыс істеуде. Бағдарлама нәтижесінде кәсіпорын халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету қызметін жетілдіруге және ресурстарды үнемдеуге қол жеткізбек. Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың тыныс-тіршілігімен етене танысқан өңір басшысы қала әкімдігінің мәжіліс залында актив жиынын өткізді. Бұл жолы да облыс әкімі ұзын-сонар баяндамаларды тыңдап, уақытты текке өткізбеді. Қалыптасқан мәселелерді шешуге жауапты салалық басқарма басшылары мен қала әкіміне, орынбасарлары мен бөлім меңгерушілеріне нақты-нақты тапсырмалар жүктеді. Өңір басшысы әуелі бір кездері химия өнеркәсібімен аты шыққан Тараз қаласындағы өндіріс орындарының жай-күйіне баса назар аударды. Мәселен, өткен жылы 86 кәсіпорын 7,5 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болған. Сол секілді, мемлекет қолдауын сезінген 17 737 жеке кәсіпкер де өз ісін дамытуға мүмкіндік алған. Сәйкесінше, аталған кәсіпорын жетекшілері мен кәсіпкерлер қаланы көркейту, көгалдандыру ісіне үлестерін қосудан шет қалмауы керек. Әулиеатаның әлеуетін арттырудағы басымдық кәсіпкерлік, өнеркәсіп салаларына беріледі. – Екі күн бойы қаланы аралап байқағаным, көптеген ғимараттар пайдаланылмай бос тұр. Осыны ескере отырып жауапты тұлғаларға облыс аумағындағы қолданыстан шығып қалған ғимараттардың жалпы саны туралы мәлімет әзірлеуді тапсырамын. Оларды мемлекет меншігіне қайтарып, өңір экономикасына пайда әкелуге ниетті кәсіпкерлерге беру керек. Сондай-ақ облыстың экспорттық, импорттық әлеуетіне сай карта түзу қажет. Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарының санын мейлінше көбейте түскен жөн. Өнімді өндіруден бөлек оны саудалау ісінде «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық көліктік дәлізі сауда-логистикалық орталығын құру мүмкіндігін қарастыру керек, – деді Асқар Исабекұлы. Актив жиынында қаланы көркейту мәселесі де кеңінен сөз болды. Бұл орайда, Асқар Мырзахметов ақпан айынан бастап апта сайын қала құрылысы кеңесіне жиналып, шаһардың ажарын ашатын жобалардың талқыланатынын жеткізді. Сондай-ақ қала көшелеріндегі жарнамалық билбордтардың талапқа сай әзірленбегенін және орталық даңғылдардағы бағдаршамдардың көптігін сын тезіне алды. Облыс орталығында таяу арада бой көтеретін 14, 15-шағын аудандардың құрылысы мен жеке тұрғын үй салуға жер алу үшін кезекте тұрғандардың жайы да жан-жақты талқыланды. – Қазіргі таңда Тараз қаласында 67 мыңдай адам жер алу үшін кезекте тұр. Олардың әрқайсысының әлеуметтік жағдайы, санаты зерделенсін. Ал, жаңа шағын аудандардағы құрылыс заманауи үлгіде барлық талаптарға сай жүргізілуі қажет. Тағы бір ескеретін жайт, 58 мың халқы бар «Шалғай Қарасу» иінінде көктем айларында жерасты суы көтеріледі. Осы мәселені реттеуде сол иінде жерасты суларының мөлшерін реттеп отыратын дренаж құрылысын жүргізуге жедел кіріскеніміз жөн, – деді облыс әкімі. Басқосуда облыс әкімі қала көлеміндегі өзге де әлеуметтік мәселелерді шешу тетіктерін қарастырып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар