Қазақстандық білім жүйесі 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңартылған білім беру мазмұны бойынша бес күндік оқу аптасына көшіп бітеді. Бұл кезеңде 12 жылдық оқу бағдарламасы да толық енгізілетін болады. Білім беру жүйесіне енгізілген реформа, ең алдымен, оқушыларға сапалы білім беруді, болашақта олардың әлемдік бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету әрі қалыптасқан оқу процесіндегі еңбек тәртібін реттеу қажеттілігінен туындаған. Себебі, Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс аптасы ересектерге арналған талап бойынша 40 сағаттан, балалардың оқу аптасы 30 сағаттан аспауы қажет. Ал мектептегі сабақтан бөлек, балалардың үй тапсырмасын орындайтынын ескерсек, оқушылар аптасына 50 сағаттан артық жұмыс істейді екен.
Қазірдің өзінде 1,2,5,7 сыныптар жаңа жүйемен білім алуда. Жаңа бағдарлама бойынша оқытудың өзіндік қиындықтары бар болғанымен, артықшылығы да бар. Ол бес күндік оқу аптасы. Оқушылар жаңартылған жүйенің осы ерекшелігіне қызыға қарап жүргенде Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен биыл мектеп-гимназиялардан басқа білім ордалары түгелдей 5 күндік оқуға көшірілді. Бірақ бұл көшудің жаңартылған білім мазмұнына еш қатысы жоқ. Бұл – тек қана оқушылардың сабақ жүктемесін азайтып, апталық демалыс уақыт ұзарту мақсатында қолға алынған үдеріс. Жаңа талапқа көндігу қашан да оңай емес екені белгілі. Содан болар бастапқыда аптасына бес күн оқыту мұғалімдер жұмысын жеңілдетудің орнына қиындатып жіберді деген «күңкіл» көбейген. Сондықтан бұл үдеріс «тиімді ме тиімсіз бе?» деген сауалға жауап іздеп, М.Жұмабаев, Т.Рысқұлов атындағы мектептерге бас сұқтық. Бір аптадағы сабақ кестесі 5 күнге қысқарып, сабақ уақыты азайғанымен, сауалнамаға қатысқан ата-ана, оқушы тіпті мұғалімдердің өздері де бұған алуан пікір білдірді.
Мадина Мырзабекова, ата-ана: – Негізі жаңартылған білім беру бағдарламасы оқушыларға қиын соғуда. Қала мен ауыл мектептерінің деңгейін салыстыруға болмайды. Қалада балаларға да, мұғалімдерге де жаңа жүйе бойынша қосымша ізденуге мүмкіндік мол. Ата-аналар да ұл-қыздарын қосымша сабақтарға беріп, ақша төлеп оқытып жатады. Ауылда ондай жағдай жоқ. Қосымша қаражат төлеп оқытуға бірінің жағдайы жетсе, енді бірінің қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне жаңартылған бағдарлама өте күрделі. Менің ойымша білім сапасын тестке қарап бағалаған жөн емес. Сондай-ақ биыл жаңа жүйеге көшпеген сыныптар да тегіс бес күндік оқуға көшкені белгілі. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар, бірақ оның өзіндік кедергілері де бар. Соның бірі – орын тапшылығы бар мектептердің екі ауысыммен оқытатыны. Қыстың күндері төменгі сынып оқушылары түстен кейін сабақтан кеш қайтып жүр.
Толқын Тұрсынқызы, мұғалім: – Жаңартылған білім мазмұны бойынша 7-ші сыныптарға сабақ беремін. Баланың функционалды ойлау қабілетін дамытуға, әртүрлі тараулар арқылы мол мәлімет жинауға, грамматикалық берілген тапсырманы ұғуға көмегі көп. Тоқсандық, жиынтық бағалауларда баланы жылдам ойлауға, жылдам шешім қабылдауға, ойын жылдам жеткізуге, сыни тұрғыдан ойлауға үйретеді екен. Ал тиімсіз жағы – кітапта берілген тапсырмалар күрделі болғандықтан, оқушы оны орындап бітіре алмайтыны. Жаңартылған білім жүйесін барлық бала бірдей меңгере алмайды. Меңгере алмаған шәкірттің білімін бағалау кезінде қиындық туады. Бұл жүйе әуелгіде Назарбаев зияткерлік мектептеріне арналғаны мәлім, ал ондай мектепке негізінен ойы жетік, жылдам қабылдай алатын, бір сөзбен айтқанда «іріктелген» балалар барады. Ал бізде орта деңгейдегі оқушылардың барлығы жаңа бағдарламаны қабылдай алмайды.
Айгүл Қожағұлова, ата-ана: – Өзім бес күндік оқуды құптаймын. Бірақ бастапқы кезде оқушылар мектептен қараңғыда қайтып жүргендіктен, көп уайымдадық. Қазір балам түске дейінгі ауысымда оқып жүр. Бос уақыты көп. Бала болғаннан кейін ойнап бойын, ойын сергітіп тұруы қажет. Сол үшін сенбі күнгі демалысты қолдаймын. Ал жаңартылған білім беру жүйесінің біздің балаларымыздың санасына кереғар тұстары көп екен. Өзін-өзі басқарудың орнына, бала керісінше өзін-өзін жоғалтып алуда. Сабаққа деген ынтасы төмендеген. Бала оқуға деген қызығушылықтан қалды. Ол түгілі оның күнделігін ашып қарауға мен қызықпаймын. Бұрын күнделікке баға қойылатын. Ол кезде балам күніне екі сабақтан «5» алатын. Ал қазір күнделікке баға қойылмаған соң, баланың оқуға деген қызығушылығы жоғалған. Бала күнделікке үй тапсырмасын жазбайтын болған. Сөйтсек үйге тапсырма берілмейді екен. Тек мектепте оқуы керек. Бірақ мектепте де оқып қарық қылып жатқаны шамалы. Негізі ауыл балаларының сабағы орыс, ағылшын пәндерінен ақсап жатады ғой. Сол екі пәннен ақсап тұрған балаларға, мектеп неге қосымша сабақтар өтпейді?
Айнұр Оразымбетова, ағылшын пәнінің мұғалімі: – Бес күндік сабақ беру бізге ұнайды. Алтыншы күні өзіміз семинарлар ұйымдастырып, әдістемелік жұмыспен мастер кластар жүргіземіз. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасамыз. Сондықтан да мұғалімдерге 5 күндік оқу жүйесінің пайдасы мол. Жаңартылған білім жүйесінің сапасына келер болсақ, оқушылар әлі бейімделе алмай жатыр. Алайда алдағы уақытта бәрі реттеледі деп ойлаймын. Өйткені 7 сынып оқушылары жаңа бағдарламаны үйреніп келеді. Ал ата-аналар сұрап отырған қосымша сабақ ұйымдастыруға мұғалімдер, физикалық тұрғыдан дайын емес. Себебі күніне 7-8 сабақтан өтеді. Сенбі күні оқушының қосымша сабаққа келуі де міндетті емес. Алайда ағылшын тілі сабақ кестесі бойынша аптасына үш рет өткізіледі. Соның өзі білім алуға жеткілікті деп ойлаймын.
Жанар Жәлелқызы, 11-сынып оқушысы: – 5 күндіктен гөрі бұрынғы 6 күндік оқу жүйесі оқушылар үшін ыңғайлы еді. Бес күндік оқу жүйесінде бір күнде 8 сабақтан өткізіледі әрі түстен кейін қосымша сабақтарға барамыз. Бұл біздің көп уақытымызды алады. Сондықтан бізге қиындық туғызып отыр. Маған бұрынғы 6 сабақтан өтетін 6 күндік оқу жүйесі ұнайды. Бізге ыңғайлы әрі бос уақытымыз да көп болатын.
Ләззат Қарабекова, Т.Рысқұлов атындағы мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі: – Жаңартылған білім беру жүйесінің бір жақсы жағы – оқушылардың өзін-өзі бағалауы. Бастапқы кезде оқушылар өздерін өтірік бағалай салатын, қазір шын бағалауды үйренді. Ал жаппай 5 күндік оқу жүйесі тиімсіздеу деп ойлаймын. Себебі, балалар үшін екі күндік демалыс уақыты көп. Демалғанға қалыптасып қалғаннан кейін, бірден оқуға кірісе алмай қиналады. Оның үстіне бір күнде сегіз сабаққа дайындалып, әр пәннің кітабын арқалап жүру оқушылар үшін оңай емес. Екі ауысымда оқытылатын мектептердің бірінші ауысымының тым ерте басталуы және екінші ауысымда оқитын оқушылардың сабақтарының тым кеш аяқталуы ауылдық жерде, әсіресе қыстың қысқа күнінде көп қиындықтар туғызады.
Уалихан ЖАЙЛАУ
Мойынқұм ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді