Сәрсенбек Бәкір десе, ойымызға ең алдымен бір кездегі халықтың көңілінен шыққан хит әндердің авторы оралатыны сөзсіз. Сазгердің «Нұр-Мұқасан» дуэтінің орындауындағы «Не пайда?», «Махаббат назы» және жергілікті талантты ақын, марқұм Серік Томановтың сөзіне жазылған «Сезімді қайтем, тулаған?», «Аузынан айдың түскен қыз», «Соғады сен деп жүрегім» атты әндері күллі қазақтың жүрегінен орын алғаны, әлі күнге дейін қаншама елдің сүйіп тыңдайтын туындылары екені ақиқат. Осындай өміршең шығармалардың авторы Сәрсенбек Бәкірмен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Өнер иесімен болған әңгімеміздің әлқиссасына осыдан біраз уақыт бұрынғы Тараз қаласы мен өнер ордасы атанған Алматы қаласында өткен композитордың шығармашылық кешінен кейінгі алуан ойлары арқау болды.
Сәрсенбек БӘКІР, композитор:
– Шығармашылықтың адамы болған соң, өнерсүйер елмен жүздесіп, қолдан келгенше өнеріңді бағалаушы қауымға есеп беріп тұруың қажет деп ойлаймын. Бұрындары облыс орталығы Таразда жыл сайын жеке сазгерлік кешімді өткізіп тұратынмын. Бір себептермен кейінірек кідіріп қалған еді. Сол шара сегіз жылдан соң жалғасын тапты. Негізі менің жоспарым Алматыда өзімнің үлкен кешімді өткізу еді. Сол ойдың нәтижесінде алдымен шығармашылық есебімді Таразда беретін болып шештім. Елдің ақ батасын алып барып Алматыға аттандым. Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен концерттік бағдарламаны одан әрі жетілдіріп, ауқымды етіп Республика сарайында дүркіретіп өткіздік. Алматыдағы алғашқы кешім болғандықтан, барымды салуға тырыстым. Бұрын-соңды жазылған әндерімнің барлығының басын жинақтап, біразын қайта өңдеп, жетілдіріп шығардық. – Республика сарайында кеш өткізу оңай шаруа емес. Тіпті кейбір табысы жоғары өнер адамдарының өздері жеке кештерін өткізуге жүрексініп жататынын білеміз. Сізге қолұшын бергендер болды ма? – Қолұшын берген ағайындарым мен жақындарым болды. Бірақ жекелей қалталы азаматтар көмектескен жоқ. Әйткенмен рухани тұрғыда демеу болған, тілектес, ниеттес азаматтардың қатары жетерлік. Солардың ақ тілеуінің арқасы да болу керек, көптің көңілі жарға жықпады. Бәрі ойдағыдай өтті. Бұл жерде талай өнерпаздардың, әншілердің бағын ашып жүрген белгілі ән өңдеуші Бағлан Омаров досымның атын айрықша ықыласпен атап өтер едім. Алматыға кеш беру идеясын да алғаш бастаған сол еді. «Қанша жыл болды, көптеген әндеріңмен тыңдармандардың жүрегіне жол тауып келе жатырсың. Сол әндеріңді халыққа одан әрі кеңінен насихаттап, республикалық тұрғыда Алматыда кешіңді өткізейік. Халық білсін, сондай жақсы әндерді дүниеге әкелуші автордың кім екенін!» – деп қолқалаған Бағлан Омаров әндерімнің бәрін қайта өңдеп, әншілерге үлестіріп беруде де елеулі еңбек етті. – Сіздің әндеріңіздің дені елімізге танымал, белгілі әншілердің орындауында халыққа жетіп жатқанын білеміз... Зал толтыруда аса қинала қоймаған шығарсыз? – Әлбетте, кеш өз-өзін ақтады деуге толықтай негіз бар. Кеште баяғыдан біраз әндерімнің бағын ашқан «Нұр-Мұқасан» дуэті «Сезімді қайтем, тулаған?», «Не пайда?», «Махаббат назы» әндерін орындаса, Тамара Асар мен Ақылбек Жеменей ақын Күләш Ахметованың сөзіне жазылған «Сағымды шақырдың ба?», «Інжу» тобы Сұлтанәлі Балғабаевтың сөзіне жазылған «Анашым» әндерін әуелете шырқады. Жергілікті айтулы ақын, марқұм Серік Томановтың сөздеріне жазылған «Аузынан айдың түскен қыз» әнін Мейрамбек Беспаев, «Соғады сен деп жүрегім» әнін «МузАРТ» тобы орындады. Сондай-ақ «Жебе», «Серілер» тобы, Ғани мен Бота, Мирас пен Құралай секілді отбасылық дуэттер де кештің көрігін келтірді. Жергілікті әншілерден Ғани Мәтебаев, Әділет Әбдікерімов сол кешке үлес қосты. – Сіз тек ән жазып қана қоймай, сонымен қатар орындаушы ретінде де тыңдармандардың қошеметіне бөленген кездеріңіз жетерлік. Музыка әлеміне деген қызығушылығыңыз қалай, қайдан бастау алды? – Менің туып өскен жерім – Талас ауданы, Ойық ауылының маңындағы Сейілбек елді мекені. Көп балалы қазақы отбасында тәрбиеленіп, өстім. Жеті қыз, үш бала болдық. Әнге деген әуестігім мектеп қабырғасында жүріп қалыптасты. Төменгі сыныптардың өзінде сахнаға ән айтып шыға бастадым. Мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Амангелді Ормантаев ақын, сатирик ағамыз бар болатын. Сол кісінің ықпалы маған ерекше әсер етті. Өзі қазақтың қара домбырасын жақсы тартушы еді. Мені мандалинге үйретіп, жеке ән айтқызып, сахнаға шығарып жүрді. Әлі есімде, алтыншы сыныптан асқанда Амангелді ағам қолыма қос ішекті домбыраны икемдеп, дәстүрлі әндерге қарай ықыласымды аудара білді. Солай мектеп қабырғасында жүріп әжептәуір өнерпаз болып қалдым. Содан ба, сегізінші сыныптан соң қазіргі Тараз, бұрынғы Жамбыл қаласына келіп, мәдени-ағарту училищесінің музыка және аспапта ойнау бөліміне құжаттарымды ойланбай өткізе салдым. Оқу орнын 1991 жылы, еліміз ес жинап, еңсесін тіктеп жатқан тұста аяқтап шықтым. Мектепте, училищеде жүрген кездерімде көбіне Алтынбек Қоразбаев ағама еліктеп, сол кісідей болуға талпынып, әндерін айтудан жалықпайтынмын. – Қазақта «тұңғыш» деген ұғымның орны бөлек қой. Әсіресе шығармашылық адамдар арасында бұл сөздің қаншалықты мәнге ие екендігін айтып жеткізу қиын. Тұңғыш жазылған дүниенің қанша шалалығы болса да өзгелерден ыстық болатыны анық. Ал сіздің алғаш рет жүрегіңізді жарып шыққан шығармаңыз қандай еді? – Дұрыс айтасың. Мейлі ол ақын, жазушы, суретші, сазгер болсын, әйтеуір алғашқы шығармасын, алғашқы баспалдағын басқадан артық қоятыны белгілі. Мен үшін де алғашқы жазылған шығармам қымбат. Мектепті аяқтап, қалаға жаңадан келген 1988 жылы, студенттік ғұмырымның алғашқы жылдарында ауылды аңсап жазған алғашқы әнім «Туған жер» деп аталады. Туған жерге деген сағынышымнан туған бұл шығармамның әнін де, сөзін де өзім жаздым. «Алыстан сағындырған туған жерім, Саяңда қозы-лақты қуған жерім. Қашанда ыстық сәлем жолдай білген, Аман ба, берекелі, думанды елім», – деп жазған едім сөзін елге деген сағынышыма ерік беріп. Одан кейінгі жарыққа шыққан «Анама», «Махаббат назы» дейтін әндерім тез таралып кетті. – Қазіргі таңда әуесқой сазгерлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Олардың әндерінің дені батыстық даңғазаның ықпалында кетіп жатады. Сіздің шығармаларыңыздан қазақы, дәстүрлі әндердің, терменің сарыны аңғарылып тұрады... – Ол рас. Қазіргі нотаны тәуір меңгеріп алған құрастырма сазгерлер ырғақты сол батыстың музыкаларынан алып жатады. Өйткені олардың санасына сіңісіп қалған да әлгі батыстың даңғазасы. Одан артық дүние жасау оларға мүмкін де емес. Ол ғана емес, қарап тұрсаңыз, қазір қазақ эстрадасында екі сазгердің әндерінің өзі бір-бірінен аумай қап жатады. Бұл енді түсінбеушілік шығар. Кейбіреулер «бар-жоғы жеті нота, қалай ұқсамайды?» деп ақталған болады. Алайда бір қатары ұқсап қалуы мүмкін, бірақ екі қатары, қайырмасының ырғағы бүтіндей басқа әннен аумай қалып жатса, оған не деуге болады? Менің әндерімнің қазақылыққа жақындығының себебі – мен әнді домбырамен шығарамын. Жаныма, қаныма сіңісті дүние де сол дәстүрлі әндер, жыр-термелер болды ғой. – Қазір «оранжировщиктер» деп аталатын әнді әрлеп-өңдейтін маман иелері ықпалды күшке ие. Еңбегі баршылық. Десек те, бүгінде сол ән өңдеуші топ өздеріне белгілі бір статус керектігін жиі қозғап жүр... – Рас, әннің екінші авторы дегендей сөздер айтылған. Бірақ, әннің авторы болу – оларға тартылмаған сый. Ән жазу, сазгерлік мен үшін Алладан берілетін талант қана. Олар әнді өңдесе, сол үшін ақысын алып жатады. Әйтпесе, саналарына тылсымнан кеп саз құйылмайды ғой. – Елімізде сазгерлерге арналған байқау, тележобалар жоқтың қасы. Бұл сазгерлер тасада қалып қойып жүр дегенді білдіре ме? – Солай деуге де болады. Басқа елдерді қарасақ, сазгерлерге деген құрмет те, қолпаш та ерекше. Бізде ондай емес. Композиторларға ешкім назар аударып жатқан жоқ. Әнді шығаратын композитор, өлеңін жазатын ақындар болғанымен, атақ-абыройдың бәрі әншіде. Сахнаға жарқыратып алып шығатын болған соң халық соларды жақсы таниды. Сазгерлерге арналған байқау, тележобалар жоқтың қасы деп орынды айттың. Тележобалардың бәрі әншілердікі. Соларды насихаттауға арналғандай. Кейбір бағдарламаларда «мына әннің авторы мынандай деген кісі, сөзін мына ақын жазған» деп айтып жатады, оларға рахмет. Десек те, көбіне сазгер мен ақын қалтарыста қалып кететіні жасырын емес. Байқау демекші, бұрындары сазгерлердің шығармашылығын сынға салатын байқаулар болып тұратын. Қателеспесем, 1995 жылы II республикалық «Үкілі үміт» атты сазгерлер байқауында «Нұр-Мұқасанның» орындауындағы «Не пайда?», «Махаббат назы» әндерімен қатысып, бірінші орынды жеңіп алғанбыз. Одан кейін ондай конкурс та болмады, болса да мен қатыса қояйын деп құнттамадым. Мен өзімді кәсіби сазгермін деп санамаймын. Әу баста әуестікпен бастаған болатынмын... Алайда өнерге деген адалдығым жоғары. Аз да болса саз әндерді өмірге әкелгім келеді. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жанғазы АХМЕТ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді