немесе Үміткүл әженің өнегесі әр кезде де есте
Үміткүл Тұрлыбекқызы сұрапыл жылдары тылда Жамбыл ауданындағы «Айнакөл» ұжымшарында аянбай еңбек етіп, соғыста хабар-ошарсыз кеткен күйеуі Қошқарбайды «келіп қалар» деп күтумен ғұмырын өткізген 41-інші жылғы келіншектердің бірі еді. 107 жасқа келіп, осыдан бірер жыл бұрын ғана дүниеден озды.
Ерекше еңбекқор, кімге де болсын шындықты бетіне айтатын, әділетсіздікке төзбейтін, намысқой, аузы уәлі кісі болды. Осынысына бола оны ауыл-аймақ «Би апа» деп атайтын. Ел соғыс тауқыметін тартып, асқа да жарымай жүрген тұста «үріп ішіп, шайқап төккен» ұжымшардың кейбір басшы қызметкерлерімен жиі ілігісіп қала береді екен. Бірде бір құрбысының үйіне барса, қонақ күтіп мәре-сәре болып жатқанының үстінен түседі. Қазақы қоржынтамның дәлізінде шай ішіп отырғандарында колхоздың беткеұстарлары саналатын екі азамат кіріп келіп, сәлемдеспеген күйлері төргі бөлмеге өтіп кетеді. Әжейдің мұны көңіліне дық алып қалғаны аздай, әлгі азаматтар өзін қатарына шақырудың орнына орта табақ ет беріп жібереді. Бұған намыстанған кейуана еттен дәм ауыз да тимей, орнынан тұрып кетеді. Отан үшін опат болған майдангердің жесірі деп те сыйламау онсыз да жаралы жүректі тілімдеп өткен еді. Кеудесіне жиналған ашу-ызасы, реніші жыр болып сыртқа шығады. Соңыра әркім-әркімнен өздері жайлы базына-өлеңді естіп, әлгі азаматтар біраз уақыт Би апаларының көзіне түспей, қашқақтап жүріпті. Кінәларын сезген болу керек, кейін Үміткүл апаның табан ақы, маңдай терімен тапқан азын-аулақ қаражатына колхоздың есептен шығарылған сүтті биелерінің бірін сатып алуына көмектескен көрінеді. Малға шектеу қойылған кеңестік кезеңнің өзінде Би апамыз туыс болып келетін жылқышы алдына салып берген құлынды биесінің басын көбейтіп, кейін 17-ге жеткізген ғой! Екі бірдей отбасын өрге сүйреген Ү. Тұрлыбекқызы алпысыншы жылдардың орта шенінде ауылдағы ең алғаш салынған шатырлы үлкен үйді алты жылқыға сатып алыпты. Осы шаңырақта ұрпақтарын өсірген. Ал 1968 – 69 жылдардағы қатты қыста сол жылқыларының бір ғана басын аман-сау сақтап қала алыпты. «Бұл да болса балаларымның несібесі шығар» депті кейуана осының өзіне шүкіршілік етіп. Үміткүл апамыздың ерліктерінің бұл – біреуі, ал екіншісі соғыста хабарсыз кеткен күйеуінің ошақ отын өшірмей, жалғыз тұяғы Қалмаханын бағып-қағып, аяқтандыруы, бес ұл, бес қыз – 10 немересін де өзі тәрбиелеп, бәрін де оқытып, білімді де білікті азамат болып өсуіне өлшеусіз үлесін қосуы еді. Бір кезде әпербақан басшыларға «Мұңайып отырғаным неге жатар, қамығып жылағанда кім жұбатар, жеткізсе Жаратушы жан-саямды, қарайған түн бозарып, таңым атар!» деп арзу-жыр арнаған ананың айтқаны дөп келді. «Жалғыз ағаштың орманға», әулетінің бір ауылға айналуына күллі саналы ғұмырын сарп еткен, құт-ырыс дарыған қарашаңырақта бақытты да бақуатты, ұзақ ғұмыр кешкен ана бейнесі әр кезде де ел есінде.
Баймаханбет АХМЕТ
Өрнек ауылы, Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді