«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алтын бесігімізді аялайық

Алтын бесігімізді  аялайық
ашық дереккөз
Алтын бесігімізді аялайық
Бір шеті Қордай ауданымен шектесіп жатқан Ақсу ауылы көркем табиғатымен көз сүйсінтеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолына жапсарлас жатқан, әлемдік ЮНЕСКО тізіміне іліккен Баласағұн-Ақтөбе қалашығы да осы округ аумағында. Оны қырық жылға жуық уақыттан бері тарих ғылымдарының докторы Уахит Шәлекенов бастаған Қазақ ұлттық университетінің археологтары тынымсыз зерттеу үстінде. Біз осындай киелі жерімізбен, дархан пейілді, абзал азаматтарымызбен мақтанамыз. Сәулетті де сәнді ауыл көрінісі мұнда жаңа келген адамның көңілін бірден баурап алады. Ауылдық әкімшіліктің бас маманы Айтбай Айдармен сұхбат барысында мына төмендегі мәліметтерге қанық болдық. Округтегі халық саны – 2625 адам. Оның 1523-і – Ақсу, 1102-сі Оразалы батыр ауылдарында тұрады. Аула саны 483-ті құрайды. Жалпы, ауыл шаруашылық жерінің көлемі – 43037, егістігі – 13890, оның суармалысы 2676 гектар көлемінде. Жеке аулаларда 1850 ірі қара, 835 сиыр, 7930 қой өсірілуде. Бір ЖШС, 2 ауыл шаруашылығы кооперативі, 93 шаруа қожалығы, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарынан 6 дүкен, 1 мейрамхана тіркелген. Тұрғындарды санатына қарай жіктесек, зейнеткерлер – 223, көп балалы ана – 115, батыр аналар – 14, Алтын алқа иелері – 33, Күміс алқа иелері 28 екеніне көз жеткіземіз. Ал 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін жәрдемақы алатындар саны 18 отбасын құрайды. Барлығы 400-ден астам бала округтегі 2 мектеп пен екі шағын орталықта оқып, тәрбиеленуде. Тұрғындарға екі аурухана медициналық қызмет көрсетеді. Қарсы шапқан жауымен арыстанша айқасып, алмасша серпілген қазақтың әйгілі батырлары Көкжал Барақ, Қозыүй, Тамабай, Оразалы батырлар осы аумақта мәңгі мекенін тапқан. Бозжорға, Қарақыршын, Жетіжар, Қырықүй, Тамабай жоталары, Ортатөбе, Ақтөбе, Жарықбас және басқа да табиғаты көркем жерлер көздің жауын алады. Ауылды қоршай байлық пен ырыс көзі дерлік «Ақсу», «Сарғау», «Тасөткел» су қоймалары орналасқан. Сондай-ақ аумақ тұрғындарына Ақсу, Қарабалта, Тоқташ, Сарғау, Шу өзендері де нәрін ұсынуда. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген халық даналығы біздің ауылымызға қатысты айтылғандай. Ауылдың әрбір күні қызықты, ерекше шабыт сыйлайды. Ауылымда тағы да, мия өңдейтін «ҚазМия ЖШС» Тамабай жотасында орналасқан. Ол ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Бұл кәсіпорын мия өсімдігінің тамырын өңдеп, глицерин дәрісін шығарып, Жапония мемлекетіне экспорттайды. Ауылын дәріптеген ұрпақ ешқашан азбайды. Туған жер сол үшін де ыстық. Мен ауылдың одан әрі де гүлденіп, өркендеп, өсетініне нық сенімдімін! Ауылдарымыз аман болғай! Төреқұл ӘЛХАНҰЛЫ Ақсу ауылы, Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар