Елбасы биылғы Жолдауында елімізде Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлді. Шу-Алматы темір жол желісі еліміздегі ең маңызды телімдердің бірі болып саналады. 2015 жылдың наурыз айында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы басшысының қатысуымен Кемер стансасында «Шу–Алматы-1» бағытындағы 2-жол құрылысының тұсауы кесілген болатын. «Нұрлы жол» бағдарламасымен жүзеге асырылып, Индустриялық картаға енгізілген құрылыс нысаны соңғы екі жылда қарқынды жүргізіліп, өткен жылғы қазан айының соңында өз мәресіне жетті. Бүгінгі таңда осы темір жол желісінің Шу белгі беру және байланыс дистанциясының қызмет көрсету аймағына енетін «Шу–Отар» темір жол теліміндегі пойыздар қозғалысының ырғағы бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарғандығын атап өткен жөн.
«Шу–Отар» аралығы ежелден бір бағытта қатынайтын жол санатына жататын. Онда 15 блок-посты жұмыс істейтін. Ол постыларда ұзындығы 3,5-4 шақырымдық екінші жол орналастырылған-ды. Өйткені қарама-қарсы келе жатқан пойыз құрамалары осы постыларда бірін-бірі қарсы бағыттарға өткізіп, сапарларын одан әрі қарай жалғастырып отыратын. Енді, міне, ұзақ жылдар жұмыс істеп тұрған блок-постылары алынып, осы 138 шақырымдық аралыққа екінші жол салынуымен темір жол қозғалысының көкжиегі кеңейе түсті. Ендігі жерде пойыздардың кедергісіз қатынауына даңғыл жол ашылып, жұмыс қарқыны үдей түсті. Бұл дегеніңіз – жыл-он екі ай тынымсыз тірлік кешетін теміржолшыларымыздың тағы бір жеткен үлкен жетістігі деген сөз. Бүгінде 2-жолдың пайдалануға берілуі көптеген қиындықтардың түйінін шешуге айқара жол ашып, біраз жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Мәселен, «Шу–Отар» аралығында пойыздардың жүріп өту уақыты бұрнағыға қарағанда анағұрлым қысқарды. Пойыздардың жүру қарқыны артып, көлік қозғалысы жиілеп, соның арқасында жүк тасымалы мен жолаушылар тасымалының көлемі едәуір өсті. Жаңа жолға жаңа қондырғылар мен құрылғылар орнатылып, қызмет көрсету сапасы анағұрлым артып отыр. Белгі беру және байланыс саласында да табыстар мол. Аталған телімге 120 рельелік шкаф, 56 бағдаршам және 13 стансалық электржетек, 34 бағдаршам, 14 штатив, 4 КТСМ модулі орнатылды. Мұндай құрылғылар заманауи талаптарға сай жаңғыртылып, жұмыс жаңа бағытқа қарай бет алды. Мысалы, қолданыстағы ескі бірнеше рельенің орнына жаңа КЭБ-1 құрылғысы орнатылды. Бұл жаңа құралдың ерекшелігі сол, ендігі жерде бұған дейін қолданылып келген ИВГ, БС-ДА, БК-ДА, БИ-ДА, КПТШ, ТШ үлгісіндегі ескі құралдардың қызметін енді бір ғана аспап атқара алады. Екіншіден, электр қуатын анағұрлым аз тұтынады. Үшіншіден, локомотивтердегі белгі беретін АЛСН құрылғысының жұмысы жақсарып, кемшіліктер бұрынғыдан едәуір азайды. Демек, бұл – еліміздегі темір жол саласы бойынша ендіріліп отырған жаңашыл жетістікке қол жеткізіп отырмыз деп мақтанышпен айтуға болатын айтулы оқиға. 2-жол құрылысы кең көлемде жүргізілгені мәлім. Оған өз тарапынан жол мамандары, энергетиктер, сонымен бірге саланың білікті мамандары тартылды. Бұл ретте біздің мекеменің қызметкерлерінің де қосқан үлестері қомақты. Мекеме басшысы Нұрлан Баялиевтың жетекшілігімен ерен еңбектің үлгісін көрсеткен орынбасары Е.Исмаилбеков, бас инженер А.Ақпан, телім басшылары А. Оспанов, А. Алжамбаев, аға электромеханиктер Т. Шалғынбаев Н.Исмаилбеков, Н. Алжамбаев, Е. Искаков, электромеханиктер М. Баймухамбетов, Ж.Қарғабаев, Н. Сүлейменов, инженерлер О.Сағынғали, Ж.Абимолдаевалардың есімдерін құрметпен атап өткен орынды. Аты аталған мамандар өз кезегінде теориялық һәм тәжірибелік тұрғыдан біліктілік пен білімділіктің тамаша өнегесін көрсете білді.
Марат ДОСАЛЯНОВ, Шу белгі беру және байланыс дистанциясының электромеханигі
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді