«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жергілікті өнімнің экспорты өсуде

Жергілікті өнімнің  экспорты өсуде
ашық дереккөз
Жергілікті өнімнің экспорты өсуде

IMG_4744 IMG_4773

Мемлекет басшысы күні кешегі «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында алдымызға қойылған 10 міндеттің үшіншісінде «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек» деп жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындап та берді. Бұл бағыттағы іс өңірімізде де жүйелену үстінде.

Соңғы жылдары еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуына бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен облысымызда қызметі экспортқа бағытталған өнеркәсіп кәсіпорындарының саны артып келеді. 2017 жылдың қаңтар мен қазан айлары аралығында өңір экспортының жалпы көлемі 596,6 миллион долларды құраған. Облыстағы ең ірі экспорттаушы – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі фосфор өнімдерін әлемнің Германия, Түрікменстан, АҚШ, Дания, Швейцария, Польша, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Венгрия, Нидерланды және басқа да елдеріне жөнелтеді. Металлургия саласында қызметін жүзеге асыратын «Тараз металлургиялық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоржынында ТМД елдерінің сұраныстары толық қалыптасқан. Тарқатып айтсақ, кәсіпорын ферроқорытпа өнімдерін Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспорттауда. Зауыт өнімінің сапалық дәрежесін экспорттық географиясынан-ақ анық аңғаруға болады.

Өңірдегі ірі машина жасау кешені «Запчасть» АҚ-ның тауарлары да экспортқа көптеп шығарылуда. Қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін зауыт темір жолға, жылу-энергия кешеніне, тау-кен өнеркәсібіне қажетті жабдықтар шығара бастады. Қазіргі уақытта өндіріс екі цехта жүргізіледі. Болат балқыту цехындағы өнімділік көлемі жылына 16 мың тоннаны құраса, үздіксіз құю машинасында өндірістік қуаттылық жылына 180 мың тонна 150х150 миллиметр қималы дайындамалар шығаруға жетіп отыр. Металлургиялық өнеркәсіп саласында өзіндік үлесі бар бұл кәсіпорын өз өнімінің 80 пайызға жуығын Өзбекстанға өткереді.

Сонымен қатар құрылыс саласында Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған экспортқа бағытталған өнім өндіретін кәсіпорындар да жұмыс атқаруда. Мәселен, «Жамбылгипс» АҚ гипс, құрғақ құрылыс қоспаларын, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «ACIG» АҚ портландцементті, «Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гранит өнімдерін ТМД елдеріне экспорттау үстінде. Шу ауданында орналасқан «KazIrAgro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мақсары майын өндіріп, жыл сайын экспорт көлемін біртіндеп ұлғайтып келеді. Серіктестіктің «Safloria» сауда белгісімен арнайы стандартқа сай 0,5, 0,75, 1, 5 литрлік құтыларға құйылып шығарылатын дайын өнімдерін Алматы қаласындағы 30 шақты ірі сауда орталықтарының сөрелерінен кездестіруге болады. Бір литр «Safloria» майының бағасы – 675 теңге. Бұл отандық өнім әзірге елімізде кеңінен таныла қойған жоқ. Кәсіпорынның 90 пайыз тауарының тұрақты тұтынушысы – көршілес Қытай мемлекеті. Онда бұл майдың бағасы біздің еліміздегіге қарағанда екі есе қымбат тұрса да, сұраныс едәуір жоғары. Кәсіпорын алғаш жұмысын бастаған жылдары майды экспортқа арнайы құтысыз, бөшкелеп жіберіп отырған. Әрине мақсары майын өндіретін зауыттар Қытайда жетіп артылады. Алайда, табиғи, таза, құнарлы әрі сапалы тауардың ара-жігін ажырата алатын аспан асты елінің халқы «Safloria» майын сатып алғанды жөн көреді екен. Шу ауданындағы тағы бір кәсіпорын – «СП KazMiya» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі глицерезин қышқылы қоспасын Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспорттап отыр. Зауыт өнімдері фармацевтикалық бағытқа арналған. Облыста өтпелі кезең қиындықтарын еңсеріп, сақталып қалған және жұмысын қайта жандандырған кәсіпорынның бірі «Фабрика ПОШ-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктеcтігі де экспорт айдынына шығуда. Кәсіпорында мемлекет қолдауымен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімді өңдеу жолында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мұнда 2010 жылы Индустрияландыру картасына енгізілген топс өндіру жобасы жүзеге асырылды. Тамақ өнеркәсібінде «Та-Мак» ЖШС мен «Rola-Ян» ЖШС макарон өнімдерін, «Бурный сүт компаниясы» ЖШС сүт өнімдерінің түр-түрін, «Агро азық-түлік нанмен жабдықтау» ЖШС өсімдік майын экспорттауда. Индустрияландыру картасы аясында 2016 жылы іске асырылған «Халал» стандарты негізінде ет өнімдерін өндіру» жобасы бойынша «Оңтүстік Халал Тағамдары» ЖШС өнімінің 80 пайызын Парсы шығанағы елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр. 2018 жылы да экспортқа бағдарланған өнім өндіретін бірқатар жобалар іске асырылады деп күтілуде. Мәселен, «Био Вет» ЖШС «Ветеринарлық препарат өндіру бойынша биокомбинат құрылысы» және «Ер Тай» ЖШС «Ақсүйек кен байыту фабрикасын модернизациялап қайта жаңғырту» жобаларын жүзеге асырмақ.

Қарлығаш Есбергенова

Ұқсас жаңалықтар