Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің бір жолына айналуы тиіс екенін Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында атап көрсетті.
Сондай-ақ еңбек өнімділігі жоғары қайта өңдеу секторын одан әрі дамыту қажеттігін ескертіп отыр. Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Омархан Өксікбаев пен Құдайберген Ержан бірқатар кәсіпорындарға барып, жұмысшылармен кездесіп, жаңа Жолдау жүктейтін жауапкершілікті түсіндірді. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттердің іс жүзінде қалай жүзеге асырылып жатқанын көріп, танысты.
«Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Төлепбек Исаев басқаратын «Минералды тыңайтқыштар зауытында» 962 адам еңбек етеді. Жылына 225 мың тонна аммофос, 16,4 тонна азық-түлік фосфатын, 600 тонна күкірт қышқылын өндіретін ірі кәсіпорын жұмысшыларының орташа жалақысы 90 мың теңгені құрайды. Кәсіпорында индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2013 жылы моногидратты қайта өңдейтін күкірт қышқылы цехының құрылысын іске қосқан еді. Жобаның жылдық қуаты 600 мың тоннаны, ақшаға шаққанда 14,4 миллиард теңгені құрайды. 138 жұмыс орны ашылған болатын. 2016 жылдан бері экстрациондық фосфор қышқылын өндіру цехы жұмыс істеп тұр. Экологиялық және техникалық бақылау зертханалары да бар. Омархан Өксікбаев экологиялық мүмкіндіктерді түсіндірген зертхана басшысы Гүлжанат Байзақоваға бірқатар ескертпелер айтты. «Елбасы жаңа Жолдауында тұрғындардың денсаулығын сақтауға жұмыс берушілердің жауапкершілігіне негізделген міндетті сақтандыру жүйесін енгізудің қажеттілігін айтты. Жұмыс беруші өз мамандарының денсаулығына жауапты болуы тиіс. Еліміздің бюджетінің 45 пайызы әлеуметтік салаға, денсаулық, экология, қоршаған ортаны жақсарту мәселелеріне жұмсалып отыр. Біз экологияны жақсарту бағытында әлемдік озық тәжірибелерді меңгеруге тиіспіз. Сондықтан сіздер экологиялық жағдайларды автоматты негізде қадағалауға жедел көшкендеріңіз жөн», – деді ол.
Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан Төлепбек Исаевтан Елбасының Жолдауда баса мән берген кәсіпорындарды цифрлық бағытқа көшіруге бұл зауыт қаншалықты дайын екенін сұрады. Алдағы уақытта еліміздің ең ірі бірнеше компаниясында пилоттық жоба жүргізілетінін де айтып өтті. Төлепбек Исаев өндіріс орнындағы жұмыстың жартылай автоматтандырылғанын, сенім артылса, осы бағыттағы жұмысты жандандыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Бұдан кейін депутаттар «Тараз былғары етік» жауапкершілігі шектеуі серіктестігіне арнайы атбасын бұрды. Серіктестікте 365 адам жаңа жұмыс көзімен қамтылған екен. Жылына 157 мың пар былғары аяқ киім шығаратын кәсіпорын облыс тұрғындарын және тапсырыс бойынша әскери саланы сапалы етікпен қамтамасыз етіп отыр. Іргесі 1961 жылы қаланған, кейіннен жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта ашылған кәсіпорын 2009 жылы өндіріс орнын қайта жасақтау және жаңғырту бағытында екінші деңгейлі банктерден 2 миллион 200 мың еуро несие алып, оған Германиядан аяқ киімнің табанын құйып шығару мақсатында «ДЕСМА» қондырғысын сатып алыпты. Сол жылы тағы да 1 миллион еуро несие алу арқылы қосымша «Маскони», «Рици», «Картигльяно», «Джиматто», «Карлесси», «Мастордини» секілді қондырғыларды іске қосыпты. Кәсіпорынның бас директорының орынбасары Шамухтар Шаюнусовтың айтуынша, бүгінде мұнда аяқ киімнің 70-тен астам түрі шығарылады екен. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс негізінде «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан инжиниринг» акционерлік қоғамы секілді ұлттық компаниялар мен әскери, құқық қорғау, мұнай өңдеу саласының жұмысшылары мен қызметкерлеріне сапалы өнімдер өткеріп отырған көрінеді. Бұл күні Мәжіліс депутаттары Байзақ ауданы, Қызыл жұлдыз ауылындағы «Рола-7» ЖШС-на да барып, жұмысымен танысты. 2008 жылдан жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын тәулігіне 5 тонна макарон, кеспе, жайма өнімдерін шығарады. Онда 165 адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы 65-70 мың теңге көлемінде екен. Депутаттарға жұмыс барысын баяндаған компания басшысы Тұрсынбек Нұрбаев серіктестік кеспенің 15 түрін шығарып отырғанын, жылына мемлекетке 40 миллион теңге салық төлейтінін жеткізді. Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев Т.Рысқұлов ауданының бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарын да аралап, еңбеккерлердің ынталы істерін көріп қайтты. Сондай-ақ «Тәттібүбі» балабақшасын, Құлан ауыл шаруашылығы колледжін аралап, жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Соңынан Парламент Мәжілісінің депутаттары Омархан Өксікбаев пен Құдайберген Ержан БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Елбасының жаңа Жолдауында белгіленген 10 бағыттағы нақты міндеттерге тоқталды.
Суретті түсірген Виктор Барбаш.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді