Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру керектігін қадап айтты.
Мұның жемшөп өндірісі кешеніне де қатысы бар. Шын мәнінде бүгінде өңірлерде құрама жем зауыттарының әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай отыр. Соның әсерінен еліміздегі құрама жем өнеркәсібі қанатын кеңге жая алмауда. Бар гәп шығарылған өнімге сұраныстың аздығына, тұрақты өткізу нарығының жоқтығына келіп тіреледі. Осынау табысынан гөрі тәуекелі басымдау кәсіппен айналысуға көпшілік әлі де батылдық танытпауда.
Оған да негіз жоқ емес. Отандық құрама жем өнеркәсібінің дәурені өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында дүрілдегені де есте. Жем цехтары әр ауылда бар еді. Алайда төрт түлік пен құс санының күрт кемуіне байланысты саланың тынысы тарылған-ды. Құнарлы мал азығына сұраныстың төмендеуіне еліміздегі мүйізді ірі қара малының 80 пайыздан астамы жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырлануы әсерін тигізген. Ал 2010 жылдан бастап мал азығы өндірісін қайта жандандыру мықтап қолға алынды. Техникалық тұрғыда жаңартуды талап ететін зауыттар мемлекеттік демеудің игілігін де айқын сезіне бастады. Ең бастысы, өнімділікті арттыруға басымдық берілді. Бүгінде кәсіпкерлердің дені жеңілдетілген және инвестициялық қаржыландыруға үміт артады. Соның арқасында 2020 жылға дейін ірі құрама жем зауыттарында жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуға тиіс. Құрама жем өнеркәсібін өркендету 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасында да көрініс тауып отыр. Ендігі жерде егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы жалғасын тауып, жемшөп дақылдарының алқаптары ұлғайтылады. Мемлекеттік қолдау арқылы құрама жем өндірісін және оны тұтынуды ынталандыру, жайылымдық жерлердің құнарлылығын жақсарту ойластырылып отыр. Бұл іс Т.Рысқұлов ауданында да сәтімен үйлестірілуде екен. Өйткені өңірдің бұл тұрғыда әлеуеті де, мүмкіндігі де зор. Облыс көлеміндегі егістіктен жиналатын астықтың 30-32 пайызы да осы аумаққа тиесілі. Былтыр рысқұловтықтар ақ егістің әр гектарынан 25,5 центнерден өнім жинаған екен. Ал биыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бекіткен меморандумға сәйкес, жаздық арпа – 44050, жаздық бидай – 3000, күздік бидай – 36014, мақсары – 16050, қант қызылшасы – 500, жүгері – 100, сұлы – 30, картоп – 500, көкөніс – 400, бақша дақылдары – 100, жоңышқа – 1000 гектарға егіліп, 31730 гектар пар айдауды жоспарлаған. Яғни құрама жем өндіруге қажетті дақылдардың барлық түрі бар. Тек оларды өңдеп, ұқсатып, кәдеге жарату тетігі қалыптастырылса болғаны. Егін шаруашылығымен қатар ауданда төрт түлік мал да жылдан-жылға өсуде. 2017 жылдың желтоқсан айында мүйізді ірі қара – 29619, қой-ешкі – 404506, жылқы – 13150, түйе – 67, шошқа – 1744, үй құстары 103334-ке жеткені тіркелген. Бұл аудан бойынша «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» мемлекеттік бағдарламаларының асыра орындалғандығының да жемісі екені анық. Былтыр ауданда ет және сүт өндіру бағытында 8 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылғанын да атап өткен жөн. Кооперативтерге 217 ауыл тұрғыны бірігіп, табысты жұмыс істеуде. Аталған кооперативтердің төртеуі ет бағытында құрылып, оларда бүгінгі күні 2030 тайынша бордақылану үстінде. Бүгінде саланы табысты етудің бір жолы да осы – малды қолда ұстап, семіртіп, өткеру болып тұр. Бүгінде аудан бойынша 27 кәсіпкерлік нысанының бордақылау алаңдарында 4882 бас төрт түлік мал мен 23 000 шошқа семіртілу үстінде. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әлдибек Туғанбаевтың айтуынша, ауылдарды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның ет, сүт, жеміс-көкөніс өнімдерін дайындау және сату бойынша кооперативтерді дамытуға арналған «Ынтымақ», отбасылық мал бордақылау алаңдарын дамытуға арналған «Береке», мал мен құсты сатып алу және көбейтуге арналған «Игілік», отбасылық тауарлы-сүт фермаларын дамытуға арналған «Ырыс» бағдарламалары бойынша берілетін шағын несиелерінің игілігін көріп отырған кәсіпкерлер де бар. Былтыр аудан бойынша 76 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 253 миллион теңге несиеге қол жеткізіпті. Олардың ішінде «Жастар болашағы» шаруа қожалығы 50 миллион теңгеге мал бордақылау кешенін іске қосса, Абай ауылының тұрғыны Ерғали Өтепбаев та 6 миллион теңге қаражатты өзін-өзі нәтижелі жұмыспен қамту ісіне тиімділікпен жұмсап отыр. Ол несие алғанға дейін өз қаржысына үлкен мал бордақылау алаңын салып үлгерген. Біз жоғарыда атап өткен құрама жем өнеркәсібін дамытудың өте-мөте қажеттігі де осы арада айқын сезілуде. Мысалы, балапан екеш балапанның 40-45 күннің ішінде кемінде 2-2,5 келі салмақ жинауы үшін де құнарлы азық түрлері қажет екенін құс өсірушілер жақсы біледі. Мал бордақылауда да солай. Сапалы құрама жемді өндіру үшін 10-нан астам дақыл түрлері мен қоспалар кәдеге жаратылатыны да белгілі. Оның 74 пайызы тікелей астыққа, арпаға және жүгеріге тиесілі. 2016 жылы «Луговой жылқы зауыты» ЖШС иелігіндегі 45 мың шошқа және 486 мүйізді ірі қара малына арнап, сағатына 15 тонна құрама жем шығаратын құны 480 миллион теңгелік зауытты іске қосқан-ды. Мұнда қазір төрт адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Зауытта орнатылған қондырғылар Ресейде жасалынған (ООТЕХНИКС фирмасы). Кәсіпорын былтыр ай сайын 1000 тонна жем өндіруді қамтамасыз еткен. Мұнда негізінен серіктестіктің өз қажетілігі көлемінде ғана өнім өндірілуде. – Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер әзірге «Құрама жем» жеке кәсіпкерлігі былтыр Құлан ауылында іске қосқан, сағатына 1 тонна құрама жем шығару әлеуетіне ие цехтың игілігін көруде. Цех қондырғыларын Ресейдің «Дозагро» фирмасы шығарған, құны 6,5 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін аталған кәсіпкерлік нысан ауылдық тауар өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 350 тонна жем өткерген. Кооперативтермен келісімшартқа да тұрған. Бұл цехта өндірілген бір тонна құрама жемнің бағасы 39500 теңгеге бағалануда. Құрамында малға қажетті әртүрлі мал түріне қарай қосындылар (тұз, ашытқы, үш кальций фосфат, мақсары қалдығы, соя және тағы басқалары) қосылған қой, сиыр, жылқы және құстарға арналған жем шығарылады. Аудандағы екі құрама жем өндіретін кәсіпорынның өнімдері Т. Рысқұлов және Меркі аудандары тұрғындарының сұранысына ие болуда, – дейді Ә. Туғанбаев.
Баймаханбет АХМЕТ
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді