Жыл өткен сайын елімізде бала туу көрсеткіші еселеп өсуде. Бұған ана мен балаға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық шараларының тигізіп отырған пайдасы орасан. Сондықтан да «адам ұрпағымен мың жасайды» деген нақыл сөз бүгінде әрбір отбасының тірегіне айналды десек артық айтқандық емес. Баршаға белгілі, дүниеге келген сәбиді қаржыландыруды мемлекетіміз өз құзырына алған. Айта кетерлігі, әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі жыл сайын тұрақты өсіп отырады. Бұл ана мен бала өлімінің азаюы мен денсаулық сақтау саласының дамуына да тікелей байланысты екені сөзсіз. 2006 жылдан бастап елімізде баланы бағып-қағу мақсаты үшін арнайы жәрдемақы төлеу енгізілді. Елбасымыз: «Ана мен бала әрқашанда біздің назарымызда, мемлекет қамқорлығында екенін білесіздер. Әйелдер мен балаларға әлеуметтік көмек мемлекет тарапынан жылдан-жылға өсіп келеді. Мемлекеттің экономикасы өркендеген сайын көмектің деңгейі де арта түседі», – деп атап көрсеткені белгілі. Шындығында еліміздің экономикалық даму көрсеткіші өскен сайын ана мен балаға деген қамқорлық аясы да артып келеді. Биылғы жыл да дүниеге сәби әкелетін аналар үшін жағымды жаңалығын ала келді. 1 қаңтардан бастап балаға төленетін жәрдемақы көлемі өзгерді. Баланың дүниеге келгені үшін төленетін жәрдемақыдан бөлек, бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне төленетін жәрдемақы мөлшері де өсті. Босану жәрдемақысы жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін барлық әйелдерге республикалық бюджеттен төленеді. Ол АЕК мөлшерінде (2405 теңге) есептеледі. Сонымен 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК, яғни 91 390 теңге, төртінші және одан көп балаға – 63 АЕК, яғни 151 515 теңге беріледі. Жәрдемақыны алу үшін тұрғылықты жері бойынша «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүгіну қажет. Баланың туылуына байланысты жәрдемақы бір рет төленеді. Ескерте кетсек, жәрдемақыны тағайындау бойынша өтініш беру мерзімі бала туған күннен бастап 12 айдан аспауы керек. Мүгедектігі бар әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын балаға қамқорлық жасайтын адамдарға бала 1 жасқа толғанда (жұмыс істемейтін адамдар үшін), бала тууға жәрдемақы және бала күтімі бойынша жәрдемақы төленеді; жәрдемақы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін туылған балаға қамқорлық жасайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тіркелген адамдарға арналған. Ал бала күтімі бойынша ай сайын төленіп отыратын жәрдемақы көлемі мынадай: бірінші балаға – 5,76 АЕК – 13 853 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК – 16 378 теңге; үшінші балаға – 7,85 АЕК – 18 879 теңге; төртінші және одан көп балаға – 8,90 АЕК – 21 405 теңге; Балаға мемлекеттік жәрдемақы ай сайын 1 жасқа толғанға дейін төленеді. Емдік жәрдемақыға өтініш беру мерзімі баланың туылған күнінен бастап 12 айдан аспауы керек. Айта кетейік, бала бір жасқа толмай тұрып жұмысқа шығып кетсеңіз де, мемлекеттік жәрдемақыдан бас тартпағаныңыз жөн. Бұл жағымды жаңалықтың барлығы «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген қағидатты ұстанған отбасылар мен жас аналарға үлкен қуаныш сыйлағаны жасырын емес. Осы орайда үшінші баласын өмірге алып келген жас ана, құландық Әдемі Биғашқызы бізбен ойын бөлісіп: «Бүгінде үшінші баламды өмірге алып келдім. Мемлекеттен төленетін жәрдемақымызды уақтылы алып отырмыз. Бала тууына байланысты төленетін бір реттік жәрдемақының мөлшері биыл өсіп отыр екен. Бұл жақсы жаңалықтың мен секілді барлық жас ананы елең еткізері даусыз. Халқымызда «әр бала өз несібесін ала туады» деген нақыл бар. Сондықтан көп балалы болудан қорықпау керек. Әркімнің өз несібесін Алла береді. Ана мен бала қашанда қамқорлықта болса елдің де өсіп-өркендеуіне игі әсерін тигізеді деп ойлаймын», – деді.
«Ақ жол-Ақпарат»
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді