Облыс халқының жартысынан көбі, нақты айтқанда 669,8 мың адам ауылда тұрады екен. барлығы 373 ауылдық елді мекенде тұрып жатқан ағайынға ең басты қажет нәрсе: тақтайдай тегіс жол, сапалы ауызсу және үздіксіз маздап тұратын «көгілдір отын». Шынын айту керек, бүгінде аудан орталықтарын былай қойғанда, шалғайдағы елді мекендердің өзінде мектеп те, медпункт те, футбол, волейбол алаңдары да бар. Тіпті алыс деген мекеннің өзінде ұялы байланыс орнатылған. Дей тұрғанмен, жоғарыда біз айтқан үш мәселе ауылдықтар үшін басты қажеттіліктер екені анық.
Жолы бүтін ауылдың берекесі кіреді
Өңірдегі 5172 километр автомобиль жолының 1237 километрі – республикалық, 1943 километрі – облыстық, 1992 километрі аудандық маңызы бар жолға жатса, 4888 километрі елді мекен көшелерінің желісін құрайды. Облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан алған мәліметке қарағанда, өткен жылы жергілікті маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайының үлесі 77 пайызға жеткізіліпті. Облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге бюджеттен 9,8 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар мен көшелерге тиісінше 3,3 миллиард және 3,8 миллиард теңге қарастырылған. Ауылдан шыққан жолдың барлығы облыс орталығына келетіндіктен, Тараз қаласының көшелері де ұмыт қалмай, оларды сауықтыруға 2,7 миллиард теңге жұмсалған. Былтыр қазынадан бөлінген қаржыға жаңадан 6,1 километр жол салынып, 6,7 километр жол қайта жаңартылған. 285,9 километр автожол орта жөндеуден өткізіліпті. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдық жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстары бойынша да талай тірлік тындырылған. 2016 жылы басталған «Ақыртас» және «Тау самалы» туристік кешендеріне жалпы алғанда 10 километр автожол құрылысын жүргізу жұмысы жалғасын тауып, пайдалануға да берілді. Облыстық маңызы бар «Ақкөл – Үшарал – Тоғызкент» автомобиль жолының 0-56,51 километрлері аралығын күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бұл мақсатқа былтыр облыстық бюджеттен 100 миллион теңге қарастырылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жолдың бір бөлігімен былтырғы желтоқсан айында ары-бері екі-үш рет жүргеніміз бар. Тақтайдай теп-тегіс, тіпті Ақкөл ауылының орталығынан өтетін күре жолдың ені ұзарып, көлік қозғалысы үшін бар жағдай жасалыпты. Ауылдарға баратын жолдар салынып жатыр, жаңару үстінде. Шалғай өңірлер де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Мойынқұм ауылынан Ұланбелге баратын жолдың 40 километрі жөнделіп бітсе, облыстағы ең шалғай ауылдың баяғы даңқы қайта оралады. Айтпақшы, «Меркі – Бурылбайтал» автожолын жөндеу басталады деген жағымды жаңалықты құлақ шалды. Демек, ендігі жерде осы күре жолдың бойына жақын орналасқан үш бірдей ауданға қарасты ауылдардың берекесі кіретін болады. Тәуелсіздіктің арқасында еркін еңбекке жарқын жол ашылды. Соның нәтижесінде түрлі кәсіпті дөңгелетіп алып кеткен көптеген азаматтар «мен» деген бизнесмен болды. Кезінде олардың аяқтарына тік тұрып кетуіне мемлекет үлкен қамқорлық-көмек көрсетті. Сондай азаматтардың кейбірі туған ауылдарында мәдениет, спорт нысандарын, басқа да түрлі ғимараттар салып, жерлестерінің ризашылығына бөленіп жүр. Ірі кәсіпорындарды басқарып отырған және үлкен бизнесі бар азаматтар енді қолғабыс етуге ауылына мойын бұрғанда жол мәселесіне де көңіл бөлсе дейміз. Жылдық айналымдары миллиардтаған теңгені құрайтын жеке ірі кәсіпорындар үшін ауылдың жолынан бастап, жеріне дейін гүлдендіріп қоюларына әбден болады. Жол салған азаматтың аты тарихта хатталып, ел аузында жатталып қалатыны естен шықпаса дейміз.
Су – тіршілік нәрі
Өңірдегі 373 ауылдық елді мекеннің бүгінде 232-сі орталықтандырылған ауызсу торабымен қамтылса, 138 ауыл құдық, ұңғы сынды ауызсу көздерін пайдалануда. Ал үш ауылдың тұрғындары тасымалданатын суды тұтынуда. Бұл тұрғыда былтыр 10 нысанның құрылысы мен 17 жобаның дайындалуы жоспарланыпты. Оның ішінде 8-інің құрылысына ел қазынасынан 2,5 миллиард, облыстық қазынадан 2 нысанға және 17 жобалау жұмысына 1,4 миллиард теңге бөлінген. Атап айтқанда, олардың қатарында Жамбыл ауданындағы Пригородное, Қордайдағы Ауқатты, Меркідегі Қызылсай, Т.Рысқұловтағы Луговой, Қайыңды, Таластағы Қызыләуіт, Шудағы Қонаев, Төле би, Мойынқұмдағы Бурылбайтал және Мирный-Қияқты ауылдары бар. Т.Рысқұлов ауданының Қайыңды және Меркі ауданының Қызылсай ауылдарындағы ауызсу құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, 8 нысан биылғы жылға өтпелі құрылыс нысаны санатында. 2018 жылға Инвестициялар және даму министрлігіне Байзақ ауданының Кеңес, Абай, Мырзатай, Тегістік, Талас ауданының Есейхан және Меркі ауданының Сарымолдаев ауылдарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін жалпы сомасы 3,1 миллиард теңгені құрайтын құрылыс жұмыстарына қаржы бөлу өтінімі тапсырылып, ол қолдау да тапқан. Биыл сәтін салса, 14 нысанның құрылысы мен 17 жобалау жұмыстары жүзеге асырылмақ екен. Аталған нысандар толық қуатында іске қосылған жағдайда облыс бойынша 240 ауыл орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылып, бұл тұрғыдағы жалпы көрсеткіш 64,3 пайызды құрайтын болады. Бұдан бөлек, аудандық әкімдіктер тарапынан құрылыс және жаңарту жұмыстарына 22 жоба әзірлену үстінде. Барлық жобалар толықтай іске асырылған кезде 44 елді мекеннің 114350 тұрғыны сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. 2022 жылға дейін орталықтандырылған ауызсу жүйесімен 276 ауыл, бөлектенген ауызсу көздерімен 94 ауыл қамтылады деп күтілуде. Бүгінгі күні 10 аудан арасында елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету бойынша Т.Рысқұлов ауданы жалпы көрсеткіші 90,7 пайызды құрап, көш бастап отыр екен. Одан кейінгі орында 70,7 пайыздық көрсеткішпен Қордай ауданы келеді. Сарысу ауданы болса 68 пайыздық көрсеткішпен үшінші орынды иеленіпті. Бұл тұрғыдағы меже Байзақта – 67,4, Таласта – 65,2, Мойынқұмда – 60,7 пайызға орындалған. Орташа деңгейдегілер Меркі – 59,1, Шу – 54,3 және Жуалы ауданы 51 пайыз қамтамасыз еткен. Облыс орталығының іргесіндегі Жамбыл ауданында бұл көрсеткіш бар болғаны 38,1-ақ пайызды құрап, төмен деңгейде қалып қойған. Су – тіршілік нәрі. Сондықтан аудан әкімдері ауылдықтарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде өздеріне жүктелер жауапкершілікті шынайы сезінулері керек-ақ. Мемлекет қай салаға болсын қаржы аяп жатқан жоқ. Сапалы ауызсу адамның денсаулығы үшін де аса қажет екені естен шықпаса дейміз.
От жағып, күл шығарудан құтылады
Кеңес заманында газдың игілігін көру ауылдықтар үшін арман болатын. Сол арманға Жамбыл ауданындағы қазіргі Бектөбе ауылының тұрғындары алғашқылардың бірі болып қол жеткізді. Бұл игілік сол кездегі «Амангелді» колхозының төрағасы Бәжек Шахановтың ерен еңбегінің арқасында мүмкін болғанын ауылдықтар әлі күнге дейін айтып отырады. Одан бері қанша жыл өтті, ұрпақ ауысты, заман өзгерді. Ал бұрынғы Амангелді аталатын ауылдағы ағайындар «көгілдір отынның» рахатын әлі күнге көріп отыр. Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атысымен газ алауы да әр ауылға жете бастады. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының газдандыру және өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің басшысы Бақтыбай Қырықбаевтың берген мәліметіне қарағанда, бүгінде облыстың 373 елді мекенінің 181-іне «көгілдір отын» жетіп, жалпы қамту көрсеткіші 48 пайызды құраған. Осынша ауылда тұратын апаларымыз-қарындастарымыз, жеңге-келіндеріміз от жағып, күл шығару машақатынан құтылған. Өңірімізде 2025 жылға дейін 354 елді мекенді газдандыру жоспарланғаны белгілі. Облыс бойынша бар болғаны 23 елді мекенге ғана халық санының аздығы мен магистральдық газ құбырының 50-100 километрдей қашық орналасқандығынан газ бармайды екен. Былтыр газдандыру жұмысын іске асыру мақсатында жалпы құны 7 миллиард 726 миллион теңгені құрайтын 6 жоба бойынша құрылыс-құрастыру жұмыстары жүргізілген. Т.Рысқұлов ауданындағы «Ақыртөбе» газ реттеу стансасының құрылысы мен осы аудандағы «Нартәуекел – 2001» ЖШС аумағында орналасқан «Ақбұлақ» шаруа қожалығының 120 тонна бие сүтін өндіретін зауытын газдандыру былтырғы 9 маусымда аяқталыпты. Сондай-ақ Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын алқабына «көгілдір отын» тарту және құрылысы былтырғы 9 тамызда аяқталған, бұрын Жамбыл ауданына қарап келген Тараз қаласының «Шөлдала» тұрғын алқабына тартылған газ құбыры бар. Меркі ауданындағы «Нововоскресеновка» газ реттеу стансасын жаңғырту мен Талас ауданының 5 елді мекеніне және Сарысу ауданының 4 елді мекеніне газ жеткізетін құбыр құрылысы жоғарыдағы 6 жобаның ішінде. Соңғы екі жоба биылға өтпелі. Бұған қоса, облыстық қазынадан бөлінген 484,3 миллион теңгеге облыстың 5 ауданының 69 елді мекенін газдандыру мақсатында жобалық-құжаттама дайындалу үстінде екен. Оның ішінде 3 жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қортындысы алыныпты. Қалған 4 жобаға сараптаманың оң қорытындысын келісімшарт негізінде биылғы ақпан айының соңына дейін алу жоспарланған. Жоғарыдағы жобаларда Байзақ ауданының – 21, Шудың – 18, Сарысудың – 14, Жамбылдың – 13 және Таластың 3 елді мекені мен Тараз қаласы халқының қауіпсіздігін сақтау мақсатында екі автоматтандырылған газ реттеу стансасын қала сыртына шығару да бар. Былтыр тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі қарсаңында Жамбыл ауданының Айша бибі ауылының маңынан ашылған «Қазақстан – Қытай» магистральдық газ құбырының №3 желісіндегі компрессорлық стансаның ашылу салтанатында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Қордай ауданының таулы өңірінде орналасқан 12 елді мекен осы «С» желісі арқылы газдандырылатынын атап көрсеткен болатын. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін биыл «Отырар АГРС-нің» жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, осы желі арқылы Мойынқұм ауданының 9 елді мекеніне «көгілдір отын» тарту жоспарланған. Ендеше, «көгілдір отынның» әрбір үйде алаулар күні де алыс емес.
Амангелді ӘБІЛ
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді