Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бойынша Мойынқұм ауданында да ауқымды істер атқарылуда. Бұл орайда 7 адамнан жасақталған аудандық офис құрылып, бүгінгі таңға дейін 5 жоба әзірлеген. Атап айтқанда, «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша «Шынықсаң, шымыр боласың», «Атамекен» кіші бағдарлама аясында «Іскер жандар», «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында «Мамандығым – мақтанышым», «Туған жер – таңдайдағы тәтті ұғым», «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша «Кітап – білім бұлағы» атты жобалар белгіленіп, бұл орайда жұмсалатын қаржы көлемі анықталып отыр. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте Мойынқұм ауданының әкімі Бақытжан Нүркенов кеңінен әңгімеледі.
Оның айтуынша, бұл орайда ауданда жүзеге асырылған жұмыстар аз емес. «Туған жерге туыңды тік!» бағдарламасы бойынша мойынқұмдық түлектердің де тартуы аз болмай тұр. Мәселен, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов Құмөзек ауылына жеке қаржысынан 40 миллион теңгеге мешіт, кіші футбол алаңын салып беруді парыз санаса, Орақ Піралиев Мыңарал ауылын көркейтуге күш салуды көздейді. Белгілі кәсіпкер Сәуле Рысбаева Қылышбай ауылына, Рахман Алшанов Бірлік ауылына қаржылай қолдау білдіруге ниет танытып отыр. Жалпы, осылайша жерлес азаматтардың өзі 80 миллион теңгеге өз ауылдарын гүлдендіруге көмек қолын созуға күш салуда. Олар Елбасының бағдарламалық мақаласынан ой түйгендерін айтып, өз ұсыныстарын білдіруде. Облыстық мәслихат депутаты Жайдар Айтишевтің Құмөзек ауылына ұялы телефон байланысын орнатқанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ аудандық қазынадан қаражат бөлініп, Мойынқұм ауданын 25 жыл басқарған айтулы азамат Айтбай Назарбековке ескерткіш және өз атындағы ауылдың кіре берісінен қақпа жасалуы, Қылышбай ақынға Қылышбай ауылында, Ақбақайды зерттеген геолог Түбек Түйсенбековке Ақбақай ауылынан, Сәкен Сейфуллинге Ұланбел ауылында, Екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевқа ауылдардан бюст орнату көзделуде екен. Сондай-ақ облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қолдауымен 2018 жылы Мойынқұмның бірнеше ауылын газдандыруға сметалық жоба жасатуға облыстық бюджеттен 102 миллион теңге бөлінгенін, сондай-ақ Мойынқұм – Бурылбайтал жолдары күрделі жөндеуден өтетінін, біраз ауылға ұялы телефон байланысы жететінін қуанышпен хабарлады. Сондай-ақ Бақытжан Нүркенов БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді