«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мемлекет қолдауы жігерлендіруде

Мемлекет қолдауы жігерлендіруде
ашық дереккөз
Мемлекет қолдауы жігерлендіруде

Ауданда мал өсіріп, бейнетінің зейнетін көріп отырған қаншама шаруа қожалықтары бар десеңізші! Міне, осындай жеке кәсіпкерлердің тұрмыс-тіршілігімен танысу мақсатында жуырда Жаңатас қаласы мен Түркістан, Жаңарық, Жайылма, Байқадам ауылдық округтеріне қарасты бірқатар шаруа қожалықтарының қыстауларын аралап, малшылардың жай-күйімен танысып қайтқанбыз.

Біздің әуелгі атбасын тіреген жеріміз – Жондағы «Жарасбек-Ата» шаруа қожалығы болды. Қожалықтың қысқа даярлығы жақсы, жемшөптері де мол екен. Қыстауда малшыларға арнайы үйлер, монша салынып, жарық та берілген. Отын-сумен жеткілікті қамтамасыз етіліпті. Қожалық басшысы Пернебек Ерубаев: – Жалпы, бізде жеті-сегіз адам еңбек етеді. Қой саны 630 басқа жетіп отыр. Малды асылдандыруға байланысты мемлекеттен 94500 теңге субсидия алдық. Жағдайымыз жақсы. Малшыларға ай сайын 80 мың теңге көлемінде айлық жалақы төлеп, отын-суын қамдап беріп отырмыз. Медициналық, зейнеткерлік төлемақыларын да уақтылы аударамыз, – деді. Сондай-ақ ол биыл біраз техника сатып алғанын да атап өтті. Осы жерден он жеті шақырым қашықтықта орналасқан «Мұрат» шаруа қожалығы да жемшөптің мол қорын жинап, қысқа сақадай сай дайындалғанын аңғардық. Шаруашылық мемлекеттен асыл тұқымды 63 сиыр мен 4 бас бұқаға 87600 теңге, 744 саулық қой мен 25 қошқарға 1,116 мың теңге көлемінде субсидия алған. Қожалық төрағасы Есенқұл Дүтбаев та бірнеше азаматты жұмыспен қамтып, жағдайларын жасап, шаруасын дөңгелентіп отыр. Сондай-ақ «Үшбас» шаруа қожалығына барғанымызда, оның басшысы Тәуіржан Кемаловтың нағыз еңбекқор азамат екеніне көз жеткіздік. Ол 479 саулық қой мен 16 қошқарға мемлекеттен 1,038 мың теңге көмек алған. Қой қоралары таза. Қысқы шөбі жабық қораларда жинақталған. Малшы үйлері отын-сумен, тіпті электр қуатымен де қамтамасыз етілген. «Диас» шаруа қожалығының төрайымы Мейрамкүл Қаракесекова да айрықша еңбекқор, ұл-қыздарын адал еңбекке баулып отырған өнегелі, үлгілі ана. Ол еркін еңбектің арқасында кездескен қиындықтардың бәрін де еңсеріп, еткен еңбек, төккен маңдай терінің жемісін көріп отыр. Ол өз сөзінде жастайынан еңбекке араласып, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері отбасымен мал өсіруге бел буады. Жастайынан еңбекпен есейген Мейрамкүл көрші Талас ауданы аумағынан мал шаруашылығымен айналысу үшін жер сұрап алып, негізінен қой өсірумен айналысады. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демекші, бүгінгі таңда М.Қаракесекованың жеке иелігінде 1410 қой, 47 қошқар бар. Оған мемлекеттен көмекке 2,515 мың теңге алса, 314 қозы өсіргені үшін 460000 теңге субсидияға қол жеткізген. Еңбеккештігінің арқасында ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған Мейрамкүл ана балаларына ұдайы: «Мал өсірсең мол өсір, кеңейтеді пейіліңді. Еңбек етсең көл-көсір, қандырады ол мейіріңді», – деп, бабалар сөзін өсиеттеп, ақыл-кеңесін де беріп отырады екен. Ержеткен ұлдарын мал бағуға баулыпты. Олар да бүгінде жеке қожалықтарын ашып, әулеттік дәстүрді одан әрі жемісті жалғастыру үстінде. Бүгінде еңбегінің нәтижесін көріп отырғанын, 720 саулық қой, 24 қошқар өсіріп, осы үшін мемлекеттен 1,080 мың субсидия алғанын «Орал» шаруа қожалығының төрағасы Темірхан Рахымбеков те ризашылықпен жеткізді. «Бірлік» шаруа қожалығының жетекшісі Жүрген Айтбеков те осындай пікірде. «Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау да, көмек те мол. Біз соған ризамыз» дейді ол. Біздің бір байқағанымыз, шаруа қожалықтарының қай-қайсысы да өз жұмысшылары мен малшыларына айлық жалақыларын уақтылы беріп, арнайы тіркеуге алып, медициналық, зейнеткерлік төлемақыларын да төлеп отыр екен. Бұл, сөз жоқ, қуанарлық жайт. Осы тұрғыда «Айтуған» шаруа қожалығының төрағасы Айтуған Рыспанов: – Менің мал шаруашылығымен айналысқаныма 20 жылдан асты. Қарамағымызда бірнеше адам жұмыс істейді. Олардың жағдайларын жасап отырмын. Отарда 565 бас қой, 21 қошқар өсіріп, мемлекеттен 802000 теңге субсидия алдым. Біздің қысы-жазы еткен еңбегімізді бағалап отырған мемлекетімізге ризамын. Жастарды еңбек етуге шақырамын. Олардың көшеде сенделіп бос жүрмей, кәсіпкерлікпен айналысқандары, ата кәсібімізді өркендетуге үлестерін қосқаны жөн. Бұл – қазіргі өмір талабы. Бабаларымыз «Еңбек етсең, емерсің» деп бекер айтпаған, – дейді ағынан жарылып. Мұндай қолдау, көмекке «Дулати», «Әлішер» шаруа қожалықтары да ие болыпты. Соның нәтижесінде Сарысу өңірінде мал басы артуда. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сейілбек Дариябеков бүгінде ауданда 187769 қой, 32 205 ешкі, 18357 мүйізді ірі қара, 5372 жылқы, 1973 түйе қыстатылып жатқанын айтады. Жалпы, шаруашылықтардың қысқа әзірлігі биыл өз дәрежесінде ұйымдастырылған. Барлық қыстаулар жемшөппен жеткілікті көлемде толық қамтылыпты. Аудан басшылары тарапынан көмек те мол. Біздің соған көзіміз жетіп, көңіліміз сенді.

Құдайберген Мамбетов, журналист.

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар