«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жалақы төлемеген кәсіпорындар бар

Жалақы төлемеген кәсіпорындар бар
ашық дереккөз
Жалақы төлемеген кәсіпорындар бар

 Облыстық әкімдікте әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанкенің төрағалығымен өткен комиссия отырысы «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық конкурсына белсене қатысқан «Таразэнергоорталық» АҚ мен «ЖамбылРемСервис», «Таразпроммонтаж», «Бином», «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС-терін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дипломымен марапаттаудан басталды. Одан соң күн тәртібіндегі мәселелер – облыстағы кәсіпорындар мен ұйымдардағы төленбеген жалақы қарыздары мен өндірістік жарақаттардың жағдайы қаралып, талқыланды.

Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкеловтің хабарламасына сүйенсек, жыл басынан бері 8 кәсіпорынның 1159 жұмыскеріне 143,011 миллион теңге көлемінде жалақы қарызы бары анықталған. 718 жұмысшының құқығы қорғалып, әкімшілік шаралар қолданылуының нәтижесінде бұл соманың 97,242 миллион теңгесі өндірілген. Бүгінгі күнге берешек көлемі 45,769 миллион теңгеге дейін азайған. Жұмысшысына жалақысын төлемеген мекемелер қатарында «АСІG» АҚ (37,607 миллион теңге), «Мекен жай Тараз» (2,589 миллион теңге), «Қазпроммонтаж» (1,258 миллион теңге), «ТаразХимМонтаж» ЖШС-тері (4,315 миллион теңге) бар. Бұдан бөлек, облыс бойынша 189 жұмысшыға 460,5 миллион теңге жалақы қарызы бар «Қордай цемент зауыты», «Подгорный» АҚ, «Аль-Басар» ЖШС банкрот деп танылған. Қызметкерлеріне қарызы бар мекемелер өкілдерінің бірқатары жыл соңына дейін берешектерінің біраз бөлігін төлейтіндіктерін жеткізді. Енді біразы келер жылдың алғашқы тоқсанында қарыздарынан толық құтылуға уәде берді. Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе – еңбек қауіпсіздігі. Жазатайым оқиғалардың саны өткен жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға өсіп, зардап шеккендер саны 5 адамға көбейген. 22 адам ауыр, 25-і жеңіл жарақат алып, 13 адам қаза тапқан. Жазатайым оқиғалар орын алып, адам өліміне әкеп соққан кәсіпорындар ішінде «Қазфосфат» ЖШС, «Алтыналмас» АҚ, «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС, «Замбаев» ЖК, «Кристалл-Күзет» ЖШС, «Мамыт» ЖК бар. Комиссия жұмысын қорытындылаған Тимур Жанке кезкелген мекеме мен кәсіпорында жалақы төлеу мәселесі, онан соң жұмыскерлердің қауіпсіздігі ең басты мәселе болуы тиіс екендігін атап өтіп, осы бағытта жұмысты ширатуды тапсырды.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Ұқсас жаңалықтар