Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымовтың төрағалығымен өткен әкімдік жанындағы денсаулықты қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінде кеңінен қозғалды. Жиында облыс бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Әлімқұл Тұрысовтың медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының жұмысы туралы есебі тыңдалды. Департамент басшысының айтуынша, тұрғындар арасында масылдық көзқарастан әлі күнге арыла алмай отырғандар бар екен. Базбіреулер ІІІ және ІІ мүгедектік топқа өтіп алғысы келеді. Ондағы мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жеңілдіктерді пайдалану екені айтпаса да түсінікті. Осыны ескерген сараптама комиссиясы биыл зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 18 адамды мүгедектіктен айырыпты. Ә.Тұрысов туа біткен мүгедектіктің көбейіп бара жатқанын сөз етіп, ол жағдайға жүкті жас аналардың емханаға уақтылы қаралмайтын салғырттығы себеп болатынын түсіндірді. Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жүргізуге ешқандай маманның зауқы соқпайтындықтан, бұл салада кадр тапшылығы сезіліп отырғанын тілге тиек етіп, алаңдаушылық білдірді. Бұдан кейін облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген индикаторлар мен көрсеткіштердің қалай орындалып жатқанын баяндап, хабарлама жасады. Салаға қатысты тиісті департамент пен басқармалардың ынтымақтасқан жұмысының нәтижесінде өңірімізде биыл жалпы өлім-жітім көрсеткіші 5,5 пайызға төмендегенін, нәтижесінде орташа өмір сүру деңгейі 72 жасты құрағанын айтып өтті. Өңірімізде орын алатын жол-көлік оқиғаларының артқанына қынжылыс білдіріп, апаттан 137 адам көз жұмғанын, 2200 адам түрлі жарақат алғанын қозғады. Дерекке сүйенсек, биыл облыста жол-көлік оқиғалары – 3, аудандарда 11 пайызға артқан. Бұл мәліметті облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Мұрат Байсеркенов те растады. Оның айтуынша, осы жылы 1284 көлік апаты орын алған екен. Облыс әкімдігі жанындағы денсаулықты қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысын Ғалымжан Әбдірайымов қорытындылап, тиісті басқарма басшыларына айтылған кемшіліктерді жою бағытында жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді