«Бәйтеректе» зәулім үйлер бой түзеуде
Бүгінде мемлекеттік бағдар-ламалар аясында еліміздің барлық өңірлерінде ірі құрылыс нысандары бой көтеруде. Біздің облысымыздың тұрғындары да «Нұрлы жер» бағдарламасының шарапатын шынайы сезініп отыр.
Аса ауылының оң жақ кіреберіс бетіндегі «Бәйтерек» тұрғын-жай алқабы үшін 10 гектардан астам жер бөлінген. Мұнда 77 жеке тұрғын үй салу көзделген. Жер телімдерін тұрғындар кезегі бойынша иеленіп, өз қаражаттарымен үй салып та жатыр. Былтыр аталған алқаптың инфрақұрылымдық жүйесін жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 275 миллион теңге қаражат бөлінген екен. Мердігер компания – «Пырақ – құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған бұл жұмыстар биыл да жалғасып, жуырда өзінің мәресіне де жеткен. Енді «Бәйтеректе» жарық та, жылу да, асфальт жол да бар. Ең қуаныштысы, тұрғындарға «көгілдір отын» жеткізіліп беріліпті. Олардың Елбасына, облыс, аудан басшыларына айтар алғыстары да шексіз. Ауылдықтар үшін бұдан артық қандай қуаныш болсын?! Тағы бір жағымды жаңалық биыл аталған алқаптан 18 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тиісінше қаражат та бөлініпті. Бұл істі жүзеге асыру «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Құрылысы 100 күннің ішінде барлық талапқа сай жүргізіліп, әсем де еңселі нысан бой көтеріп үлгеріпті. Бұл құрылыстың қарқынды жүруіне Нұрлан Досалиев, Тұрысбек Қонақбаев секілді құрылысшылар қомақты үлестерін қосқан. Мұндағы екі бөлмелі бір пәтердің жалпы көлемі 63 шаршы метрді құрайды. Жаңа қонысқа қандай отбасы ие болса да қуанышқа кенелетіндері анық.
– Тұрғын үйдің әлеуметтік тұрмыстық қолайлылығы да ескерілген. Ол Аса ауылының бас жоспарына негізделіп, салынып отыр. Пәтер кезегінде тұрған азаматтар заң аясында жалдық негіздегі жаңа пәтерлерге ие болады. Бұйыртса, Жаңа жылдың басында 18 отбасы осы жерде қоныс тойларын өткізеді, – дейді аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Тілеубаев.
Оның айтуынша, биыл Айша бибі ауылының жаңа 3 көшесін асфальттауға республикалық бюджеттен – 220 миллион, облыстық бюджеттен 20 миллион теңге бөлінген. Ауыл маңындағы 124 жер телімін иеленген тұрғындар да өз күштерімен баспана тұрғызуда. Сондай-ақ Бектөбе ауылынан жер телімін иеленген 440 отбасы «Нұрлы жердің» игілігін көріп отыр. Бұл аумаққа жалпы 536 миллион теңгеге инфрақұрылымдық жүйе жүргізілген.
Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді