Сонау бір қиын-қыстау кезеңде тұрғындары үдере көшіп, қаламыз құлазыған иен далаға айналғандай болып еді. Елбасының сарабдал саясаты мен ерен еңбегінің арқасында бүгінде шаһарымызға шырай кіріп, қайта қалпына келе бастады. Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Қаратаудың инфрақұрылымын қайта қалпына келтіру, абаттандыру, қала мәдениетін жаңа сатыға көтеру бағытында арнайы іс-шаралар жоспары жасалынып, жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, көшелер жөнделіп, ауызсу жеткізіліп, жаңа ғимараттар салынып, иесіз қалған көп қабатты тұрғын үйлер коммуналдық меншікке өтіп, кезең-кезеңімен жөнделіп, тұрғын үй кезегінде тұрғандарға беріліп, қаламыздың сәні мен салтанаты арта түсуде. Тек биылдың өзінде осы мақсатқа 3 139 254 мың теңге бөлініп, бұл қаржының 2 157 966 мың теңгесі игеріліп отыр. Қаладағы он көше – орта, екі көше күрделі жөндеуден өткізілуде, тағы екі көшеге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бағдарламаға сәйкес қаладағы үшінші шағын аудандағы көп қабатты бес тұрғын үйді қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 410 492,0 мың теңге бөлінді. 2016-2017 жылдар аралығында «Тұрғын үйлерді жаңғыртудың 2011-2020» жылдарға арналған бағдарламасы аясында қаражат бөлінген жоқ. Алайда былтыр қайтарым қаражаты есебінен 3 шағын аудандағы №18 үйге сметалық құны 15,7 миллион теңгені құрайтын ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осындай әдіспен биыл да 3 көп қабатты үй жөндеуден өтті. Тұрғындардың тілегімен Амангелді көшесінің бойына балалардың кіші футбол алаңы салынуда. Қаладағы Д.Қонаев және Тамды Әулие көшелерінің қиылысында Тәуелсіздік монументі бой көтеріп, қаланың көркін аша түсті. Әсіресе, Б.Момышұлы көшесіндегі №14 үйге лифт орнату жұмысының қолға алынуы тұрғындарды қуантуда. Көптен бері тұрғындарды мазалап жүрген газдандыру мәселесі де оң шешімін тапты. Бірнеше көше мен «Флора» саяжайы және Подхоз бен Жартас аймағын газдандыруға барлығы 309,9 миллион теңге бөлініп, 12,5 шақырым газ желісі тартылды. Үстіміздегі жылы жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік мекемелерді сумен жабдықтау жобасы бойынша қаржы бөлініп, 285 миллион теңгеге 3150 тұрғын үйге сервистік желілер тартылды. Сонымен бірге кәріз су жүйелерін тарту мәселесі де шешілу үстінде. Қаланың келбетін жақсарту, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бос тұрған көп қабатты үйлердің иелерін анықтау, оларды тиісінше заң талабына сай коммуналды меншікке алу жұмыстарын жүргізудеміз. Шаһар тазалығына да әрдайым ерекше мән берілуде. Аудан әкімінің тапсырмасымен көріктендіру, абаттандыру және санитарлық тазалаудың көктемгі және күзгі екі айлығы өткізіліп, қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде арық-атыздар күл-қоқыстан тазарып, 7300 түп тал-дарақ түбі әктелді, саябақтар мен скверлерге 15000 түп қара тал, 400 түп алма, 150 түп бозарша ағашы отырғызылды. Б.Момышұлы және Д. Қонаев көшелерінің бойына ұзындығы 2,4 шақырымды құрайтын ағаш қоршаулар орнатылды. Бұл іс одан әрі жалғасуда. Қала көшелерін жарықтандыру мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Жақында аудандық ардагерлер кеңесі тұрғындары қала мен ауылдарды көркейтуге шақырып Үндеу тастады. Ол бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланысымен көше комитеттері арқылы көпшілік арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, бұл іс те оң нәжижесін беруде. Қазіргі таңда келер жылға қаланың инфрақұрылымын жақсарту бойынша бюджеттік бағдарлама жасалу үстінде. Онда қаладағы көпқабатты 10 тұрғын үйді ағымдағы жөндеуден өткізу, басқа да бірнеше тұрғын үйлер ауласын абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қаладағы жеті көпір қайта жаңғыртылып, 13 көшені жарықтандыру жүзеге асады. Мұнымен қоса, шаһарымыздағы 11 көшенің жолын орташа жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Бұлардың ішіндегі ең маңыздысы – қаланың шығыс бөлігінен балабақшалар мен ветеринарлық лазерет салу жұмысы да назарымызда. Қаламызды өндірісі өркендеген, мәдениеті мәуелеген, осы заманға лайықты келбетке ие ету – барлығымызға сын. Атқарушы билік тарапынан да үкіметтік бағдарламаны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретін болады.
Қайрат СЕРІМОВ, Қаратау қаласының әкімі.
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді