«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аграрлық сектор серпіні

Аграрлық сектор серпіні
ашық дереккөз
Аграрлық сектор серпіні

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ет пен сүтті шетелден тасып, қарқ боламыз дегендер бар еді. Сөйтіп, қалыптасқан меншік түрі өзгеріп, қауқарсыз ұсақ шаруашылықтар көбейген. Сөрелерді сапасы күмәнді қытай тауарлары басты. Сол қытайың бүгінде Қазақстанның экологиялық таза өнімін сатып алуға құлшыныс танытуда. Өз тауарлары сапалы болса, біздің етке, сүтке көздерін сүзіп нелері бар? «Ештен кеш жақсы» дегендей, Үкіметіміз де соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша мән беріп, Елбасының тапсырмасымен түрлі бағдарламалар қабылдап, елдің еңсесін көтеруді басты бағдар етіп ұстанумен келеді. Қазір қай ауылға барсаңыз да, өрісі төрт түлекке толы. Алайда сол малдың өнімдерін өңдеу ісі әлі де алға баспай тұрғаны да белгілі. Әйткенмен, шаруалар мал өсіріп, сол арқылы өңірдегі азық-түлік мәселесін шешуге үлес қосуда. 

Бір кездері асыл тұқымды мал өсірумен айналысқан аудандағы Тоғызкент ауылы да сонау тоқсаныншы жылдары дағдарысты бастан кешкен. Тұрғындар туған жерлерінен жаппай көшпеді, бірақ. Қазір аталған ауылдық округте 2159 адам тұратыны соның айғағы. Оларға 12 әлеуметтік нысан қызмет көрсетеді. Түгіскен орта мектебінде – 444, Үшарал негізгі мектебінде 40 оқушы білім алады. Тұрғындардың тұрмысы жақсы, әлеуметтік мәселелері оң шешімін тауып отыр. Жақында ғана осы ауылдық округтің әкімі Дархан Байымбетовпен жолығып, ауылдың тыныс-тіршілігі жайлы сұрастырғанбыз. Әрине, ең алдымен елдің амандығы ғой сұрайтынымыз. Көктемгі су тасқыны кезінде округке қарасты елді мекендерді су алып кете жаздағаны есімізде. Әкім биыл күзде Талас және Аса өзендері арқылы келген суды шабындықтарға, жайылымдықтарға жайып алғандығын айтты. Осы бастан келер жылдың суын ойлап арық-атыздарды, каналдарды дайындап жатқандарын да хабардар етті. Негізінде ауыл тұрғындары мал өсірумен айналысады. Алдағы уақытта малды бордақылап, оны нарыққа шығару да жоспарларында бар. Өйткені үкіметтік бағдарламалармен асыл тұқымды мал сатып алғанда қойылатын басты шарт сондай – сапалы ет өндіру. Ауыл әкімінің бізге берген мәліметіне қарағанда, «Сыбаға» бағдарламасы аясында, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан, «Керімбай» шаруа қожалығының төрағасы Әмірбек Өмірзақов 17,3 миллион теңге несие алып, 3 бұқа, 98 сиыр, «Жолдыбай-Ата» шаруа қожалығының төрағасы Саят Жолдыбай 23,7 миллион теңге несие алып, 5 бұқа, 125 сиыр сатып алған. Сонымен қатар «Әсем» шаруа қожалығының төрағасы Мейірбек Дүйсенов, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Саудакент» несие серіктестігінен 6 миллион теңге несие алып, оған 224 саулық қой мен 20 қошқар сатып алыпты. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Қуат» шаруа қожалығы 5,8 миллион теңгеге – 18, «Аят» шаруа қожалығы 3,7 миллион теңгеге 13 мүйізді ірі қара, «Ермұқан» шаруа қожалығы 1,8 миллион теңгеге 5 жылқы, жеке кәсіпкерлер Айман Ержанова 3 миллион теңгеге – 8, Мейрамбек Ахметов 6 миллион теңгеге 16 жылқы сатып алып, өсіруде. «Жайылымдарды суландыру» бағдарламасы аясында «Ынтымақ» шаруа қожалығының төрағасы Данияр Жаппаров – екі, «Қуан-Санжар» шаруа қожалығының төрағасы Алпысбай Тамабеков бір құдық қаздыртқан. Ал «Лизингке техника алу» бағдарламасы бойынша «Мақтатай» шаруа қожалығы 1,2 миллион теңгеге ПБМ-800 (Кун) агрегатын алып отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Бірлік» шаруа қожалығының төрағасы Шәрден Жақсылықов шаруашылық жерінде инфрақұрылымды дамыту мақсатында, электр жарығын тарту үшін 24,0 миллион теңгенің жобалық-сметалық құжаттарын жасатып, мемлекеттік сараптамадан өткізген. Алдағы уақытта электр жарығын тарту жоспарлануда. Жалпы, үстіміздегі жылы асыл тұқымды 23 бұқа мен 147 қошқар сатып алынып, 9 шаруа қожалық мүйізді ірі қара және 11 шаруа қожалық қойды асылдандыру бағытында жұмысын жүргізуде. Ауылда тек қана мал санын көбейтіп қана қоймай, отандық ет өнімдерін өндіруге үлес қосып отырған шаруалар да бар екен. Мысалы, биыл облыстағы Меркі ет зауытына «Мақтатай» шаруа қожалығы – 300, «Абылай-Т» шаруа қожалығы 100 қозыны 15 мың теңгеден өткізіп, қосымша 1500 теңгеден субсидия алыпты. Алдағы уақытта осы Меркі ет зауытына тағы да 100 бас қозы өткізу жоспарлануда. Елбасының тапсырмасына орай ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бүгінгі күннің басты мәселесіне айналған. Осыны жете түсінгендіктен, Әбілда ауылында тұратын 21 отбасы бірігіп, «Usharal-Agro-2017» ауыл шаруашылық кооперативін (төрағасы Төленді Еркінов) құру мақсатында құжаттарын рәсімдеп, әділет басқармасына тіркеуге ұсыныпты. Сондай-ақ осы ауылдың тумасы жеке кәсіпкер Сейтхан Құдайбергенов демеушілік көмек көрсетіп, ауыл көшелерін қардан тазартатын, қыстауларға жол ашатын грейдер тіркемесін сатып алып беріпті. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына 1968 мың теңге бөлініп, Тоғызкенттен бір және Әділда ауылының екі көшесі жарықтандырылған. Талас өзенінің Тоғызкент ауылы бойындағы «Жарма» каналынан облыстық құрылыс басқармасы 94,0 миллион теңгеге тоспа жасатып, қосымша 2 шлюз қойып берген. Мұның өзі суды тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек. Жалпы ауылдықтар Елбасының аграрлық сектор – экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс деген тапсырмасын жете түсініп отыр. Болашақта мал өнімдерінен дайын тағамдар жасап, сөйтіп нарыққа шығарсақ деген де ойлары бар. Қолға алса, орындалады ғой.Тоғызкенттіктердің талпыныстары көңіл қуантады.

Сәулембай Әбсадықұлы

Тоғызкент ауылы, Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар