«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауыл микробизнесін және кооперацияны қолдау өз нәтижесін беруде

Ауыл микробизнесін  және кооперацияны  қолдау өз нәтижесін беруде
ашық дереккөз
Ауыл микробизнесін және кооперацияны қолдау өз нәтижесін беруде

Соңғы бес жылда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы ауыл шаруашылығындағы өнім өндірушілерін қаржыландыру көлемі төрт есеге дейін артқан. Қор ағымдағы жылы екі мемлекеттік бағдарламаны – Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы мен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты. Бюджеттік және өз қаржысы көмегімен Қордың Жамбыл облысы бойынша филиалы жалпы сомасы 6 миллиард теңгені құрайтын 1,3 мың қарыз берді. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда өнім өндірушілерді қаржыландыру көлемінің өсімі 1 миллиард теңгеге дейін жетті. Қордың Жамбыл облыстық филиалының несие портфелі 12,6 миллиард теңгеге жетіп, белсенді қарыз алушылардың саны 4,6 мыңнан асып отыр. Осылайша, соңғы бес жыл ішінде несие портфелінің көлемі 5 есеге, белсенді қарыз алушылар – 3 есеге артса, қаржыландырудың жыл сайынғы көлемі – 4 есеге өскен. Қордың негізгі бағыты – Мемлекет басшысының ұсақ шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамытуға қатысты тапсырмаларын орындауға бағытталған. Бүгінгі күні Қордың несиелік желісі «Ынтымақ», «Береке», «Игілік», «Ырыс», «Егінжай», «Кәсіпкер», «Интенсивті бау-бақшаны дамыту» өнімдерін ұсынып отыр. Олар бойынша орташа қарыздар сомасы – 4 миллион теңге шамасы, қарызды өтеу мерзімі – 7 жылға дейін, тиімді сыйақы мөлшер жылына – 6,7%-ға, 2 жылға дейін жеңілдік мерзімі және бар. Қордың несиелендіру бағдарламалары ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін дайындау және сату, отбасылық мал бордақылау алаңдары кооперативтерін құруға және дамытуға арналған. Сондай-ақ құстарды сатып алу және өсіру, отбасылық тауарлы сүт фермалары жұмысын жандандыруға бағытталған. Ауыл шаруашылығы кооперативтері өздерінің негізгі қызметіне – ауыл шаруашылығы өнімін жинауға және дайындауға кірісті. Атап айтқанда, Жамбыл облысының Жуалы ауданында қызмет ететін «Ақсай-2016» ӘКК кәсіпорындарға күнделікті 2-3 тонна сүт жеткізіп отыр. Бұл өңірдегі ең ірі кооперативтердің бірі. Кооператив мүшелері «Ырыс» бағдарламасы бойынша сүтті сиырларды сатып алуға қаржыландырылған болатын. Одан бөлек ол кооператив модульды сүт қабылдайтын нүктесін «Ынтымақ» бағдарламасы бойынша алған. Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы басқармасы коопертивке сүтті сақтайтын тоңазытқыш құрал-жабдығын сый ретінде тарту етті. Осылайша, «Ақсай-2016» ӘКК 370,2 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несиемен қаржыландырылған. Жалпы алғанда Жамбыл облысында Қордың қолдауымен ағымдағы жылда 9 сүт қабылдау пункті, 5 мал сою пункті қаржыландырылып (оның ішінде 1 нүкте қосымша құрал-жабдықпен жарақтандырылған), құс өндірісі бойынша 1 кооператив, 10 жаңа отбасылық жылыжай қаржыландырылған. Бордақылау үшін 11,7 мыңнан астам ірі қара, отбасылық сүт фермасы үшін 7 мыңнан астам сиыр сатып алынды, 4 сүт таситын көлік, 1 шағын-жем цехы және 1 рефрижератор іске косылды. Кооперация форматында интенсивті бау-бақшаны дамыту бойынша 3 жоба қаржыландырылды. Бау-бақшалардың жалпы аумағы 150 гектарға ұлғайып отыр. Барлық қаржыландырылған жобалар толықтай іске қосылған жағдайда жыл сайын шамамен 6 мың тоннадан астам алма түрлерін алу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша белсенді жұмыстар басталғаннан бері бір жылдан сәл ғана асты. Соған қарамастан бүгінгі күні біріктірілген ұсақ шаруашылықтар саны бірнеше есеге ұлғайды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл облыстық филиалының араласуымен биылғы жылы 1165 жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктірген 30 кооператив құрылды. Оларды қаржыландыруға 3,3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Келесі жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен ауылдық жерлердің тұрғындарын қаржыландыру бойынша жұмыстар жалғасын таба беретін болады. Бұл мақсатқа 5 миллиард теңгеден астам қаржы қарыз беру жоспарлануда. Кооперацияны дамытуға бағытталған ауылдық жобаларды, сондай-ақ «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында несиелендіру бойынша жұмыстар жалғаса түспекші.

Ринат Абдуллаев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл филиалының несиелеу бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар