Облыс дихандары жер жыртып, егін егуді ежелден кәсіп етіп келеді. Кешегі колхоз-совхоздар тарағаннан кейін, жеке шаруашылық құрылымдары пайда болғаны белгілі. Оларға мемлекет тарапынан қолдау, көмек аз көрсетіліп жатқан жоқ. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, биылдың өзінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ел қазынасынан – 6,3, облыстық бюджеттен 8,8 миллиард теңге қарастырылған. Осы қомақты қаржының үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейін 11,2 миллиард теңгесі игерілген. Өңірдің ауыл шаруашылығы өнімінің 60 пайызын беретін негізгі сала – егін шаруашылығы. Сондықтан да егіс алқабын тиімді пайдалану ұдайы назарда болуға тиіс. Былтырдан бері 37 мың гектар бос жатқан егіс алқабы айналымға енгізілген. Ол жер бұған дейін неге пайдаланылмады? Тиісті мекемелер қайда қарап келді? Әлі де игерілмей жатқан бос жерлер бар ма? Аудан әкімдерін осы сұрақтар жиі мазалауы керек-ақ.
Өңірдегі агроқұрылымдардың ауыл шаруашылығы техникасымен жабдықталуы да көңіл көншітпейтіндей деңгейде. Қолданыстағы комбайндардың – 50, тракторлардың 40 пайызының пайдалану мерзімі 17 жылдан асып кеткен. Жалпы, 15 пайыздан астам техниканың тозығы жетсе, 10 пайыздан астамын метал сынықтарына өткізу қажет. Осындай техникамен жер жыртып, егін салып жүрген қарапайым еңбек адамдарының жанкешті еңбегінің және Үкімет пен облыс әкімдігінің қолдау-көмегінің арқасында биыл 258,4 мың гектар алқаптан 625,7 тонна дәнді-масақты дақылдар жиналып, орташа түсімділігі бір гектардан 24,2 центнерден айналды. Дәндік жүгері 15,7 мың гектар алқаптан жиналып, жалпы түсімі – 103 мың, 89, 8 мың гектар көлеміндегі майлы дақылдардың жалпы түсімі 62,2 мың тоннаны құраған. Көкөністен де көңіл қуантарлық өнім алыныпты.
Биыл Мойынқұм ауданында жалпы техника санының бір пайызы ғана жаңартылса, егін салуға қолайлы өңір – Жуалы ауданында ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту көрсеткіші 1,9 пайызды ғана құраған. Осы аудандардағы техниканы жаңарту мәселесіне немқұрайдылық танытудың салдарынан бұл орайдағы облыстық көрсеткіш небәрі 3,6 пайызға әзер жетіп отыр. Шаруашылықтардың қолма-қол қаржысы болмаса, лизингке алулары үшін аудандардағы ауыл шаруашылық бөлімдерінің басшылары неге түсінік жұмыстарын жүргізбеген? Бастауын көрші Қырғыз елінен алатын Талас және Шу өзендері облыстың бірқатар аудандарының аумағынан өтеді. Жуалы ауданында ел қазынасынан миллиардтаған теңгеге тартылған «Көксай» каналы тағы бар. Бұдан бөлек ірілі-ұсақты өзен-көлдер мен су қоймалары да аз емес. Солай бола тұра, дихан қауымы жыл сайын судан тапшылық көріп жатады. Дегенмен, облыста су үнемдеу технологиясы 15 мың гектарға жеткен. Келер жылы бұл технологияны қолдану көлемін 18 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Алайда оның игілігін көру барлық ауданда бірдей емес. Облыстың жартысына жуық аумағын алып жатқан Мойынқұм ауданында бірде-бір гектар жерде ондай технология қолданылып отырған жоқ. Өндірісі мен мал шаруашылығы қарқынды дамыған аудан үшін бұл – үлкен сын. Аудан тұрғындары азық-түлік тауарларына Шу қаласындағы базарға сабылмас үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын көптеп орналастыруды қолға алулары қажет-ақ. Ол үшін іргеде ағып жатқан Шудың суын да тиімді пайдаланудың жолдарын қарастыратын мезгіл жетті. Талас және Сарысу аудандарының басшылары да баяғы кеңес заманындағы «шөл және шөлейтті өңір» деген пиғылдан арылып, су үнемдеу технологиясы санын көбейтуді қолға алуы тиіс. «Су үнемдеу» дегеннен шығады... Облыстық әкімдіктің жақында өткен алқа мәжілісінде өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев шетелдердің бірінде таулы аймақта өмір сүретін халық таудан аққан суды мұз қылып қатырып, егістерін жаз мезгілінде сонымен суаратыны интернетке шыққанын еске алды. Облыс басшысы мұны неге айтты? Әрине, «су жоқ» деп алақан жаятын басшылар ойлансын, істің көзін тапсын дегені болар. Кешегі кеңес заманында көрші қырғыз ағайындар Талас пен Шудың суынан «қысып» тастайтын. Сонда да мына іргедегі Байзақ ауданының қызылшашылары рекордтық өнім алып, атағы айдай әлемге әйгілі болған жоқ па?! Дариға Жантоқова бастаған қарапайым еңбек адамдары омырауларына ең жоғары атақ – Социалистік Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын бірінен соң, бірі тақты. Облыс әкімінің көрші елмен арадағы барыс-келістің нәтижесінде кейінгі жылдары Қырғыздың «Киров» су қоймасынан келетін судан шектеу бола қойған жоқ. Қайта, Таластың суының мол болғаны сонша, арнасын жырып қашқан су биыл көктемде Байзақ ауданының бірер ауылына қауіп төндірді. Биыл өсірілген 9548,2 гектар қант қызылшасы алқабының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан агротехникалық іс-шараларды дер кезінде қолданбаудың салдарынан Шуда – 355, Қордайда – 178,6, Т.Рысқұловта – 80 және Талас ауданында 17 гектары жарамсыздыққа ұшыраған. Кейбір басшы азаматтар мұны ауа райының қолайсыздығынан көреді. Біздіңше, бұл – негізсіз. Кеңес заманында өңірдің ауа райы өне бойы тамылжып, мамыра-жай күйде тұрған жоқ еді ғой. Тіпті, ол кезде қызылшашылар бүгінгідей заманауи үлгідегі техникаларсыз, мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаржыға алынатын минералды тыңайтқышсыз-ақ кетпен-күрекпен жер қопарып жүріп, жыл сайын рекорд жаңартатын. Ал бүгінде дақылды егіп, жинау науқаны кезінде негізгі агротехникалық шаралар арнайы техника күшімен іске асырылады. 2016-2017 жылдары қант қызылшасы өндірісін қолдауға облыстық бюджеттен 620 миллион теңге бөлініп, оның 420 миллион теңгесіне тұқым, 200 миллион теңгесіне лизингке арнайы техника алынған. Сонда да қызылша өсірумен айналысатын шаруашылық құрылымдарының қолданыстағы техникалары дақылды күтіп-баптау, жинау жұмыстарына жетпей жатыр. Биыл Шу қаласында құны 150 миллион еуроны құрайтын жылына 100 мың тонна қант өндіретін зауыт құрылысын салу жоспарланыпты. Осы зауыт іске қосылғанда қант қызылшасы алқабының көлемін 30 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады екен. Ендігі мәселе, аталған өндіріс ошағы ашылғанша қол қусырып қарап отырмай, тәтті дақыл өсіретін шаруашылық басшылары, аудандық әкімдіктердің ауыл шаруашылық бөлімдері, басқа да тиісті мекемелер осы бастан дақыл егетін алқаптарын, басқа да дайындық шараларын қолға алғандары абзал. «Арпа-бидай ас екен...» демекші, масақты дәнді дақылдар алқабының да көлемін ұлғайтатын кез келді. Биыл облыс дихандары тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ақ егіс өсіруден аты шыққан Т.Рысқұлов ауданының егін егумен айналысатын шаруашылық құрылымдары алқаптарын одан сайын ұлғайта берсе игі. Қордай, Меркі, Шу, Байзақ, Жуалы, Жамбыл аудандары да өзімізді өз ұнымызбен қамтамасыз ету үшін күш салуы керек сияқты. Сарысу, Талас және Мойынқұм аудандары да өндірісті өркендетумен шектелмей, егін шаруашылығын мықтап тұрып қолға алса дейсің. Арпа мен бидай ғана емес, бау-бақша, көкөніс өнімдерін де көптеп өсіріп, оны облыс тұрғындары тұтынып жатса, оның игілігін өзіміз көреміз.
Aмангелді ӘБІЛ
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді