Шу ауданы шын мәніндегі өндірістік өңірге айналып келеді. Шулықтардың Тәуелсіздік күніне де тартулары мол. Соңғы бірнеше жылдың бедерінде Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен еліміздегі оңтүстік аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру үшін алып жобалар қолға алына бастағаны белгілі. Олардың қатарында ауданымызда құрылып жатқан, аумағына химия өнімдерін өндіретін 16 кәсіпорын шоғырландырылатын «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын атап өтуге болады. Мемлекет басшысы 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында: «Үкіметке Жамбыл облысында құны шамамен 2 миллиард долларды құрайтын кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісін құру жөніндегі жобаны жалғастыруды тапсырамын. Аталмыш тыңайтқыштар ауыл шаруашылығы үшін өте қажет. Жоба Жамбыл облысының және бүтіндей оңтүстіктің экономикасын көтеруге мүмкіндік береді», – деп атап көрсеткен болатын. Міне, осы тапсырмаға сәйкес, халықаралық тауар айналымы белсенділігін арттыру, инвестициялар тартуды жеделдету және интеграциялық экономикалық үдерістер ауқымын кеңейту есебінен серпінді экономикалық өсімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін еліміздегі алты экономикалық аймақтың бірі – ел Үкіметінің шешімі бойынша Қазақстанның Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасына кіретін 29 инвестициялық жобаның бірегейі де осы. Бүгінгі таңда оның құрылысы жүргізілуде. Бастапқы кезде мұнда бұрын-соңды елімізде мүлдем өндірілмеген немесе аз көлемде ғана өндірілген әрі шетелдік және отандық инновация мен ғылыми-техникалық ізденістердің нәтижесінде өмірге келген экономикалық тиімділігі аса жоғары, экологиялық таза 7 өнім түрі шығарылатын болады. Олардың қатарында осыған дейін Қазақстан мен ТМД елдерінде аз көлемде шығарылып келген және соның салдарынан қажетті сұраныс көбінесе импорт арқылы қамтамасыз етілетін каустикалық сода мен хлор, үштекті фосфор өндірілетін болады. Бұл аталған өнімдердің алғашқысы химия, мұнай химиясы, целлюлоза-қағаз, медицина және тамақ өнеркәсібінде, түсті металлургияда, тоқыма кәсіпорындарында және халық шаруашылығының басқа да салаларында кең қолданысқа ие болмақ. АЭА кәсіпорындары жылына 226 487 тоннаға дейін химия өнімдерін өндіріп, олардың жыл сайынғы табысы 86 миллиард теңгеге дейін жететін болады. Оған қоса, химиялық парктің шығарған өнімдері негізінде облыстағы көптеген шағын және орта кәсіпкерлік нысандардың жұмысы жаңаша қарқын ала бастайды. Ал бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақта зауыттың құрылысын жүргізуге 300-ге жуық адам жұмылдырылған. Қазіргі жұмыс жоспары бойынша жалпы құрылыс жұмыстары 2018 жылдың төртінші тоқсанында аяқталатын болады. Айта кету керек, Шу ауданы аумағында салынып жатқан «Тараз химиялық паркі» АЭА сияқты мегажобаның жүзеге асырылуы жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, инфрақұрылымын, халықтың әл-ауқат деңгейін түбегейлі өзгертіп, айтарлықтай оң өзгерістердің туындауына өз әсерін тигізері анық. Олай дейтініміз, химиялық парктегі барлық кәсіпорын толық қуатында іске қосылған кезде, жылына жоспарда көрсетілгендей, табыс алатын болса, ауданда көптеген игілікті істердің қолға алына бастайтыны жасырын емес. Жалпы, таяу жылдары аталмыш экономикалық аймақ еліміздегі химия өндірісінің алып орталығына айналады деп күтілуде. Бұл, сөз жоқ, тәуелсіздігіміздің жемісі. Бұған тек қуануымыз керек.
Әлихан БАЛҚЫБЕКОВ, аудан әкімінің орынбасары.
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді