Жақсылық Үшкемпіров, грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Еңбек Ері:
Ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығы аясында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі саналатын «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен бірнеше адам марапатталды. Оның ішінде даңқты жерлесіміз, грек-рим күресінен 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, «Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Үшкемпіров те бар. Аты аңызға айналған жерлесімізді Елбасы қабылдап, аса жоғары атақпен марапаттаған бетте Жақсылық Үшкемпіровке жедел хабарласып, аз-кем тілдескен едік.
– Жақсылық аға, «Қазақстанның Еңбек Ері» атанғаныңыз құтты болсын! Бұл сіздің өлшеусіз еңбегіңізге берілген әділ баға деп білеміз. Мемлекет басшысы аса жоғары награданы тапсырған сәтте қандай күйде болдыңыз? – Рахмет айналайын! Алдымен туған жердің азаматтарына сәлемімді жеткізіңіздер. Құдайға шүкіршілік етемін. Бәрі де атыңнан айналайын азаттықтың арқасы ғой. Тәу етер Тәуелсіздігіміздің арқасында осындай атаққа лайық деп танылып жатқаныма қуаныштымын. Елбасының мені марапаттап, құрмет көрсетіп жатқаны – спортқа көрсетілген құрмет деп білемін. Әрдайым алақанына салып: «Жақсылығым!» деп аялап келе жатқан еліме ризамын. Ілтипат көрсетіп, құшақ жайып қарсы алып жүретін Жамбыл жұртшылығына, туған жеріме басымды иемін. Бұл марапаттың маған берілгені – қазақ спортының беделі. Менің осындай атақты алғанымды көрген спорттағы іні-қарындастарым, бүлдіршіндер қанаттанатыны, ынталанатыны сөзсіз.
Сол жастар кейін елінің атын әлемдік деңгейде танытып, көк байрағымызды көкте желбірететініне бек сенімдімін. Құдай сол күнге жеткізсін! Бүгін спорттың жұлдызы жанған күн. Хабарласып, құттықтап жатқандарыңыз үшін тағы да рахметімді жеткізгім келеді. – Қазақ «Туған жерге туыңды тік!» деп жатады ғой. Аға, таяуда ғана Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында өзіңіздің туған жеріңіз – Байзақ ауданындағы Дихан ауылына спорт кешенін салып беретініңізді айтқан едіңіз... – «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі». Біз туған жерімізді, ауылымызды көркейту үшін аянбай еңбектенуіміз керек. Елбасы мақаласынан туындаған «Туған жер» бағдарламасының мәні біз үшін тым тереңде жатыр. Дихан ауылына, құтты мекеніме әрдайым қолымнан келгенше қолғабыс етуге әзірмін. Алдағы уақытта спорт кешенін салып беретінім туралы айтқаным рас. Құдай қаласа, ол ойды іс жүзінде жүзеге асыратын боламын. Қасиетті өлкемізден тұлпар мініп, ту ұстайтын, елдің мерейін тасытатын чемпиондар көптеп шықса деп армандаймын. – Жақсылық аға, Елбасының алдында өз арманыңызбен бөліскеніңізді түрлі сайттардан оқып қалдық. Одан өзге де арманыңыз бар шығар. Күллі қазақ сізді қазақ оғландары арасынан шыққан Тұңғыш Олимпиада чемпионы деп қадір тұтады. Дегенмен, өзіңізден кейін қазақ классиктерінен Олимпиада чемпионы шыққан жоқ. Ізімді басқан бір інім шықса деп ойлайтын боларсыз?.. – Әрине, әрине. Мен осы арманның жетегінде келе жатқаныма міне, 37 жыл болды. Құдай қаласа, ізімді басатын, қазақ грек-рим күресінің әлеуетін әлемге танытатын сайыпқыран да ортамыздан шығатын шығар. Сол күнді сіздермен бірге көргім келеді. Ұзақ күттік қой. Грек-рим күресінен алдағы жылдары Олимпиада чемпионы шығып жатса, бұл қазаққа үлкен олжа болар еді. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді