«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Орман – жер сәулеті

Орман – жер сәулеті
ашық дереккөз
Орман – жер сәулеті

Облыс аумағының 4 миллион 430 мың 958 гектарын орман қоры құрайды. Оның 2 миллион 234 мың 141 гектары – орман ағашымен көмкерілген. Басым бөлігі Мойынқұм өңірінде өсетін сексеуіл орман алқабынан тұрады. Басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекемелері ағымдағы жылдың көктем айларында арнайы техника мен адам күшінің қатыстырылуымен 1700 гектар алқапқа 1-2 жылдық ағаш өскіндерін отырғызды. Жалпы, орман көлемін ұлғайту ісі ағаш тұқымын алдын ала дайындалған телімдерге себу арқылы да жүзеге асырылады. Күз айларында 3300 гектар алқапқа 13,2 тонна сексеуіл ағашының тұқымы жиналып, себілуде. Өткен жылдардағы орманды молайту бойынша орындалған жұмыстардың қорытындыларын сараптай келе, басқарманың бастамасымен сексеуіл ағашын тұқымынан себу көлемін азайтып, көшетінен өсіру жұмыстарына басымдық берілуде. Және екпе көлемдерін 2500-3000 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы, облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында 20-дан астам сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлардың арқар, құлан, киік, қарақұйрық, үнді жайрасы, тас сусары, құстардың аққу, бірқазан, ақ құтан, бұлдырық, дуадақ, безгелдек, ителгі, бүркіт, тағы басқа да түрлері бар. Сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарларды сақтау мақсатында, облыс аумағында ерекше қорғалатын «Үмбет», «Меркі» табиғи аумақтары ұйымдастырылды. Сондай-ақ Жуалы, Талас, Жамбыл аудандарының аумағында Қаратау арқарын қоруды күшейту мақсатында, жергілікті мәндегі ерекше қорғалатын қаумал құру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, жабайы тұяқты аңдардың өсімі тұрақталатын болады. Қазірдің өзінде кейбіреулерінің өсімі молаюда. Мысалы, соңғы 5 жыл көлемінде «Қызыл кітапқа» енгізілген Қаратау арқары 11,6 пайызға, қарақұйрық пен үнді жайрасының саны 1,8 есеге молайды. Өңіріміздегі аңшылық алқабының жалпы аумағы 13,9 миллион гектар болса, оның 2,5 миллион гектар аумағы аңшылық алқапты құрайды. Конкурстық негізде аңшылық алқаптарды табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Бүгінде 48 аңшылық алқаптың барлығы табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Қазіргі уақытта аңшылық шаруашылығын жүргізу шартына тұру, жергілікті атқарушы органдарға жүктелгеніне байланысты, олармен қайтадан шартқа тұру іс-шарасын жүргізу басталды. Жануарлар дүниесінің сақталуы ерекше назарда. Ағымдағы жылдың 9 айында мемлекеттік орман қоры аумағындағы жануарлар дүниесін қору мақсатында 608 рейдпен тексеру жүргізіліп, табиғат қорғау заңдарының талаптарын бұзғандарға барлығы 91хаттама толтырылды. 43 заң бұзушыға 918,7 мың теңге айыппұл салынды, заң бұзушылардан 7 қару алынды. Жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағында мекендейтін аң мен құстың 40 түрі қайта есептеліп, сонымен қатар биотехникалық іс-шаралар жүргізіледі. Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарында және учаскелерінде жануарлардың қырылу қаупі төнген жағдайда, оларға көмек көрсету үшін жыл сайын 14 тонна жем, 28 тонна шөп, 11 тоннадай тұз әзірленіп, қосымша қоректендіру мақсатында жануарлар дүниесі мекендейтін ортаға жеткізіліп отырылады. Қорықшылар мен рейдтік топтар қорғаныс және бақылау құралдарымен – дүрбі, бейнетаспа, фотоаппараттармен қамтамасыз етілді. Зиянкес жыртқыш аңдардың санын реттеу үшін 2013 жылдан бастап жергілікті бюджеттен жүйелі түрде қаржы бөлінуде. Яғни 2013 жылы – 355, 2014 жылы – 613, 2015 жылы – 450, 2016 жылы – 522 бас қасқыр мен шиебөрі жойылды. Ағымдағы жылға жыртқыш аңдардың санын реттеуге 5 миллион 48 мың теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 434 бас жойылды. Бұл жерде жыртқыш аңдардың саны, билогиялық тепе-теңдік көлемінің сақталуы мен өсімінің молайуы ескеріле отырып реттелуде. Белгіленген міндеттерді орындау мақсатында, жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарының тізбесі қайта қаралды. Егер, бұдан 10 жыл бұрын бұл тізбеде 50 шақты су айдыны ғана болса, қазір оның саны 115-ке жетті. Қазіргі уақытта осы су айдындары 107 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық ормандар мен жануарлар дүниесі мемлекет меншігі болып табылады және табиғат ресурстарын молайту, қорғау мен күзету, пайдалану ережелері заң аясында әзірленген. Орман ресурстары мен жануарлар дүниесін пайдалану, Қазақстан Республикасының «Салық кодексінде» көрсетілген және жергілікті атқарушы орган бекіткен табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін төленетін ставкалық төлем ақысын төлеу арқылы, пайдалануға рұқсат беретін рұқсат қағаздар бойынша жүзеге асырылады. Табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін төленген төлемақы сомалары, бюджетке түседі. Биылғы 9 айда орман мен жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін бюджетке 90 миллион 335 мың теңге кіріс түсті.

Серік ҚОЙБАҚОВ, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар