Облыс аумағындағы 14426,4 мың гектар жердің 4615,5 мың гектары – ауыл шаруашылығы жері. Оның егістігі – 763,1, суармалысы – 172,9 және жайылымдығы 362 мың гектарды құрайды. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жердің 3225 мың гектарын бүгінде жеке шаруашылық құрылымдары пайдалануда. Өңірде 18294 шаруа қожалығы, 159 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 34 өндірістік кооператив және басқа да 112 ауыл шаруашылық құрылымдары жұмыс істейді.
Кешегі колхоз-cовхоздардың орнын басқан осыншама жеке шаруашылық құрылымдары өңірдегі іргелі сала ауыл шаруашылығын өркендетіп келеді. Әрине, оларға Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет тарапынан қолдау-көмек аз көрсетіліп жатқан жоқ. Облыстық әкімдік те көктемгі егіс-дала жұмыстарына да, күзгі жиын-терін науқанына да, мал азығының берік қорын жасау мен мал қыстату сынды саланың жылдың төрт мезгілінде де толас таппайтын қауырт жұмыстарына қамқорлығын жасап келеді. Биыл қолданысқа енгізілген «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында облыстық бюджеттің өзінен 501420 мың теңге қаралып, бұл қаржы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы игерілген. Бағдарлама шеңберінде биыл облыста 37 ауыл шаруашылығы кооперативін құру межеленсе, бүгінгі күнге олардың саны 48-ге жеткен. Оның ішінде индикативті жоспарға сәйкес, 20 сүт қабылдау пунктімен кооператив құру қажет болса, бұл тұрғыда 23 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. 7 кооператив модульді сүт қабылдау пуктімен жабдықталса, тағы да төртеуі модульді сүт қабылдау пунктін алу бойынша құжаттары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамында зерделену үстінде. Мұнымен қоса, 9 кооператив облыстағы өңдеуші кәсіпорындардың сүт қабылдау танкерлерін келісімшарт негізінде өз меншігіне алып, жиналған өнімді өңдеуші кәсіпорындарға өткізуде. Бұл жөнінде жуырда өткен облыстық әкімдіктің аппараттық кеңесінде де жан-жақты айтылды. Биыл сүт бағытында құрылған кооперативтердің ішінен сегізі 782,2 миллион теңгеге 2815 бас мүйізді ірі қара малын сатып алып, жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, Байзақ ауданындағы «Бірлік-Түймекент», «Ақ-Мол 2017», «Рысты-Мәдімар», Жамбыл ауданындағы «Алтын белгі», Жуалы ауданындағы «Қарасаз – 2017», «Мыңбұлақ – 2017», Т.Рысқұлов ауданындағы «Сұлутөр», «ALA-TAU-AGRO» ауыл шаруашылық кооперативтері жұмыстарын дөңгелентіп алып та кетті. Ет бағытындағы кооперативтің саны 16-ға бір-ақ жетіп, жоспар екі есе артығымен орындалып отыр. Байзақ ауданындағы «Айбек-17», Жамбыл ауданындағы «Бес-Тур», Жуалы ауданындағы «Нұрлыкент», Т.Рысқұлов ауданындағы «Құлан АгроGroup», «Аспан», «Жарлысу», «Береке», Шу ауданындағы «Белбасар–2017» ауыл шаруашылығы кооперативтері бордақылау алаңдарына 765,2 миллион теңгеге 3717 бас мүйізді ірі қара сатып алынды. 2016-2017 жылдары облыс бойынша 3000-ға жуық шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтар бірігіп, 181 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Ауыл шаруашылығының егін және мал шаруашылығы салалары қатар дамыған Тараз қаласының іргесіндегі Байзақ ауданында 44 кооператив құрылып, көш бастаса, тоғыз жолдың торабындағы Шу ауданында мұндай агроқұрылымның 30-ы шаңырақ тіктеген. Бұл орайда үшінші орында Жамбыл ауданы тұр. Мұнда 22 кооператив құрылып, ұсақ шаруашылықтар бірігіп, ұжымдаса тірлік етуге көшіпті. Т.Рысқұловта – 20, Жуалыда – 19, Меркіде – 15, Қордайда 12 кооператив көш түзеген. Талас пен Сарысуда 7-ден, ал мал шаруашылығы дамыған, оның ішінде уақ малы мол Мойынқұм ауданында бар-жоғы 5-ақ ауыл шаруашылығы кооперативі құрылыпты. Әлбетте, «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының екінші бабының бірінші тармақшасында «Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастығы (одағы) – өз мүшелерінің қызметін үйлестіруді және олардың ортақ мүліктік және өзге де мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін құрылған ауыл шаруашылығы кооперативінің ерікті түрде бірігуі» деп атап көрсетілген. Заң талабы бойынша жеке шаруашылық құрылымдарын күштеп немесе басқадай жолмен біріктіруге болмайды. Алайда, аудандық әкімдіктер бас болып, ауыл шаруашылық бөлімдері мен ауыл әкімдері хош көріп, шаруалар арасында тиісті түсінік жұмыстарын белсенді жүргізсе, аталған үш аудандағы көрсеткіш бұдан да жоғары болар ма еді. Мәселен, Сарысу аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сейілбек Дариябеков ауданда 540 шаруа қожалығы тіркелгенін, оның 379-ы нақты жұмыс істеп тұрғанын айтады. Жаңаталап ауылдық округіндегі «Бірлік-Жаңаталап» ауыл шаруашылық кооперативі құрамына 20 ұсақ шаруашылық еніп, тірлік етуде. Жаңарық ауылдық аумағындағы «Жастарға» 4 шағын жеке шаруашылық бірігіпті. Игілік ауылдық аймағындағы «Игілік» өндірістік кооперативі нарықтық қатынастың өтпелі кезеңінде-ақ еңсесін түзеген аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі болатын. Бүгінде оның қатарына 70-ке жуық ұсақ шаруашылықтар топтасып, ынтамақты түрде шаруаларын жүргізуде. Дегенмен, аграрлы аудан үшін 7-ақ ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылуы тым аз. Талас және Мойынқұм аудандарында да өз бетінше күн көріп, шама-шарықтарынша тіршілік етіп жатқан ұсақ шаруашылық құрылымдары жетіп артылады. Уақыт талабына орай олар да бірігіп, қауым болып күй кешсе ұтары көп болар еді. Біріншіден, фермерлердің бірігуінің нәтижесінде еңбек өнімділігі еселеп артып, нарықта өнім тапшылығы азаяды, оқтын-оқтын шарықтап кететін азық-түлік бағасы тұрақталады. Екіншіден, іріленген шаруашылықтарға мемлекет тарапынан берілетін түрлі жеңілдіктерге қол жеткізу жеңілдей түседі. Үшіншіден, пайдаланылмай жатқан егістік жерлер игеріліп, өнім түсімділігі артып, егін шаруашылығы дамиды. Былтырдан бері облыста бос жатқан 37 мың гектар алқаптың айналымға енгізілуіне өңірде кооперативтердің көптеп құрылуының да әсері бар. Кеңес заманында барлық аудандарда дерлік шағын колхоздар бірігіп, ірі шаруашылықтарға айналды. Кеңестік немесе ұжымдық шаруашылық болсын – олардың арасынан атағы жер жарған колхоз-совхоздар шығып, аграрлы өңірдің тарихына алтын әріптермен жазылып қалды. Байзақта – «Трудовой пахарь», Мойынқұмда – «Айдарлы», Жуалыда – Ленин, Сарысуда – «Түгіскен», Таласта – «Талас», Шуда – «Далақайнар» шаруашылықтары табыстың тайқазанын қайнатып, облыстың ауыл шаруашылығы саласын өрге шығарды. Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Жамбыл аудандарынан да атағы дүрілдеген небір колхоз-совхоздар шықты. Қоғамға нарықтық қатынас енісімен жаңа заман, жаңа қоғам талабымен құрылған жеке шаруашылық құрылымдары табыстың кілті бірігіп, ұйымдасып тірлік ету екенін сезінді. Сезінді де іске кірісті. Оның үстіне 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ұйымдасып, қауым боламыз деген шаруаның айын оңынан туғызды. Әлі де «кооперативке бірігеміз» деген шаруашылық құрылымдарының мүшелеріне көмек-қолдауды барынша көрсете беру керек-ақ.
Aмангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді