Төрткүл дүниеге тамыры терең тарихымен танымал Тараз келешекте көрікті де көзтартарлық келбетімен де тамсандырмақ. Себебі, алдағы уақытта облыс орталығында 14 және 15-ші қос шағын аудан бой көтереді. Мұнымен қоса, Төле би, Абай көшелері мен Жамбыл даңғылдарын біріктіретін көпір салынып, орталықтағы ескі, аз қабатты үйлер бұзылып, орнына 25 қабатты ауқымды тұрғын үй кешендері салынатын болады. Сүлейменов, Пушкин, Комратов көшелері кеңейтіліп, көптеген заманауи ғимараттар тұрғызу көзделіп отыр. Ал Талас өзенінің маңы демалыс аймағына айналмақ.
Тарқатып айтар болсақ, облыс орталығындағы Сүлейменов көшесінің соңынан соғылатын, аумағы 362,2 гектар 15-ші шағын ауданында шамамен 32 мың адам қоныстанады. Жоба бойынша жалпы 857,8 мың шаршы метрді құрайтын 10285 пәтерлі, көп қабатты 302 тұрғын үй бой көтеретін болады. Бүгінде мұнда инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелер жүргізілуде. Ал автостансаның оңтүстігінен орын тебетін 14-ші шағын аудан 15600 тұрғынға есептеліп отыр. Аумағы – 100 гектар. Жоба 4 функционалдық аймақтан тұратын болады. Тұрғын үй аймағында 6, 9, 12 қабатқа дейінгі, 5460 пәтерлі 49 үй болмақ. Медициналық аймақта қалалық аурухана, 500 орындық емхана, балаларға арналған оңалту орталығы, 200 орындық онкологиялық аурухана тұрғызылады деп күтілуде. Білім нысандарынан 1200 орындық екі мектеп пен 250 орындық 3 балабақша соғылады. Қонақ үй, мейрамхана және ВіgBox форматында гипермаркеттер салу да қарастырылған. Демалыс аймағына айналғалы отырған Талас өзенінің маңында келешекте амфитеатр, ойын-сауық, демалыс орындары, эсплананда сынды көру алаңы, шомылатын алаң болады. Жоба сараптамадан өткен соң, алдағы жылы қаржы бөлу жағы қарастырылмақ. Бұл жөнінде Тараздағы «Достық» үйінде өткен қалақұрылысы кеңесінде жан-жақты айтылып, сарапқа салынды. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов ашып, жүргізіп отырған жиында әр жобаның жетекші архитекторлары кеңес мүшелеріне өз жұмыстарын егжей-тегжейлі таныстырды. Кеңесте сонымен қатар, тек Тараздың ғана емес, Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласының да «шебер-жоспары» талқыланды. Келер жылдан бастап жүзеге асуы тиіс жоспарда темір жол стансасының маңынан логистикалық орталық жабдықтап, автобус стансасын темір жол стансасына көшіру, Жібек жолы көшесіне жақын көп қабатты тұрғын үйлердің бірінші қабаттарынан сауда алаңдарын жасау, осы көше бойынан ерекше желекжол (бульвар) мен заман талабына сай серуендеу алаңын жасау, Әулиеата көшесіне жаңа «Шығыс базарын» салу қаралған. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары бұл кеңестің алғашқы отырысы екендігін, алдағы уақытта әр жоба жеке-жеке талқыланып, білікті мамандардың ұсыныстары мен пікірлері ескеріліп, қайта қаралатындығын айтты. Тараздың түрлене түсуіне атсалысу – әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз екендігін, сондықтан бұл мәселеге немқұрайды қарамауды ескертті.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді