Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану үшін облыстың қолайлы табиғи-климаттық жағдайы мен энергетикалық әлеуеті ескеріліп, соңғы алты жылда аймақта күн, жел, су электр стансаларының құрылыс жұмыстары белсенді түрде жүргізілді. 2010 жылға дейін бұрыннан қолданыстағы жаңартылатын энергия көздері нысандарының қуаттылығы 1,5-2 МВт құраса, бүгінгі күні орнатылған қуаты 118,7 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 9 нысаны электр қуатын өндіріп, өз жұмысын қалыпты атқарып тұр. Олардың ішінде Меркі ауданында «Гидроэнергетикалық компания», «Ремкомстрой», Т.Рысқұлов ауданында «Жамбыл ГЭС-і», Шу ауданында «А&TЭнерго», Қордай ауданында «Vista international», «Ветроинвест», «Изен су», «КазЭкоВатт», Жуалы ауданында «Бурное Солар-І» ЖШС-ларының су, жел, күн электр стансалары бар. 2016 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясының көлемі жалпы өндірілген электр энергиясының көлемінен 266,0 миллион кВт/с-ты немесе 9,3 пайызды құрап, жоспардағы 7,6 пайыздан асып 1,7 пайыздық өсімге қол жеткізілді. 2017 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша өндірілген көлем 225,83 миллион кВт/сағатты құрады немесе жалпы өндірілген көлемнің ішіндегі үлесі 11 пайыз болды. Қазіргі таңда облыс еліміздің өңірлері арасында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша үздік танылуда. 2017-2020 жылдар аралығында жалпы қуаты 247,0 МВт-ты құрайтын бірқатар жаңа жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Меркі ауданында қуаты 18 МВт болатын Меркі каскады су электр стансасы («Таrаz Green Power Jenko» ЖШС), Шу ауданында қуаты 5 МВт «Тасөткел» су электр стансасы («А&Т Энерго-А» ЖШС), Т.Рысқұлов ауданында қуаты 24 МВт күн электр стансасы («Aquila Solar» ЖШС), Т.Рысқұлов ауданында қуаты 100 МВт күн электр стансасы («А&Т Энерго-А» ЖШС), Жуалы ауданында қуаты 50 МВт-ты құрайтын «Бурное солар-2» күн электр стансасы жобасының 2-кезеңінің құрылысы («Samruk Kazyna-United Green» ЖШС), Шу ауданында қуаты 50 МВт күн электр стансасы («Sun Solutions Kazakhstan» ЖШС) салынбақ. Аталған жобалар болашақта іске қосылғанда облысымызда бұл тұрғыдағы көрсеткіш шамамен 365,7 МВт электр қуатын құрайтын болады. Елбасымыз 2013 жылғы 30 мамырдағы №577 Жарлығында «2013-2020 жылдар аралығында мемлекеттің негізгі басымдығы ресурстарды пайдалануды оңтайландыруды және табиғат қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылымды құру болады» деп нақты атап көрсеткен болатын. Жаңартылатын энергия көздері нысандарын облыс аумағында одан әрі қарай іске асыруға қызығушылық танытып отырған инвесторлар саны күннен-күнге артуда. Сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздерін енгізудегі бастапқы тәжірибесі мол және алдыңғы қатардағы Қытай, Франция, Үндістан, Ресей секілді, басқа да мемлекеттердің инвесторларымен келіссөздер жүргізіліп, өзара тығыз қарым-қатынас жалғасуда. Бұл – болашақтың энергиясы. Сондықтан да осы жұмыстардың барлығы да елдің игілігі, болашақтың, келер ұрпақтың қамы деп ұғынуға тиіспіз.
Нұржан ЕРЕЖЕПОВ, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының электр энергетика, энергоүнемдеу және энерготиімділік бөлімінің бас маманы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді