Қаттылығы мен қамырлылығы еліміздің солтүстік өңірлерінде өсірілетін бидайдан кем соқпайтын «Қарасай» сұрыбын көптеп егуді қолға алатын кез жетті
Егін шаруашылығында екі күннің бірінде жаңалық жасаса артықтығы жоқ. Өйткені, жер-ананың жемісін жеу үшін оның күтімі, экономикалық тиімділігі, тозбауы басты назарда болуы керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдігі, «ҚазАгроИнновация» АҚ, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты облыстық филиалы және Қазақ су шаруашылығы ҒЗИ ұйымдастырып, өткізген «Ауыл шаруашылығы өндірісіне-инновациялық технологиялар» тақырыбындағы «Егінжай күні» ғылыми-тәжірибелік семинар-кеңестің мақсаты да сол. Бұл басқосудың Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауындағы: «Жаһандық ауылшаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болды. Жермен жұмыс істейтіндер алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек» деген тапсырмасынан туындағаны айтпаса да түсінікті.
Іс-шара тәжірибелік алқапқа орналастырылған масақты дақылдар сұрыптарымен, олардың шығымдылығымен танысудан басталды. Бұл міндетті мойнына алған ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Рақым Оразалиев басқосуға арнайы қатысқан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа масақты дақылдың әр сұрыбының өнімділігі, шығымдылығы, экономикалық тиімділігі туралы жан-жақты баяндап берді. Білгеннің айтқаны – бір төбе, жарты ғасырдан астам ғұмырын осы салаға арнаған ғалым бидай сұрыптарын Қазақстанның әр аймағында өсіру жолдарына кеңінен тоқталды. Әрине, облыс аумағында өсіруге болатын масақты дақылдың күтімі, агротехникалық талаптар мәселесі де ескерусіз қалған жоқ. – Біз семинар-кеңесте лайықты сипаттама берілген масақты дақылдарды облыстың климаты жағдайына қарай аудандастыруды ойластырамыз, – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев журналистер сұрақтарына қайтарған жауабында. – Қазіргі нарықтық экономика жағдайында дақылдың суармалы, тәлімі, тіпті шөлейтті аймақтарда өсірілуі, оның агрономиялық сипаттары қатаң ескеріледі. Бүгінгі басқосудың да мақсаты осы. Сондықтан, мамандарымыз өз өңірлерінде бидайдың немесе арпаның қандай сұрыбын өсіруге болатынын ойластыра беруі керек. – Біз семинар-кеңесте лайықты сипаттама берілген масақты дақылдарды облыстың климаты жағдайына қарай аудандастыруды ойластырамыз, – деді облыс әкімі Кәрім Көкрекбаев журналистер сұрақтарына қайтарған жауабында. – Қазіргі нарықтық экономика жағдайында дақылдың суармалы, тәлімі, тіпті шөлейтті аймақтарда өсуі, оның агрономиялық сипаттары қатаң ескеріледі. Бүгінгі басқосудың да мақсаты осы. Сондықтан, мамандарымыз өз өңірлерінде бидайдың немесе арпаның қандай сұрыбын өсіруге болатынын ойластыра беруі керек.
Тәжірибе алқабындағы ауылшаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптары мен будандары көздің жауын алғандай жайнап тұр. Олардың 13 сұрыбын облыстың әртүрлі өңірлерінде өсіруден ұтпасақ, ұтылмайтынымызды ескертті ғалым. Жамбыл облысы жағдайында суармалы егістен мол өнім алу мүмкіндігі бар. Дегенмен, судың басқа дақылдарға қажеттілігін де ескеру керек. – Бидайдың қаттылығы мен қамырлылығы еліміздің солтүстік өңірлерінде өсірілетін бидайдан бірде-бір кем соқпайтын «Қарасай» сұрыбын көптеп егуді қолға алатын кез жетті. Біз бидайдың бұл түріне будандастыру мен аудандастырудың үлкен тәжірибесін жасадық. Сондықтан ауыл шаруашылығы ғылымындағы бұл жетістікті өндіріске батыл енгізуге ұсыныс жасай аламыз, – деді Рақым Алмабекұлы. Үнемдей білу үрдісі қай мәселеге болса да қатысты. Әсіресе, әлемдік тәжірибеде суармалы су туралы сөз қозғағанда мұның маңыздылығы жоғары. Қазақ су шаруашылығы ҒЗИ бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нұрлан Балғабаев басқаратын ұжым өндіріске ұсынған суарудың тиімді тәсілдері осыған дәлел болды. Институттың Бесағаштағы тәжірибе алқабында ғалымдар суарудың 4 түрлі тәсілін жүзеге асырып жатыр. Оның ішінде жер бетімен суару бұрыннан белгілі, тәжірибеде бар. Ал, жер астымен және тамшылатып суарудың тиімділігі туралы институттың бөлім меңгерушісі А. Калашников «Судың үнемделуі – ауылшаруашылығының тұрақты дамуының факторы» деген тақырыпта жасаған хабарламасында ғылыми және тәжірибе түрінде дәлелдеп берді. – Тамшылатып суару өнімді 2-2,5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Александр Афанасьевич. – Бұл жеміс-жүзім шаруашылығында дәлелденіп отыр. Оның алғашқы шығынынан еш қашпау керек, есесіне нәтиже жемісті болады. Ол арнайы қондырғы арқылы құбыр бойымен алқапқа салынатын судың өсімдік тамырына тікелей барып жететінін тәжірибе жүзінде көрсетті. Ылғалдылықты сақтау, су ысырабына жол бермеу, суару жиілігі, электр қуатын үнемдеу туралы да айтуды ұмытқан жоқ. Алқап суаруда пайдаланылатын құбыр мен түтіктердің бағасы, қорытындысында алынатын өнімнің өзіндік құны шыққан шығынды ақтайтыны да айтылды. Ғылыми-тәжірибелік семинар-кеңестің теориялық бөлімін ашып, жүргізіп отырған облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаев масақты дақылдардың, оның ішінде бидайдың, жаңа сұрыптарын шығаруда отандық ғылымның жетістіктері жақсы екенін атап өтті. – Біз ғылым жаңалықтарын жатсынбай, оны өндіріске енгізіп отыруымыз керек. Теория мен тәжірибенің ұштасуы өмірлік қажеттілік. Сонда ғана жоғары көрсеткіштерге жол ашылады. – Мұратбай Сматайұлы осылай деп барып, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Серік Кененбаевқа сөз берді. «Оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақта АӨК-нің тұрақты дамуы үшін ауылшаруашылығы дақылдарын өндірудің жаңа инновациялық технологиялары» туралы кең ауқымда сөз сөйлеген ғалым қазіргі егіншілікті әртараптандырудың тиімділігін баса айтты. Ол тұтынуда үлкен сұранысқа ие егіншілік тауарларын мол өндірудің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды. – Экологиялық таза өнім өндіру – уақыт талабы. Бірақ, солай екен деп органикалық және минералдық тыңайтқыштарды қолдануды тіптен азайтып жіберуге болмайды. Олардың құрамында егіншілік өнімділігін арттырумен қатар адам ағзасына қажетті элементтер бар екенін ұмытпайық. Ерекше есте сақтауға тиісті мәселе – ауыспалы егіс. Жер құнарлылығын арттыру үшін аса қажетті тәсіл тәжірибеде қолданылуы керек. Біз табиғи заңдылыққа қарсы тұра алмаймыз. Ендеше ауыспалы егіс егіншіліктің ажырамас бөлшегі екенін ешкім жоққа шығармайтын шығар. Мен экологиялық таза өнім өндіру дегенде егіншілікті әртараптандыру, тыңайтқышты мөлшерлі жағдайда пайдалану және ауыспалы егіс туралы тағы баса айтқым келеді, – деп түйіндеді сөзін Серік Барменбекұлы. Алқалы жиында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жанашырлықпен ой айтқандардың бірі ғалым Рақым Оразалиев. Ол, әсіресе, масақты дақылдарды будандастырудағы ғылыми жетістіктерді Қазақстанның климаттық жағдайына қарай аудандастырудың өндіріске тиімділігін ғылыми негізде тілге тиек етті. Асыраушы саланың негізгі бөлігі саналатын егіншіліктің мал шаруашылығын дамытуға да тигізетін әсері зор. Өйткені, мал азығындық жем-шөп өндіру егіз саланың қатар дамуы үшін маңызды. Егіншіліктің осы бір ерекшелігі басқосудың мәнін ашып тұрды. Ендеше оған қатысқан басшылар, мамандар және шаруа қожалықтары жетекшілері семинар-кеңесте айтылғандарды тәжірибеге ұластырып, өндірісте қолданып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жатса, нұр үстіне нұр. Алқалы жиында алға қойылған мақсат осы.
Болат ЖАППАРҰЛЫ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді