Құрманбек ӘЛІМЖАН, «Ақ жол».
Елбасы еліміздің агроөнеркәсіп саласы алдына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірілген өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру міндетін алға қоюмен келеді. Оны жүзеге асыру үшін ет бағытындағы ірі қара малын өсірушілер санын еселеу, жалпы мал шаруашылығын табысты жүргізу мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020», «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары түзілген болатын. Етті ірі қара өсірудің кең көлемді жобасы жүзеге асырылып, өңірде бірқатар бордақылау алаңдары, репродукторлық, фермерлік шаруашылықтар құрылды. Солардың бірі – «Медет» шаруа қожалығы бүгінгі таңда облыстағы экспортқа бағытталған асыл тұқымды етті мал өсірумен айналысатын санаулы агроқұрылымдардың қатарында.
Оның бүгінде 2700 бас еділбай қойы, 200 жабы жылқысы және 750 қазақы ақ бас сиыры өсімге қойылған. Негізінен қазір Ноғайбай ауылдық округіндегі Жалаңаш, Қосқайнар, Қашқын аталатын күздеу, қыстауларда бағылып жатқан бұл малдың барлығы асыл тұқымды. Онда шабындығы мен жайылымын қосқанда, жеті мың гектардан астам тәлімі жер, қоражайлар бар. Ал, Степное ауылдық округіне қарасты Арал ауылындағы жабық базаларда қазір 2500 бас ірі қара бордақыда тұр. Жаңа жылға дейін мұнда бір мезгілде семіртілетін мал саны үш мың басқа жеткізілмек. Қожалық бұл жерден биыл мың тоннаға дейін сиыр етін өндіріп, сатуды көздеп отыр. Кеңестік кезеңнен қалған Георгиевка кеңшары тауарлы-сүт фермасының орнында жаңа кешен бой көтерген. Ескі фермадан екі баз, бұрынғы сүрлем орлары, жемшөп қоймасы тигені болмаса, басқаның бәрін соңғы жылдары қожалық басшысы Кенжебай Тілеубердиев өз қаражатына жаңадан тұрғызды. Әрқайсысы 750 басқа арналған, қабырғалары қалың, едені бетондалған, қымталған шатырлы жаңа төрт баздың үшеуінде мал бордақыланып жатыр. Ұзынынан төрт қатарда байланған бұқаларға азық арнайы жабдықталған шағынтрактормен таратылады, су алдындағы астауға түтікпен беріледі. Көңі қолмен тазартылып шығарылады. Мұндағы семіртіліп жатқан малдың арасында тірідей салмағы, тіпті, бір тоннадан асатын ірілері де кездеседі екен. Осылай қоңдылығы жеткендері шетінен етке жіберіліп, орнына жас бұқашықтар әкеліп қойылуда. Бас-аяғы 400 миллион теңгеге салынған бұл мал бордақылау кешеніне жұмсалған қаражаттың 30 пайызын мемлекет субсидия түрінде өзіне қайтарып берген. Өткен жылы төрт жүз тонна етінің сату ақысынан бөлек, мемлекеттен 60 миллион теңге субсидия да алған.
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Энергиясы ешқашан азаймайды
- 4 желтоқсан, 2025
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




