Бүгінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне зор міндеттер жүктеліп, сенім артылуда. Қолдау, көмек те бар. Міне, осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, шетел нарығында қазақстандық брендті қалыптастыру кезек күттірмес міндетке айналып отыр. Ол үшін шикізат өңдейтін ірі кәсіпорындар, агроқұрылымдар, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру ісін қолға алып, жұмысын жүйелеуге тиіспіз. Сондай-ақ, иесіздіктен игерілмей, сортаңданып, арамшөп басып жатқан егістік алқаптарын қайта қалпына келтіруді де ұмытпағанымыз жөн. Соңғы жылдары қарапайым қала, ауыл тұрғындары жаппай кәсіпкерлікке бет бұрып, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» секілді түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алып, мал, егін өсіріп, шаруаларын тіктей бастады. Соның нәтижесінде ауылдарымыздың да әлеуеті арта түсті. Бүгінде жер-жерде ашылып, жұмыс істеп жатқан фермерлер одақтарының да негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығының дамуына септесу. Алайда, олар әзірге жұмыстарын уақыт талабына сай үйлестіре алмай отыр. Мәселен, мен өзім басшылық ететін аудандық құрылымымыздың тиісті құжаттары әлі күнге толық дайын етілген жоқ. Әрі шаруалардың басым дені одаққа мүшелікке кіруге аса ынталы емес. Міне, осы жағдайлар жұмысымызға қолбайлау болуда. Ауданымыз негізінен ауыл шаруашылығымен айналысуға қолайлы аграрлық өңір. Кеңестік кезеңде мал саны жөнінен республикамызда алдыңғы қатардағылардың бірі болдық. Ол тұста ауданымыздың бір өзінде қой саны жарты миллионға жетіп жығылатын. Қазір де осы межеге жуықтап қалдық. Жалпы, ауданда 800-ге тарта шаруа қожалығы бар. Олар уақ малмен қатар ірі қара малы басын да көбейтуде. Алайда, ең бір өкініштісі, өңірімізде мал өнімдерін ұқсатып, өңдейтін кәсіпорын жоқ. Өнімдердің барлығы да тұтынушыларға арзан бағамен шикізат түрінде өткерілуде. Уақ шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіріп, ірілендіру жөніндегі тапсырма да баяу жүзеге асырылуда. Ауданның негізгі екі шаруашылығына тиесілі «Көсегенің көк жоны» деп аталатын Қаратау жотасында 10 мың гектарға жуық егістік алқабы бар. Бағзы кездері осыған қоса Талас, Аса өзендерінің бойындағы мыңдаған гектар егістік алқаптары игеріліп, жүгері, жоңышқа егіліп, өсірілетін. Міне, осы байлығымызды үстеп, елді берекеге кенелтетін егістік жерлер бүгінде иесіздіктен тозып, жері сорланып, тек үштен бірі ғана игерілуде. Елбасы өзінің биылғы халыққа Жолдауында еліміздегі айналымнан шығып қалған 600 мың гектар егістік алқабын қалпына келтіруді тапсырғаны белгілі. Алайда, бұл мәселенің ауданымызда әлі күнге қолға алынбай отырғанын түсінбейміз. Біз, Берікқара ауылдық округіне қарасты елді мекендердегі шаруалар шамамыз келгенінше егінімізді егіп, шөбімізді орып күн көрудеміз. Ауылда шамамен 80-ге тарта дөңгелекті трактор, 50 шақты жүк көлігі бар. Алайда бұл техникаларымыздың дені ескі. Қаратаудың жотасына егін егуге әлі де қауқарсызбыз. Себебі, Аралтөбеге баратын тау жолы өте қиын. Техникаларымыз Арбатас асуынан өте алмайды. Ал Қасқабұлақ ауылына апаратын айналма жолдың ұзақтығы – 65 шақырым. Бізге астық тасымалдау да өте қымбатқа түседі. Сондықтан аудан басшылары тауға шығатын асудың кей жерлерін ыңғайлы етіп, тасты жарып, көлік жүруге ыңғайлап берсе, біз ондағы 5 мың гектар жерді игеруге бар күшімізді салар едік. Әзірге шарасыздықтан Жуалы ауданының дихандарымен бірігіп, шамалы егістік алқабын ғана игеріп отырмыз. Қорыта айтқанда, жоғарыдағы мәселелер жергілікті жердегі билік өкілдері тарапынан оң шешімін тапса, сауда сөрелерінен шетел тауарларын ысырып тастап, жергілікті жерде өндірілетін өнімдеріміздің «қазақстандық брендін» қалыптастыруымыз үшін алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуіміз қажет. Фермерлер одағының жұмысы жандандырылуы үшін бұл өте керек іс. Біз біріксек қана жетістікке жетеміз. Өйткені береке – бірлікте.
Сейсенбек ІЗЕТБАЕВ, облыстық фермерлер одағы аудандық филиалының төрағасы. Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді