Жайылма ауылында тұрады
Неміс басқыншылары тұтқиылдан соғыс ашқанда Адамбай бар-жоғы 16 жаста еді. Әкесі «халық жауы» болып, ату жазасына кесілген. Сондықтан оны аудандық әскери комиссариат майданға қанша сұранғанымен жібермеді. Бірінші, «халық жауының» баласы, екінші, 18-ге толмаған. Оны бірден колхоздың егін алқабына жөнелтті. «Қалай болғанда да батыстағы қиян-кескі ұрысқа бару керек, әкемнің жазықсыздан-жазықсыз «халық жауы» атанып, атылып кеткенін ерлігіммен ақтап алуым керек» деп белді бекем буған ауыл баласы өзі сияқты соғысқа сұранып жүрген жастарды жинап, майданға аттанудың жолдары туралы жоспар құрады.
Қайткен күнде де облыс орталығына жетіп алулары қажет. Арғы жағын көре жатады. Осындай шешімге келген 30 бозбала жаяу-жалпылы сол кездегі Жамбыл қаласына тартады. Бірнеше күн жол жүріп, шаршап-шалдығып әрең жеткен жастардың жанарлары жалын атып тұрды. Аудандық әскери комиссариатты айналып өтіп, бір қиырдан Отан қорғауға сұранып келген жігіттердің қажыр-қайратына, жігеріне, ең бастысы отансүйгіштік қасиеттеріне тәнті болған облыстық әскери комиссар «Мынадай жалындаған жастарымыз барда сөзсіз жеңіске жетеміз» деп, майданға аттандырып жіберді. Адамбай Баймаханов қып-қызыл майдан жүріп жатқан батыстан емес, қиыр шығыстағы шекара заставасындағы Алматыда жасақталған қосалқы атқыштар полкінен бір-ақ шықты. Алайда, мұнда да тыныштық жоқ еді. Шекарада Жапон армиясымен бірнеше рет кескілескен шайқасқа қатысып, ел шебін бұзып өтуге жанталасқан жаудың талайын жер жастандырды. Ерліктің тамаша үлгісін көрсеткен атқыштар полкі сол кездегі ортақ Отанымыздың астанасы – Мәскеу қаласын қорғауға жіберіледі. Осында ол үш рет шабуылға шыққан фашист басқыншыларына қарсы тұрып, ел астанасын кеудесін оққа тосып қорғады. Майдангер қария «темірмен құрсанған фашистердің қару-жарағы сұмдық еді. Бізде оқ-дәрінің өзі жетіспей жататын. Ондайда жаудың қаруын қолға түсіріп, өздеріне ажал оғын себелейтінбіз» деп жорық жолдарын тебірене еске алды. Батыр қаланы қорғау жолында кескілескен шайқаста қазақ, орыс, өзбек, қырғызы бар жүздеген кеңес жауынгерлері ерлікпен қаза тауыпты. От пен оқтың арасынан аман қалған қарт жауынгер майдан даласында мерт болған қарулас-достарын бір сәт еске алып, іштей дұға жасап, рухтарына тағзым етті. Неміс-фашист басқыншылары өз ұяларында тас-талқаны шығып, Жеңіс туы желбірегенімен Адамбай Баймаханов Мәскеу маңындағы қирап, бүлінген қалалар мен деревняларды қалпына келтіру жұмыстарына қалдырылды. Осында әскери қызметін өтеп жүргенде ауылдан оның «халық жауының» баласы екендігін айғақтайтын хат келеді. Отызыншы жылдардағы қызыл қырғында ауылдық кеңестің хатшысы болып еңбек етіп жүрген әкесі Баймахан Қойшығараев «халық жауы» болып, атылып кеткені соғыс аяқталған соң осылай алдынан шықты. Содан қазақ жауынгерін НКВД тергеу мен тексерудің астына алады. Оны соғыста көрсеткен ерлігі үшін алған екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені аман алып қалыпты. Егер сол орден болмағанда жорық жолдарынан кейінгі өмірін түрмеде жалғар ма еді... Елге аман оралған жауынгер туған ауылында мақта шаруашылығын өркендетуде тынымсыз еңбек етті. Одан әрі еңбек жолы Байқадам, Шығанақ совхоздарында жалғасты. Есепші болып еңбек етіп, шаруашылықтардың экономикасының артуына үлес қосты. 1955 жылы Ахан Бекетовамен көңілі жарасып, отау құрды. Бүгінде 89 жастағы қария Құдай қосқан қосағымен 8 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, өсіріп, олардан 48 немере, 10 шөбере сүйіп отыр. – Осы күнге дейін қол қусырып қарап отыра алмаймын. Міне, балаларыма мына үйдің құрылысын салуға қолғабысымды тигіздім. Адамды қара жұмыс ширатады. Дене мүшелерің үнемі қозғалыста болған соң, ауру-сырқау да жоламайды екен. Ептеп шаршап-шалдықсаң алдыңнан «аталап» жүгіріп шығатын немере, шөберелерді көргенде кемпірім екеуміз жадырап сала беретініміз бар. Балалар «ата не арманыңыз бар?» деп сұрап жатады. Ашаршылықты көрдік, қуғын-сүргінді бастан өткіздік, қан-қасап соғыстан аман өтіп, бүгінгі нұрлы заманға жетіп отырмыз. Менде бір-ақ арман, тілек бар. Жатсам-тұрсам құдіреті күшті бір Алладан тілейтінім – елдің амандығы, мынадай мамыражай күнге жеткізген Елбасына денсаулық бере гөр! деймін шырағым, – деді майдангер.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді