«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Теңге қалай қолданысқа енгізілді?

Теңге қалай  қолданысқа енгізілді?
ашық дереккөз
Теңге қалай қолданысқа енгізілді?

Евгений ШАРЫГИН, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының директоры.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің ұлттық валютасы – төл теңгесі енгізілгеніне 24 жыл толады. 1993 жылғы 15 қарашада ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығына сәйкес теңге айналымға шығарылды. Сол уақыттан бастап осы күн Ұлттық валюта күні және Қазақстан Республикасы қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып табылады. Баршаға мәлім, біздің еліміз рубль аймағынан ең соңғылардың бірі болып шықты әрі сол тұста Елбасының төл теңгемізді енгізу туралы қабылдаған шешімі ел тарихындағы шешуші қадам болды. Ұлттық валютаны енгізу нарықтық қатынастардың дамуына және тиімді банктік жүйенің қалыптасуына пәрменді әсер етті. Теңгенің қалыптасуы ел тәуелсіздігінің нығаюының маңызды және құрамдас бөлігі болды. Тәуелсіз ұлттық валюта ғана тәуелсіз ақша-кредит және экономикалық саясатты жүргізуді, сондай-ақ, нақты экономикалық дербестікті қамтамасыз ете алады. Теңге – Қазақстан аумағында бірден-бір заңды төлем құралы болып табылады. Ұлттық валютаның өз белгісі (т) бар. Теңгенің графикалық кескіні «теңге» сөзі басталатын, транскрипциясы «т» дыбысын білдіретін, ежелгі түркі әліпбиінің символы болып табылады. Теңге айналысқа ресми түрде енгізілгенге дейін, ол Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Жамбыл филиалынан Қазақстанның барлық аймақтарына таратылды. Банкноттар қалалар мен аймақтарға автокөліктермен, ұшақтармен және темір жол көліктері арқылы жеткізілді. Ұлттық валюта енгізілетін күні еліміздің барлық облыстары банкноттармен толықтай қамтамасыз етілді. Ақша реформасы жүзеге асырылатын күннің алдында Елбасымыз халыққа елімізде ұлттық валютаны енгізудің мақсаты мен қажеттілігін түсіндіріп, теледидар мен радиодан сөз сөйледі. Ескі ақшаны ұлттық валютаға айырбастау 1993 жылғы таңертеңгі сағат 8.00-де басталып, 1993 жылғы 20 қарашада кешкі 20.00-де аяқталды. Айырбастау 1:500 коэффициенті бойынша жүргізілді. Жұмыс өте көп еңбек етуді қажет етті. Жұмыс күнінің соңында кассалар мен кассалық есепайырысу орталықтарында тиісті өңдеуді қажет ететін үлкен көлемде кеңес рублі жинақталатын. Айырбастау нәтижесінде елімізде 951 миллиард рубль сомасында кеңестік ақша айналыстан алынды. Ескі ақшаны айналыстан алып қана қоймай, жоғары инфляция мен өндірістік көрсеткіштердің күрт төмендеуі жағдайында жаңа ұлттық валютаның тұрақтылығы мен айырбасталымдығын қамтамасыз ету талап етілді. Бұл жол оңай болған жоқ, бірақ экономиканың өсуімен ұлттық валюта да нығая түсті. Бүгін теңге – біздің еліміздің негізгі мемлекеттік нышандарының ішінде өзінің ерекше орны бар, еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы болып табылады. Халықтың теңгеге деген сенімі күннен-күнге өсіп келеді. Оның жинақтау рөлі айтарлықтай өсті, соның ішінде депозит түрінде де. 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, ұлттық валютадағы депозиттер 38,2 пайызға өсіп, облыстың екінші деңгейдегі банктеріне салынған депозиттер көлемінің 62 пайызын құрады. Облыстың екінші деңгейдегі банктері тарапынан ағымдағы жылдың басынан бері берілген барлық кредиттердің 99,8 пайызы ұлттық валютамен берілген. Ұлттық валютаны енгізудің тарихына қайта оралып, теңгенің бірінші банкноттары шетелде – Англияда жасалғанын естеріңізге салғым келеді. Кейін, Қазақстанда банкнот фабрикасы мен монеталық сарай іске қосылды. Осы жерде өзіміздің банкноттар басылып шығарылып, монеталар соғыла бастады. Біздің банкноттар мен монеталарымыз жоғары дайындау және қорғау сапасымен, инновациялық технологияларды пайдаланумен, сонымен бірге өзіндік дизайнымен ерекшеленеді. Бұған біздің банкноттар мен монеталарымызға әртүрлі халықаралық көрмелер мен байқауларда берілген есепсіз марапаттар мен жүлделер куә. 2016 жылдың наурыз айында High Security Printing Europe конференциясында (Бухарест, Румыния), 2015 жылғы 1 желтоқсанда айналымға шыққан номиналы 20 000 теңгелік банкнот 2015 жылдың үздік аймақтық банкноты болып танылды. Сонымен бірге, 2016 жылдың мамыр айында Вашингтонда (АҚШ) өткен Banknote-2016 халықаралық конференциясында бұл банкнот «Валюта индустриясындағы үздік техникалық жетістіктер үшін» (IACA Excellence in Currency Awards) номинациясында финалға шыққан үшеудің бірі болды. Одан басқа, 2017 жылы ірі халықаралық конкурстарда дизайны, қолданылған технологиялар мен монеталардың тақырыптарының маңыздылығы саласындағы жетістіктері үшін Қазақстанның үш бірдей монетасы атап өтілді. 2017 жылғы 24 қазанда Варшавада «The Coin Conference – 2017» халықаралық валюта конференциясында, «Ғарыш» сериясынан тантал орнатылған «Венера-10» күміс монетасы «BEST COIN INNOVATION» (Үздік инновациялық монета) номинациясында ақтық сынға шықты. Сондай-ақ, «Дала қазынасы» сериясынан «Күлтегін» күміс монетасы да «BEST NEW COMMEMORATIVE COIN OR TEST COIN» (Үздік естелік монетасы) номинациясында ақтық сынға шықты. 2017 жылғы 24 қыркүйекте Мәскеуде «Монетное созвездие» халықаралық конкурсында Қазақстанның «Сиқырлы нышандар» сериясынан «Таға» монетасы «Жылдың кәдесый монетасы» номинациясы бойынша 2-орынды иеленді. Бұл тәуелсіз Қазақстан валютасының жеткен жетістіктерінің шағын бөлігі ғана. Алдыңғы жылдарда да теңге банкноттары мен монеталары беделді халықаралық марапаттарды иеленген болатын. Қазақстан Банкі үшін естелік монеталарды шығару пайда табуға арналған жоба емес, мемлекетіміздің тарихын, оның мәдени құндылықтарын, ғылыми-техникалық жетістіктерін дәріптеу әдісі болып табылатындығын атап өту маңызды. Бүгінгі күні қазақстандық валюта құн мөлшері, төлем, жинақтау және айналым құралы ретіндегі негізгі міндеттерін табысты орындай отырып толыққанды ұлттық ақша бірлігі болып қалыптасқанын айта кеткен жөн. Әрине, бұл табысқа қол жеткізуге ұлттық валютаны енгізу туралы уақтылы қабылданған стратегиялық дұрыс шешім мен ақша-несие саясатын сауатты жүргізу негіз болды.

Ұқсас жаңалықтар