САТУШЫ ДА, САТЫП АЛУШЫ ДА ДӘН РИЗА
Қазан айынан бастап әр аптаның сенбісі күні Тараз қаласының Достық алаңында ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесін жұрт асыға күтеді. Өйткені, бастапқыдай емес, әр жәрмеңке сайын мұнда ағылатын адамдар қарасы арта түсуде. Соған сай саудаланатын тауардың түрі мен мөлшері, тіпті, сауда қатары да көбейген.
Облыстың он ауданынан бірдей жеміс-жидек пен көкөніс, ет, сүт өнімдерінен бастап, қажетті азық-түліктің барлық түрі саудаға нарық бағасынан 10-20 пайыз арзанға өткерілетін жәрмеңкеге, оны ұйымдастырған облыс басшылығына жұртшылық дән риза.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметінше, бұл жолғы сауда-саттыққа жалпы құны 61,2 миллион теңгені құрайтын 127,4 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылған. Атап айтқанда, 16 тонна ет (жылқы, сиыр, қой, шошқа және тауық еті), 10,2 тонна сүт өнімдері, 5 тонна шұжық өнімдері, 4 мың дана жұмыртқа, 5 тонна қарақұмық, 5 тонна күріш, 5 тонна қант, 3,5 тонна өсімдік майы, 1,5 тонна балық, 2 тонна бал, 1 тонна кондитерлік өнімдер мен 2 тонна макарон өнімдері, 0,2 тонна тұз, 1 тонна кептірілген жеміс және 66 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.
Әсіресе, Жуалыдан арзан бағаға жеткізілетін картоп саудаланатын жүк көліктері маңында жұрт қарасы үнемі қалың. Сондай-ақ, бұл жолы базарларда 350 теңгеге сатылатын, ал жәрмеңкеде 180-200 теңгеге ұсынылған алманы көтере сатып алуға ниеттілер көп болды.
Айта кету керек, облыстың тауар өндірушілері өз тауарларын жәрмеңкеде делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатады. Нәтижесінде, тауарлар құны нарық бағасынан анағұрлым арзанға түседі. Осылайша, жәрмеңкенің пайдасын саудагер де, сатып алушы да көріп отыр.
Мұнда сауда-саттықтан өзге мәдени-көпшілік шаралар да назардан тыс қалмауда. Алаң төрінде облыс өнерпаздары әннен шашу шашып, келушілерді көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып жатса, жергілікті атқарушы билік пен демеушілер әлеуметтік топ санатындағы азаматтар мен жалпы жұртшылыққа ыстық тамақ ұйымдастырған. Бұл жолы жалпы саны 250-ден аса адамға арналып дастархан жайылды.
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді