«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мектебімізде жаңа жоба қолға алынды

Мектебімізде жаңа жоба қолға алынды
ашық дереккөз
Мектебімізде жаңа жоба қолға алынды

Без-имени-1Халқымыз «Туған жерге туыңды тік!» деп бекер айтпаған. Туған өлке – өткеніміз бен келешегіміздің алтын қазығы. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы туралы сөз қозғауында үлкен мән жатыр. Себебі, Президент айтқан, біздің ұлттық мәдени кодымыздың негізі де – осы ел мен жер. «Бағдарламаның мәні неде?» деген сауалға, мәні – «Туған жердің» рухани жаңғырудың өзегі екенінде деп нақты жауап бере аламыз. Себебі, ол еліміздің болашағы – жастар үшін рухани дамудың бағдаршамы іспеттес. Бұл бағдарламаның тұжырымдамалық негізгі мұраты – өскелең ұрпақты, туған өлкені, жерді, ауылды қастерлеу арқылы елін сүюге, жалғыз Отанымыз – Қазақстанды сүюге тәрбиелеу. Ал тәрбие ісіне – ата-анамен бірге ұстаздар да жауапты. Сондықтан, біздің ұжым Елбасы ұсынған бағдарламаның мән-маңызын жас жеткіншектерге түсіндіру әрі оның басым бағыттарын жүзеге асыру мақсатында «Дараланған дарындар» атты мектеп түлектерімен кездесу өткізді. Бұл шара «Туған жер» бағдарламасын іске асыруды көздейтін «Бүгінгі түлек – ертеңгі тірек» жобасы аясында ұйымдастырылғанын айта кетуіміз керек. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, мектеп оқушыларының бойында туған жерге, білім алған мектебіне деген құрметтерін қалыптастыру үшін кездесуге мектепті 2004 жылы бітірген Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті облыстық департаментінің бөлім басшысы Дархан Егеубаев және 2011 жылғы түлегіміз, «Ақсұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Абзал и К» жеке кәсіпкерлігінің директоры, «АК снапгруп» ЖШС-ның атқарушы директоры Абзал Есіркепов шақырылды. Кездесуде мектеп түлектері балалық шақтарынан естеліктер айтып, 10-11-сынып оқушыларымен емен-жарқын сұхбаттасты. Бүгінгі қол жеткізген жетістіктері білім мен еңбектің арқасында келгенін, сол себепті талмай еңбек етіп, білім алып, іздену керек екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде жас өнерпаздар қонақтарға арнап ән мен биден шашу шашып, мектеп-гимназия директоры Дариға Жұмаділова қонақтарға ризашылығын білдіріп, естелік суреттерді табыс етті. Елбасымыз айтып өткендей, туған жері – кіндік қаны тамған өлкесіне атбасын бұрмайтын азамат болмайды. Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлер, шенеуніктер, зиялы қауым өкілдері бар. «Туған жер» бағдарламасында осындай жандармен кездесу ұйымдастыру көзделген. Осы арқылы мектептер мен жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байытуға мүмкіндік туады. Қысқаша айтқанда, бұл жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналмақ.

Шолпан Еркінбекова, Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясы директорының бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар